Ұлыбритания астанасы Лондонның солтүстігінде орын алған ойран оңтүстік пен шығыста да бой көтерді. Тұрғындардың ашу-ызасын тудырған жәйт, төрт баланың әкесі 29 жастағы жергілікті тұрғын Марк Даганды полиция қызметкерінің атып өлтіруі.
Қаланың солтүстігінде тәртіп бұзушылар дүкендер мен ғимараттардың терезелерін шағып, жеңіл автокөліктерді өртеген. Сенбі күнгі орын алған тәртіпсіздіктер салдарынан 26 полиция қызметкері жараланып, 50 адам тұтқындалған-ды. Брикстон ауданында жүзге тарта адамнан құрылған топ дүкендерді тонап, өртеумен айналысқан.
Мемоблигация сатып алынуда
Еуропа Орталық банкі жексенбі күнгі жедел консультациялардан кейін Италия мен Испанияны дефолтқа ұшыратпау мақсатында олардың мемлекеттік облигацияларын сатып алу шешіміне тоқталды.
Кешеден бастап ЕОБ Италия мен Испаниядағы қарыздық міндеттемелерді күніне 2,5 миллиард еуро көлемінде сатып алып, осы елдердегі мемлекеттік облигациялар рыногындағы жағдайды реттеп, қаржылық тұрақсыздықтан құтқарып қалмақ. Сарапшылар егер мұны жасамаған жағдайда, еуроаймақтағы жағдай тіпті де нашарлайды деп отыр.
Жапонияда қарсылық шеруі өтті
Жапонияда қазір Нэмуро қаласында тұрып жатқан Оңтүстік Курилдің бұрынғы тұрғындары шеру өткізіп, аралдарды кері қайтару туралы талап қойды. Акцияға қала мэрі Сюнсукэ Хасэгава бастаған мыңға тарта адам қатысқан.
Хасэгава өз сөзінде ресейлік басшылардың аталған аралдарға жиі келе бастағанына наразы екендігін жеткізе келіп, Жапон үкіметінен территориялық проблеманы ертерек реттеуді талап етті. Негізінен Мәскеу мен Токио арасындағы шекара дауы 2010 жылы қарашада президент Д.Медведевтің Курил аралдарына баруымен шиеленісіп кеткен-ді. Ресей Тынық мұхит флотын күшейту үшін Франциядан «Мистраль» десанттық тікұшақ тасығышын сатып алған болатын.
Алтын бағасы артуда
Гонконг биржасында алтынның бағасы унциясына 1,7 мың долларға дейін барды. Жағдайдың бұлайша қалыптасуы әлемдік қор рыногындағы тұрақсыздықтармен байланысты. АҚШ рейтингінің «ААА»-дан «АА+» деңгейіне төмендеп қалуы осы елге қаржы салғандарды алаңдатып отыр.
S&P рейтинг агенттігі АҚШ мемлекеттік қарыз деңгейін көтеретін заң жобасын қабылдап үлгергеніне қарамастан, осы елдің рейтингін төмендеткен болатын. Алайда, АҚШ қаржы министрі Тимоти Гайтнер құнды қағаздарға ештеңе де болмайды дегенді алға тартуда. Оның пайымынша, ел өзінің қаржылық міндеттемелерін толық атқара алады.
Бұрынғы премьер қамауға алынды
Украинада бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенконың үстінен сот процесі басталып, оны қамау туралы шешім шығарылған болатын. Еуропалық одақ, АҚШ, тіпті Ресей тарапынан болған қарсылықтарға қарамай, кеше сот оны қамаудан шығармайтындығын жеткізді.
Ресей мен Украина арасындағы көгілдір отын келісім-шарты дауы әлі бітер емес. Мәскеу Тимошенко кезінде жасалған келісім-шарт сақталуы тиіс десе, Киев үшін газ бағасы тым қымбат. Қарсы жақ онда «Газпром» мен «Нафтогаз» БК құрылуы керек, сонда газ арзандайды дегенді алға тартады. Украина президенті бұған жол жоқ дегенді айтты. Осылайша Ю.Тимошенко ісі бойынша сот процесі ұзаққа баратын сыңайлы.
Король Сирия билігіне ескерту жасады
Сауд Арабиясының королі Абдалла Дамаскідегі елшісін кері шақыртып алып, Сирия басшылығы қантөгісті тоқтатпаса, бұл елдегі жағдайдың Сауд Арабиясы үшін теріс деп қабылданатындығын мәлім етті. Королдің мәлімдемесі Әл Арабия телеарнасынан оқылды.
Сирия басшылығы кеш болмай тұрған кезде жақсылап ойлануы шарт, әйтпесе, дауыл күші құлатады, деп ескерткен Абдалла бұның алдындағы уәде берілген реформалардың іс жүзінде орындалуы қажеттігін алға тартады. Жексенбіде Сирия билігі әскердің күшімен қарсылық көрсетушілерді басу кезінде 50 адам оққа ұшса, бұның алдындағы аптада 150 адам өлтірілген-ді.
Қысқа қайырып айтқанда:
• АҚШ-тың Огайо штатындағы Копли-Тауншип қаласында отбасылық дау сегіз адамның өліміне алып келді. Әзірге полиция алдымен, бір үйдегі бес адамды, артынан, екінші үйдегі тағы үш адамды атып өлтірушінің аты-жөнін айтпай отыр. Өлгендердің арасында 11 жасар бала да бар.
• Францияның Тулузасындағы мешіттердің бірінде ер кісі өзін өзі өртеп жіберді. Терісінің 90 пайызға дейін күйік шалуынан ол ауруханада көз жұмған. Куәгерлердің айтуынша, әлгі кісі имамға дауыс көтеріп, артынан өзіне бензин құйып, от қойған. Жергілікті билік оның жүйке ауруымен ауырғандығын айтады.
• Ресейдің Амур облысында Ан-24 ұшағы қону сызығынан шығып кетіп, апат орын алды. Нәтижесінде, 12 адам ауруханаға жатқызылған. «ИрАэро» компаниясына тиесілі ұшақ қону алаңынан шығып кеткен кезде оның шассиі мен қанаты жұлынып кетіп, қозғалтқышы айтарлықтай зақымданғаны белгілі болып отыр.
• АҚШ-тың Миссури штатының Канзас-Сити қаласында дауылдың салдарынан 50 мыңға тарта тұрғын үй шаруашылықтары электр қуатынсыз қалды. Метеорологтар дауылдың секундына 33 метр жылдамдықпен соққандығын айтады.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.