Елімізде жұмыссыздықты төмендету, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмысын түзеуге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму, «Жол картасы» және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары аясында көптеген жаңа кәсіпорындар пайдалануға беріліп, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етуде. Бұған облыс жастарының бастамасымен өмірге жолдама алған «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы да елеулі үлес болып қосылуда. Соның өзінде жұмыссыздық мәселесі толық шешіліп кете қойған жоқ. Елбасының тікелей тапсырмасымен дайындалған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасында осы бір күрмеуі қиын күрделі мәселені оң шешуге бағытталған кешенді шаралар қарастырылған. Сондықтан да бұл бағдарлама халықтың көңілінен шығып, жұртшылықтың кең қолдауына ие болып отыр. Еңбек рыногындағы өзекті мәселелерді шешіп, индустриялық саясатты жүзеге асыруда еңбек күшін оңтайлы пайдалануға мүмкіндік, жұмыссыздықпен күреске серпін беретін жаңа бағдарлама үстіміздегі жылғы 1 шілдеден бастап жүзеге асырыла бастады.
Ресми деректерге сүйенсек, облыста кедейшілік деңгейі 3,1 пайыз, ал жұмыссыздық 5,0 пайызды құрайды. Бұл еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда жаман көрсеткіш емес. Алайда, бұл көрсеткіштердің деңгейін мейлінше төмендету бағытындағы жұмыстардың қарқынын бәсеңсітуге болмайды. Сондықтан да облыста жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды жүйелі жүргізуге қатаң талап қойылуда. Облыс орталығында және аудандарда жұмыспен қамту орталығы құрылып, ғимаратпен қамтамасыз етілді. Олар бағдарламаны жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың төрағалығымен, жаңа бағдарламаның жүзеге асырылуына жауапты басқармалар, жұмыспен қамту орталықтары басшыларының, аудан әкімдері орынбасарларының және бағдарламаға қатысушылардың қатысуымен өткен жиында осы бағыттағы жұмыс барысы тағы бір пысықталды.
Өз бетінше жұмыспен айналысушыларға, жұмыссыздарға және табысы аз адамдарға арналған бағдарлама үш бағыттан тұрады. Биылғы жылы бірінші бағыт – тұрғындарға кәсіптік білім беру және қайта даярлау бойынша 500 адамды қабылдау көзделген. Қазіргі таңда қадрларды қайта даярлау ұйымдастырылатын техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары келісілді, сұранысқа ие 29 мамандық анықталды. Мемлекеттік тапсырыс аясында олар 12 мамандық бойынша оқытылады. Қазіргі таңда тегін оқып, мамандық игеруге 90 адам тілек білдірген. Оқу аудандардағы кәсіптік лицейлер мен қаладағы кооперативтік, техникалық, көлік коммуникация және жаңа технологиялар колледждерінде кестеге сәйкес тамыз-қыркүйек айларында басталады.
Оған қоса, 3200 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу, оның ішінде 1200 адамды жалақыны ішінара субсидиялау арқылы әлеуметтік жұмыс орнына орналастыру жоспарланған. Жұмысшылар субсидия есебінен айына 26000 теңге жалақы алатын болады. Осы кезге дейін 208 адам әлеуметтік жұмыстарға орналастырылды. Аудандарда аз қамтылғандардың, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткендердің және жұмыссыздардың тізімдерін жасау жалғасуда.
Бағдарламаның екінші бағыты бойынша ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу аясында 120 адамға өз ісін ашу үшін 1 млн. теңгеден барлығы 120 миллион теңге көлемінде шағын несие қарастырылған. Кәсіпкерлік негізін оқытуға да 120 адамды жолдау жоспарланып отыр. Бірақ, әзірге кәсіпкер болуға 69 адам ғана талаптанып отыр.
Ал, үшінші бағыт бойынша экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден даму көрсеткіштері жоғары аудандарға көшуге 26 отбасы тілек білдіріпті. Жоспар бойынша 104 отбасы көшірілуі тиіс.
Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова жиынды қорытындылай келіп жалпы бағдарламаны іске асыру үшін облыс бойынша 446,5 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінгенін, енді бұл бағыттағы жұмыстарды ширата түсу қажеттігін қадап айтты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.