09 Тамыз, 2011

Күрескер кинотолғау

503 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Бүгіндері Жер-ана жиі-жиі ыңырана ті­тіркенетін болды. Дүлей дауылдар тұр­ғызып, теңіздерді тасытып, әр жерде адам ұясының астан-кестенін шығарып жатыр.Және бұл құбылыс, табиғаттың айрандай бұзылуы барған сайын үдей түсіп үрей туғызады. Бұ дүниеден неге тыныштық кет­ті?! Осының бәрі неден, ненің салдары деген сауалдар кім-кімнің де көкірегінде тұр. Адам баласы осы сауалдарға жауап іздейді. Осының бәрі әлде «Табиғаттың бермегенін тартып аламыз!» деп тепсінген кешегі астамшыл ұрпақ істерінің сал­да­ры ма? Астамшыл адам өзі еміп келген Жер-ана омырауын тепкіледі. Осындай ос­падар әрекеттен Орталық Азия кіндігінде Арал апаты орын алды. Арал апаты іле адам апатын тудырды. «Хабар» арнасы­нан күні кеше жүріп өткен «Жоқтау» филь­мі осындай ойларға жетелейді. Фильм­нің то­лық аты – «Жоқтау. Жиырма жыл өткен­нен кейін». Авторы да, режиссері де – Сергей Әзімов. Деректі қазақ киносының жетекші өкілі. Сергейдің «Жоқтауы» Арал қасіретіне арналған киноэпопеяның бірінші бөлімі болатын. Оны қазақ кө­рермені бұдан жиырма жыл бұрын көр­ген. Фильм 1989 жылы түсірілді. Алайда, осынау апат аймағының перзенті ретінде Сергей (Ол Нөкіс қаласында туған) Арал басына төнген нәубетті тым ерте көре білген еді. Мәскеуде ВГИК бітіріп келе салысымен, ұзатпай болашақ фильм сценарийін әртүрлі инстанцияларға ұсын­ды. Алайда, жас режиссердің жанайқайы кеңестік идеологияға қайшы келді. Сон­дықтан ол идеология бұл идеяны жөр­ге­гін­де тұншықтыруға тырысты. Арал пер­зен­тінің бұ жанайқайы экранға осы бетінде шығар болса, таяқтың бір ұшы қызыл Кремльдің өзіне тиетін еді. Сондықтан да фильмді түсіру тек қызыл режім құлай бастаған 1989 жылы ғана жүзеге асты. «Жоқтау» – аты айтып тұрғандай, шы­нын­да да ажал құшқан Аралға арналған кинореквием болып шықты. Ғасырлар бо­йы омырауы бақ-береке, мейірімге толы Аралды еміп өскен жағалау халқының жоқтауы – солақай саясат құрбаны болған теңіз ананы жоқтауы болып шықты. Арал ананы қылғындырып өлтірген қызыл империя еді. Бұл үкім экранда көтерілген материал астарынан айғайлап тұрды. Деректі фильмнің тұла бойы жағалау халқы­ның жанайқайы еді. Тартылған теңізге тел­мірген халық зары еді. Әсіресе, жаға­лау халқы арасында бала шетінеудің ас­қынуы жайлы түсірілген эпизодтарды тол­­­қы­май көру мүмкін емес... көрерменнің аза бойын қаза етеді... Кішкентайларын ке­бінге орап, кішкентай табытқа салып көтерген ата-аналар... Кішкентай төмпе­шік­ке айналған жүздеген сәби молалары. Әр мола басында қаңыраған – бір бесік. Талбесік. Өмірге келмей жатып өмірден кеткен нәрестелер... Бұдан артық қасірет бар ма? Жаппай дерлік (80 пайыз) (ане­мия­) қан аздыққа шалдыққан аналар. Теңіз­дің көш­кен табанынан көтерілген ақ тұз, дауыл астында тұншыққан егінжайлар, өр­іс­тер. Аппақ сорға айналған сор өлке... Ау­ызсу орнына ішкені у. «Ертеңім не бо­лады» деп үрпиген «еңбегі еш, тұзы сор» пәруа­на жұрт. Айдың-күннің аманында аңырап атажұрттан көше бастаған жыл­дар... боса бастаған жылдар. Осының бәрі «Жоқ­таудың» жұлынды тақырыбына ай­нал­ған. Деректі фильм кезінде советтік идеология бүркемелеген сықпыты кісі шо­шыр­­лық шындықтың, Орталық