Газетіміздің жұма күнгі санында норвегиялық «Bike for Peace» (Бейбітшілік үшін велосипед жүргіз) қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен «Семей – Алматы – Астана» бағытымен алғашқы веложорық жоспарланып отырғаны туралы хабар жарық көрген еді. Елбасы Жарлығымен Семей атом полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған бұл шараға қатысушы велошабандоздар Семейден сенбі күні жалпы қашықтығы 2 мыңнан астам сапарға аттанып та кетті.
Осы оқиғаға байланысты Семейдің Абай алаңында қала жұртшылығы көптеп қатысқан салтанатты митинг өткізілді. Онда қала әкімі Айбек Кәрімов бірінші болып сөз алып, еліміз егемендікке қол жеткізгеннен бергі жердегі жаңа тұрпатты мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жер бетінде бейбітшілікті нығайту жөніндегі тың бастамалары әлемдік қауымдастық тарапынан зор қолдау тауып келе жатқанына тоқтала келіп, оның бір көрінісі бүгінгі шара екендігін айтып, жорыққа қатысушыларға сәт сапар тіледі.
Ақын ескерткіші қасында өткен жиында, сондай-ақ жоғарыда аталған норвегиялық қоғамдық ұйымның жетекшісі Торе Наерландға сөз берілді. Ол отыз жылдан астам тарихы бар веложорық туралы әңгіме қозғады.
Ізгі ниетпен алыс жолға шыққан велошабандоздарға қалалық соғыс және еңбек ардагерлерінің төрағасы Рафик Хасенов игі тілектестігін білдіріп, ақ батасын берді. Митингіде қала әкімі тарапынан ел газеті «Егеменнің» «Ұлылыққа тағзым» атты дәстүрлі акциясы туралы да айтылмай қалмаған. Өйткені, биылғы жылдың мамыр айында осы тұрақты акцияның бір топ өкілдері ядролық сынақ аймағының нақ эпицентріндегі Саржал – Қайнар бағытымен жүріп өткен едік. Соған орай бізге де сөз берілгенде осындай игі шараның басқаша мазмұнда және халықаралық деңгейде өтіп жатқанына ризашылығымызды білдірдік.
Велошабандоздар сапар барысында Алматы мен Астананы айтпағанда еліміздің бес облысының тұрғындарымен жүздесіп, әлемдегі ең құнды мәселе бейбітшілік туралы ой бөлісетін болады.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
Семей.