Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан батысты бетке алып, жол жүріп келеміз. Жол бастаушымыз – Нұртас Қуатбаев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы. Жол бойы ауданның ауыл шаруашылығын дамытудағы бетбұрыс жайлы айтып келеді. Сонау көз ұшында ағараңдаған қыстаулар бірте-бірте жақындай түсті. Қора-қопсының айналасы трактордың, мәшине секілді техниканың неше түріне толы. Әдемі шатырланған еңселі үйдің белдеуінде жараулы аттай қос тұлпар қаңтарылыпты. Бірі – қазақы ою-өрнекпен көмкерілген ер-тоқым салынған, қазақтың ер қанатына балаған кәдімгі жирен төбелі, екіншісі – шетелдік “Тойота” мәшинесі. Ауыл іргесінде жазғы сағымды далада жүзген кемедей болып көрінетін түйелер жайылып жүр. Әріректе отар-отар қой да көрінеді. Көлігіміз үй жанына тоқтай бере мойнына фотоаппаратын асынған Айзада қарындасымыз ауыл көрінісін, қайнаған тірлікті сыртылдатып түсіре бастады.
– Бұл аудандағы белгілі шаруагер Сейітжан Балжігітовтің ауылы, – деді Нұртас Қуатбаев пен Ерболат Елеусінов бір-бірімен жарыса сөйлеп. – Әне, өзі де келе жатыр...
Қора жанына тау-тау болып үйілген көңді күн сәулесіне жағылысқан күрегімен әлдебір жерге тасып жүрген жап-жаңа трактор кабинасынан секіріп түскен жас жігіт арсалаңдап бізге қарай адымдап келеді.
– Ассалаумағалайкум, ағалар, ауылымызға хош келдіңіздер, – деп күректей қос қолын ұсына берген Сейітжан шаруагер бәрімізді үйіне қарай бастады. Үй мұржасынан бураның шудасындай желкілдей ұшқан қою түтін көрінбесе де ішінен ерекше бір жылылық сезіледі. Буы бұрқырай піскен сүр еттің иісі танауды қытықтайды. Жастары бір-бірімен шамалас екі кішкене ұл құдды күнде көріп жүрген ағалары келгендей қуанулы. Кезек-кезек кіп-кішкентай қолдарын ұсынады. Қабырғаға жапсарлата қойылған әдемі жиһаздың сөресі мақтау қағаздары мен дипломдарға, алғыс хаттарға толы екен. Шетінен көз жүгірте қарай бастадық. Түрлі-түсті үлкен теледидарда Қазақстан жаңалықтары беріліп жатыр. Терезе жақтауына ілінген ұялы телефонға әлдебір нәрсе жалғанып тұр. Бұрын көзге түспеген таңсық нәрсе. “Бұл, не болды екен?” деп ойымыз сан-саққа жүгірді. Телефонға қуат беріп тұр-ау, дегенге тоқтасақ та, электр желісіне қосылатын жалғамасы көрінбейді.
– Күннен қуат алатын батарея ғой, – деді Сейітжан ойымызды оқып тұрғандай. – Осындай батареяның үлкен түрін шопандарға беріп қойдым. Өзімде де бар. Ауылымыз орталықтан қашықтау болса да табиғи газ желісін жүргізіп алдым. Сөйтіп, келіндеріңізді от жағу, күл шығару әлегінен құтқардым. Ұялы байланыстың, қалалық телефонның қызығын көріп отырмыз. Шаруа қамымен кейде ауылдан тым-тым алысқа ұзауға тура келеді. Сондай кезде “Turaia” спутниктік байланыс телефонын пайдаланамын. Бір артықшылығы, бұл телефонның даланың тарам-тарам соқпағынан жолыңды таба алмай адасқанда, не тұманды күндері барар жеріңе бағыт берер компасы бар...
