05 Тамыз, 2011

Шоққарағай «Сыбағалы» болды

445 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жыланды тауының құт-қойнау омы­рауына қос-қатар орналасқан Қошқар­бай мен Кеңөткелге жолы түскен кісі­нің табиғат сұлулығына, тұрғын­дары­ның ұйыған ынтымағы мен жарасымды тіршілігіне сүйсінбей кетуі мүмкін емес. Кешегі-бүгінгі тәлім тарихы қа­тар өрбіген Қошқарбайда дүйім жұртты аузына қаратқан атақты Дүйсен би Есенкелдіұлы, Кеңөткелде бал үнді Бал­қадиша дүниеге келген. Ауылды жа­ға­лай жүгірген қайыңдар керім­сал­дың үлпілдегіне орамалын желпілдетіп үн қосқанда, қалың қорған қарағайлар қабағын ашып-жауып теңселгенде құ­лақ­қа Ақан серінің назды да сазды, әсемқоңыр әні жетіп, жандүниең желпініске түседі. Қос аққудай таранған егіз ауылдардың ізгілікке із ашар ниеті мен пейілі қасиетті Түркістанда жерленген би бабаның ақ батасымен  өркен ұзарт­са, бүгіндері 104 жасты жағалатқан Құдайберген Құсайыновтың тәбәрік тілектері әр көкіректі өрге сүйреп жат­қан­дай толқисың. Әзиз жазушылар Жанайдар Мусин мен Мәди Хасенов көзі тірісінде осының бәрін тебіреніс тізбесіне енгізген. «Әттең» дейсің! Бүгінгі­нің жыры бөлек шығып тұр ғой... Жырдың басты бұрмасы мен екпіні – еңбек. Кеңөткелдің шаруасын Дулат Тілеуов бастаған жігіттер дөңгелентіп отырса, Қошқарбайда Қайыркен Ха­сеновтің жаңашыл қадамдарына қол соғасың. Ел газеті «Егемен Қазақстан» барын салғанымен, жақсылықтың бәрін жариялауға орын таба алмай жататыны бар. Осыған да қуанасың. Біз де ба­ры­н­ша ықшам жазуға талпынып, Қошқар­бай­дағы «Шоққарағай» шаруа қожалы­ғы­н­ың қадамдарынан үлгі тартпақпыз. Сәрсенбінің ала таңында ауылға рес­публикалық басылымдардың 12 жур­налисі сау ете қалдық. Жолбас­шы­мыз агроөндірісті несиелендірудің республи­ка­лық «Сыбаға» бағдарламасының үй­лес­тірушілері. Сапар мақсаты да онша жетісіп тұрған жоқ. Қожалыққа жыл басында берілген қаражаттың  қалай жұмсалып жатқанын байқастау. Қанша сыпайылағаныңмен, астарында тексеріс жатыр ғой. Бірақ, Қайыркен қонақ­тарын ашық-жарқын, жадыраңқы кө­ңіл­мен қарсы алды. Оған негіз бар сияқты. Табиғатынан салмақты жігіт ар­тық әңгімеге бармағанымен, «Шоққа­ра­ғай­дың» шоқтығы биіктігін сезіп тұрмыз. Осыдан он бес жыл бұрын әжеп­тәуір дәрежедегі шенеунік санатындағы Қайыркен Хасенов ауылға оралды. Бұл бір қиын-қыстау кезең еді. Дағдарыс қыспағындағы Қошқарбайдың қабағы түсіңкіреп, оның үстіне Жыландының етегін өрт шалып, жүдеп қалған. Түсіне жиі енетін Мәди ағасы да «мұның қалай?» дейтіндей. Жас маман жанын салды. Іштен де, сырттан да қолдаған ниеттестері көтеріп кетті. Осы 15 жылда 26 жаңа үй, заманалық мектеп, еңселі мешіт, наубайхана мен дүкен, көптеген қора-қопсы салынды. Ауыл­дас­тарға жұмыс табылып, аузы аққа жарыды. Қайыркен 2006 жылы «Шоққара­ғай» атауындағы шаруа қожалығын құрған екен. Мұның себебін өзі ашып айтпағанымен, бұрынғы инвесторлар ауқаттанған ауылдың дәулетіне көз аларта бастаған әдет шығарғанын түсі­ніп тұрмыз. Тәжірибелі басшы жұмыс­қа құлшына кірісіп, өз арбасын тиімді әрі еркін сүйрей білді. Ауыл шаруа­шы­лығы өндірісін әртараптандыруды мақ­сат санайтын ол 1000 гектар егістікті күтіп-баптаумен шектелмей, еттік және сүттік бағыттағы мал шаруашы­лығын дамытуды көздеуде. Республикалық «Ауыл шаруашылығы несие корпора­циясы» АҚ бұл жобаны қолдап, 8 миллион 820 мың теңге қаражат бөлді. Несиенің шарты да қолайлы. Қожалық бұл қаржыны 6 пайыздық үстемемен жеті жылда құтылуы керек әрі алғашқы екі жылда несие жарғысынан боса­ты­лады. Қазір шоққарағайлықтар көрші Балқашын ауданындағы асыл тұқымды мал зауытынан қазақтың ақ бас 49 сиыры мен екі бұқа сатып алды. Бұдан басқа, «Сыбаға» бағдарламасымен қо­сым­ша алынған 1 миллион 300 мың тең­геге мал қоралары мен ауылша­руа­шылық техникалары жөндеуден өткізілді. Шаруашылық меншігіндегі бұзау­лар қарасы да көбейіп қалыпты. Сиыр­лар сауылмайды, енесінен жарыған торпақ тез салмақтануда. Оған да көңі­лі толмаған Қайыркен Хасенов алдағы күзде бұзауларды арнайы бордақылау алаңында ұстамақ. Болашақта шаруа­шы­лық «мраморлы ет» алынатын ірі қара санын 500 басқа жеткізуді жоспарлауда. Шаруа қожалығының басшысы аудан әкімі Ербол Сағдиевке де ризашылығын білдіріп жатты. Ендігі жерде «Шоққарағайдың» меншігіндегі шабындық көлемі 500 гектарға жеткізіліпті. Айтпақшы, біз шабындық басын­да болғанымызда механизаторлар биыл 2 жылдық жем-шөп қорын жасауға мүмкіндік барын алдымызға тартты. «Ауыл шаруашылығы несие корпо­ра­циясы» АҚ Көкшетаудағы фи­лиалының директоры Қайрат Шаяхметов журналистерге облыстағы жалпы жағдай туралы әңгімелеп берді. «Қазір 30 шаруашылық 2 миллиард теңгеге жуық несие қаражатына тапсырыс берді, дейді ол. Бүгін 443 миллион теңгенің 23 тапсырысы мақұлданды. Ал, 75 миллион теңге несие бөлінген төрт шаруашылық 364 бас ірі қара сатып алды. Қалғандары құжаттар дайындалысымен қаржыландырылатын болады». Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы, Зеренді ауданы.