Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ әлемнің 20 мың жоғары оқу орындары арасында өткен рейтингте 4082-ші орынға ие болды.
2011 жылдың шілде айында өткізілген рейтингте Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Webometrics мәліметтері бойынша, еліміздегі жоо арасында мұндай орынға ие болған жалғыз университет. 4 601-ші позицияда Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты болса, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 4 897-ші орында.
Webometrics университет сайттарының рейтингін «Laboratorio de Internet» атты испандық зерттеу тобы жүргізеді. Әлемнің 20 мыңнан астам жоо арасында өткен рейтингте университеттегі ғаламтор желісіндегі ғылыми жарияланымдар, әр жоо ғалымдарының зерттеу еңбектері, оларға жасалған сілтеме ескеріледі. Университеттің ғылыми және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі жылына екі мәрте қаңтар және шілде айларында жарияланып тұрады.
Мәселен, 2010 жылдың шілдесінде өткізілген рейтинг қорытындысы бойынша Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ 7891-ші орында болса, тура жарты жыл өткен кезде, яғни 2011 жылдың қаңтарында 5 216-шы позицияға ие болған болатын.
Сонымен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстандағы білім беру саласындағы көшбасшы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. QS World University Rankings рейтингінің мәліметіне сай әлемдегі ең үздік 500 университет қатарынан көрініп қана қоймай, әлемнің 20 мың жоо арасында өткен рейтингте 12 мың позиция бойынша 4082-ші орынға ие болып, рейтинг қорытындысы жаңаланған сайын жоғары сатыға көтеріліп келеді. Бұл – әлемдік ғылыми қауымдастық берген жоғары баға, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдары еңбегінің жемісі, оқытушылар мен студенттер төккен тердің еленгені.
«Егемен-ақпарат».