Азия халқына қарсы жасалған тарихи қылмыстың бет пердесін сыпырған еді, сол сұрапыл шын­дықты жалаңаштап экранға алып шыққан еді. Түсіне білгенге «Жоқтау» тек қана жо­­ғалғанды жоқтау емес, кер кеткен за­манға айтылған ең ауыр қарғыс – халық қар­ғысы болатын. Мінеки, араға жиырма жыл салып арзымас Арал жырын күрес­кер режиссер ел назарына тағы ұсынды. Бұл фильмде режиссер осыдан 20 жыл бұрын экранда көрінген «Жоқтау» кейіпкерлерін іздеп тағы жолға шығады. Жи­ыр­ма жыл ішінде Арал тағдырында да, Арал маңындағы адам тағдырында да айтулы өз­герістер болыпты. Оны біз бұ­рынғы фильмнің бүгінгі көзі тірі кейіпкерлерімен кездескенде көреміз. Егер Арал­­ды құтқа­ру­да теңіздің Қазақстан бө­лігінде ауыз тол­тырып айтарлықтай жаңа­лықтар бо­лып жатса, ажал аузындағы Аралдың Қа­рақалпақстан жағында «бая­ғы жартас сол жартас» күйінде тұрғандай.Бұ жайлы Сергей Әзімов камерасы ал­дында бірнеше қарақалпақ жазушысы ой толғайды. Олар «әл үстінде жатқан» Арал ананы құтқару жөнінде қабылданған талай қау­лы­лардың қағаз жүзінде қалғанын айта­ды. Оның себебі, қарақалпақ жазушы­ларының пікірінше, КСРО құлағаннан кейін Арал тағдырына тікелей қатысты Орта­­лық Азияның бес республикасының бесе­уі­­нің де Аралға жаны ашығанымен, Әму мен Сырдың суын бөлісуге келгенде әр­қайсысы өз мүддесін күйттеп кететіндігі екен. Әму мен Арал суынан бес респуб­ли­каның бесеуі де күн көріп отыр. Алайда, оның екеуі – Тәжікстан мен Қырғызстан Әму мен Сырдың бастауында отырған елдер. Сондықтан да олардың суға қатысты саясаты «қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» деген мәтелді еске түсі­реді. Демек, суды әділ бөлу жайы әлі іске аспай отыр. Бұндай жағдайда Сырдың суын екі республикадан – Қырғызстан, Өзбекстаннан кейін алатын Қазақстанның жағдайы тіпті қиын. Іс жүзінде қазақ ди­қандарының егін-жайына Памирден бас­­талған мол Сыр суының тек қырғыз, өз­бек диқандарынан ауысқаны ғана жетеді екен. Қазақстан шарқ ұрып бұл тығы­рықтан шығу жолдарын іздеді. Ең жоғары деңгейде көршілес республика басшы­ла­рымен талай кездесулер өтті. Бірақ, уә­деге құлақ қарық болғанымен, теңіз суға толмады. Керісінше, күннен күнге, жыл­дан жылға Арал шегірен былғарыдай жиы­рыла берді. Тартыла берді. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев осы тұста шұғыл тарихи шешімдер қабылдады. Мәселені тікелей бақылауға алды. Қазақстан Арал­ды құтқаруда өз күшіне сүйенуге мәжбүр болды. Қолда бар мүмкіндікдер іске қо­сыл­ды. Нәтижесінде, Қазақстан өкіметі ала­қан жайып әлдекімнен көмек күтіп отыра бермей, нартәуекелмен Аралды құт­қару­дың қазақстандық нұсқасын жүзеге асы­руға кірісті. Алдымен, Аралдың Қазақ­стан жағында жатқан бөлігі – «Кіші Аралды» құтқару қолға алынды. Бұл бастамаға да осқырып қарағандар болды. Бірақ, көз қор­қақ, қол батыр. Қыруар күш жұмыл­ды­рылды. Аралды екіге бөлген алып дамбы бой көтерді. Жоба өз-өзін ақтады. Бү­гінде «Кіші Арал» суға тола бастады. Ба­лық шаруашылығы қайта жанданды. Келмеске кеткендей болған теңіз енді сәл кө­те­рілсе 30 шақырым жердегі Арал қа­ла­сы­на да жеткелі тұр. Аралдың бір тұр­ғы­ны ақ шашты анамыз, фильмде, «Өмірге келгенде шомылған теңізім еді... өмірден кетерде де шомылып өтсем арманым