Сейітжанның шаруа жайынан сыр тартып отырмыз. Үш мыңға тарта асыл тұқымды қойы бар екен. Әрқайсысының ұзын саны 200-ден асатын түйе, сиыр және жылқы түліктері тағы бар. Ұсақ малдарды төрт отарға бөліп бағады екен. Таяуда асыл тұқымды шаруашылық мәртебесі беріліпті Сейітжанның “Достан ата” аталатын қожалығына. Әрине, мұндай мәртебе кез келген шаруашылық құрылымына оңайлықпен беріле қоймайды. Жыл сайын желіге бота-құлын байлайды. Түйе сүтінен тонна-тонна шұбат дайындайды. Биыл 40 түйе сауылыпты. Түйені негізінен Сейітжанның келіншегі сауады. “Осынша түйені екі адам болып бір сағатта сауып бітіреді” дейді Сейітжан келіншегінің әбжіл қимылына ризашылығын жасыра алмай. Шұбат пен қымызды, артық малының етін аудан орталығында әр сенбі сайын өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкесінде саудалайды.
– Мемлекет тарапынан көп көмек көріп отырмыз, – дейді Сейітжан Балжігітов шаруашылығының өркендеу барысынан сыр суыртпақтап. – Жыл сайын асыл тұқымды еділбай саулығының әр басына берілетін субсидиялық қаржының еңсемізді тіктеуге септігі мол. Түркіменстаннан сүтті 40 аруана сатып алғанбыз. Ресейден бал татыған сүті мол бие әкелгенбіз. Тым жақсы жерсінді. Батыс Қазақстан облысындағы “Бірлік” АҚ-тан асыл тұқымды еділбай қойын алып тұрамыз. Сиырды ет бағытында ұстаймыз. Ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеу институттарымен мал тұқымын асылдандыру жөнінде тығыз байланыс орнаттық. Жақында лизинг жүйесімен 5 “Беларусь” тракторын сатып алып едім. Енді “КамАЗ” көлігін тіркемесімен алуды ұйғарып отырмын. Жиырма мың гектардай жерімізден қысқа пішенді өзіміз дайындаймыз. Оған техникамыз да, адам күші де жетеді.
Жасы әлі 40-қа толмаса да шаруаның жайын жақсы білетін, 24 адамға тұрақты жұмыс тауып беріп отырған жас жігітке: “Сенімен шамалас жігіттердің қалада тұруы, жылы орында отыратын жұмысты таңдайтыны қызықтырмай ма?” дейміз Сейітжанға әңгіме арасында.
– Бала күнімнен малға жақын өстім, – дейді шаруагер жігіт. – Әкем Қапан қажы мен анам Ырыстыдан өрбіген 13 ұл-қыздың он біріншісімін. Кеңшар жұмысынан қолы босамайтын әкеміз бәрімізді де кішкентайымыздан адал еңбекке баулыды. Әкем бізге жаз бойы шалғы, орақпен шөп шаптыратын. Сонда “Кеңшардың техникасы тұрғанда, әкемнің бізге шөп шаптырғаны несі екен?” деп ойлаушы едім. Ешкімнің ала жібін аттамауды жадымызға мықтап тоқуға тәрбиелеген әкемнің адал еңбекпен тапқан нанның тәтті болатынын бала кезден ұғынсын дегенін кейін түсіндім. Шүкір, әкемнің сол тәрбиесінен жаман болмадық. Қиындыққа төзуге, оны жеңе білуге талпындық.
Шаруагер жігітпен қоштасып, Құлсарыға бағыт алып барамыз. Ал шаруагер жігіт қайтадан трактор рөліне отырып, қыс қамындағы күнделікті тірлігіне кірісті. Жаз жайлауға, қыс қыстауға шопандармен бірге көшіп-қонып жүретін Сейітжан Балжігітов қазақ тарихының соңғы көшпендісіндей көрінгенмен, өркениетті тұрмыстың бар игілігін пайдалана білген бүгінгі заманның кейіпкері.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
Атырау облысы,
Жылыой ауданы.
Суретте: бүгінгі замандағы шаруагер Сейітжан Балжігітов және оның қыр басындағы қыстауы.
Суретті түсірген Айзада ДОЛЫБЕКОВА.