жоқ...» деп қалды. Қарапайым ана аузы­нан айтылған бұл арман күллі арал­дық­тардың арманы еді... Сол арман бүгінде ақиқатқа айнала бастағандай. Әл үстінде жатқан алып Аралдың бір бөлігін ортадан дамбы тартып құтқару, қарап тұрсақ, тек Тәуелсіз елдің ғана қолынан келер құ­дірет екен. Бойынан пассионарлық қуаты өшпеген ұлттың қолынан келер қимыл екен. «Кіші Арал» – теңізді күтіп телмірген халыққа Тәуелсіздік тартқан сый демеске лаж жоқ. «Жоқтау. Жиырма жыл өткеннен кейін» фильмі осындай ойға жетелейді. Аралды құтқаруға жұмылған жұрт­тың жасампаз жігерін сезесіз. Арал қаласында балық өңдейтін заманауи зау­ыт іске қосылған. Оны өз қаржысына сал­дыртқан осы өңірдің өз баласы, бүгінде республикаға белгілі кәсіпкер Ұзақбай Айтжанов. Фильмде суармалы шаруа­шы­лықта суды үнемдеудің заманауи әдісі де әңгіме болады. Ол – тамшылатып суару әдісі. Израильде өзін-өзі ақтаған бұл әдіс­ті су­сыз Сыр шөліне алып келіп, жайқал­тып егін егіп, толағай табыс таба бастаған қазақ шаруаларын да осы фильмнен кездестіресіз. Сергей Әзімов фильмі Аралды құтқарудың келешегі бар жолы деп, Әму, Сыр суын үнемдеудің бірден-бір жолы деп осылайша егінді тамшылатып суару әдісін ұсынады. Әму, Сырдың суы үнем­дел­мей, Аралды ажал аузынан құтқару мүмкін емес екені айтылады. Одан да басқа бір жоба болған. Ол – Сібір өзенд­е­рін Аралға бұру жобасы. Бірақ, бұл жоба бүгінде көкжиекте кілкіген сағымдай көз­ден ғайып болып барады. Өйткені – «кісі­дегінің кілті аспанда». Арал тағдыры – шынтуайтына келгенде, Орталық Азияны мекендеген 50 миллион халық тағдыры. Осы ретте «Бес күндігін ойламаған әйел­ден без, бес жылдығын ойламаған ерден без» деген аталы сөзге «Елу жылдығын ойламаған елден без» деген тіркес еріксіз сұранып тұрғандай. Су дауы Орталық Азия республикаларының басын бұ тау­қы­мет төңірегінде түптің-түбінде қосары анық. Лажсыз қосары анық. Бірақ, ол қа­шан? Орталық Азия елдері қосылып, ондай дана­лыққа қол жеткізгенше қай заман! «Жоқтау. 20 жыл өткеннен кейіннің» жал­ғасын арадан елу жыл өткесін де біз­дің ұрпақтарымыз түсіріп жүрмесе неғыл­сын... деген ойлар келеді. Фильм осындай ойларды қозғайды. Бұдан Әзімов филь­мі­нің өңір үшін өзектілігі көрінеді. Фильмде көтерілген мәселелер тек бүгінгі күн­нің ғана емес, күндердің-күнінде біздің ұр­пақтарымыз беттесер болашақтың про­бле­масы екені көрінеді. «Жоқтау» – бү­гінгі қазақ деректі киносының дауысты дабылы. Көл тағдыры, жер тағдыры, ел тағдыры туралы дер кезінде дүңкілдеген дабыл. Фильмнің түсірілуіне Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов қызу қолдау көрсетіпті. Өйткені, Аралдан көтерілген тұзды шаңыт дәмін, ең алды­мен, осы облыстың халқы татады. Эко­ло­гия бұл аймақ үшін жәй сылдыр сөз емес. Экология бұл аймақта әрбір жұтқан ауаң мен суыңнан сезіледі. Ендеше, күреспей көр. Экран өнерінің құдіреті сол, кино тілімен сәтті айтылған жергілікті проблема жылжып барып жаһандық проблеманы қозғайды. Сондықтан да, деректі кино шебері Сергей Әзімовтің Арал тағдырына арналған «Жоқтауы» әлем тағдыры ту­ра­лы ойға жетелейді. Жер-ананы тітіренткен адам астамшылығын еске салады. Жақ­сы­лық­қа қарай адам өзгермей, жақ­сы­лыққа қарай әлем өзгермейтінін еске салады. Смағұл ЕЛУБАЙ.