09 Тамыз, 2011

Туған жерге туыңды тік!

868 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

«Ауылым – алтын бесігім» баспасөз турына қатысушылар осындай тұжырым жасады

Батпаққара – тұнған тарих Қостанай облыстық ішкі саясат басқармасы өткен жылдан бері баспасөз туры жобасын жүзеге асырып келеді. Құрамында журналистер мен үкі­меттік емес ұй­ымдар, саяси партиялар, ғалымдар бар топ біраз ау­дандарды аралап, сондағы эко­номикалық және әлеумет­тік нысан­дарды көзімен көріп, бағасын берді, қалам иелері тәуелсіздік жетістіктерін жұртшылыққа жеткізді. Ендігі сапар облыстың оңтүстік ау­дан­да­ры­на, оның ішінде Аман­гелді, Жангелдин аудандарына арналды. Бұл жоба Арқалық қаласындағы Елена Цвен­тух бас­қа­ратын «Жас ұлан» балалар мен жасөс­пірімдер қо­ғамдық бірлестігімен бірлесіп ұйым­дас­ты­рылды. Об­лыс­тық ішкі саясат басқармасы басты­ғы­ның орын­ба­са­ры Нұрихан Нүгірбеков бас­қар­ған үш күндік сапардың алдыңғы баспасөз турларынан ерекшелігі де бар. «Ау­ы­лым – алтын бесігім» деп аталатын баспасөз турына қа­ты­сушылар әлеумет­тік нысандармен қатар, даланың та­биғи байлық­та­ры мен рухани мәдени мұраларды арала­ды. Жо­баға журналистермен бірге өлке­тан­ушы Қуаныш Орманов, Торғай өңіріне белгілі оюшы, қолөнер шебері Шөптібай Байділдин сарапшы болып қатысты. Амангелді ауданына келген қонақтар алды­мен осындағы әлеуметтік-мәдени нысандарды ара­ла­ды. Аудан орталығында үш балабақша бар. Олар­дың әр­қайсысына 100-150 бүлдіршін барады. «Жұпар» атты балабақша заманауи жабдық­тар­мен жабдықталған. Онда ауыл ба­лалары компью­тердің әліппесін үйре­не­ді. Со­ны­мен қатар дене шынықтыру, ән сабағы, өзін өзі тану пәндері бұ­рынғыдай тәрбиеші­лерге жүктеле сал­майды, балалармен арнайы мамандар жұмыс істейді. – Соңғы жылдары осы үш балабақшаны қалпына келтіріп үлгердік. Бала саны өскен­дік­тен балабақшаға кезек азаяр емес. Алдағы уа­қытта тек аудан орталы­ғы­нан ғана тағы бірнеше мектепке дейінгі мекеме ғима­ратын салуға тура келіп отыр, – дейді аудан әкімінің ор­ынбасары Сабыр­жан Хайруллин. Әрине, бала­бақ­шаға деген сұра­ныс аудан­ның экономикасы мен әлеу­меттік тұр­мысының көтерілгені кепіл бола алады. Аудан халқының саны он сегіз мыңды құрайды. Кеңес Одағы жыл­дарында отыз мыңның сыртында адам тұратын бұл өңір­де. Ал 90-шы жылдары дүркірей көшкен аудан­ның бірі осы Амангелді еді. Міне, енді көш тоқтаған, жұрт орныққан. Бала саны да өсіп жатыр. Аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атында­ғы қазақ орта мектебі 1985 жылдан жөн­деу жұмысын көрмеген екен. Мектеп дирек­торы Гиуаз Әлмағам­бе­товтің айтуынша, бюджеттен 120 миллион теңге бөлініп, екі жылдан бері жөндеу жүріп жатыр. Білім ұясының іші заңғырап-ақ тұр. Ол қыркүйекте 400-ден аса шәкіртін күтіп алады. Облыс орталығынан шалғай аудандағы мектеп қаладағы осындай білім ошақ­тарымен иық тіреседі. Мектеп уақыт талабына жауап беретін заманауи білім жаб­дықтарымен жабдық­тал­ған. Компьютер, интернет бар. Ауыл баласы қалалық құр­бы­ларымен қатар өркениеттің жемістерінен тыс қалып отырған жоқ. Алыстағы ауылдардың жағдайын айтқанда алды­мен ауызға ілінері – ауыз су мәселесі. Ау­дандағы құд­ығы ашып кететін Құмкешу ауы­лы­на 75 миллион тең­ге бөлініп, су құбыры тар­ты­луда. Күзге салым ауыл­дастар таза суға кенелмек. Әкім орынбасарының ай­туына қара­ған­да, рес­публи­калық ауыз су бағдарла­ма­сына ауданнан үш елді мекен кіріпті. Ал шөптің ба­ға­сы жылдағыдан ана­ғұрлым арзанға түспек кө­рінеді. Биыл Амангелді ауданына да жаңбыр жақсы жауды. Даланың шөбі тіреліп тұр. Малы күйлі. Торғай өңірінің басты байлығының бірі оның тарихи мұрасында дер едік. Мұнда елі­міздің тәуелсіздік тарихы жатыр дала төсіне жазылып. Күншілік жер жүріп жететін Жы­лан­шық өзені бойындағы әулиелер мен батырларға қойылған қызыл тамдар (Торғай өңі­рінде қы­зыл кірпіштен салынған кесенелерді осылай атайды), белгілер, жазулы тастар соның айғағы. Бұл қостанайлық археологтарды да ерекше қы­зықтыратын өңір. Мамонттың, алып адамның сүйегінің, қола дәуірі жәдігерлерінің табылуы жердің тарихын тым алыс­тар­ға шығандатады. Соңғы жылдары осы аудандағы Үш тоғай қы­раттарының басынан та­был­ған «Торғай шар­шысы» да ғалымдар мен археологтарды таң­қал­дырып отыр. Батпаққара мен Торғай өңі­рінің тағы бір ерекшелігі, мұнда адамдар та­рихқа ерекше құрметпен қарайды. Әсіресе, аға ұрпақта екінің бірі шежірешіл, құй­мақұлақ. «Ауылым – алтын бесігім» жобасының сарап­шы­сы болып қасымызға ерген оюшы, қол­өнер­ші Шөптібай Байділдин сол шежіре қарттар­дың қолына су құйған адам. Өзі туған жердің әр төбешігі, әр талы туралы ұзақ-сонар әңгіме айтып беруге даяр. Амангелді батыр туының түсі музейде тұрғандай қызыл емес, көкшулан болғанын, ол тудың негізі Қайып хан ұрпақ­тарынан келгенін бір дастан етіп әңгімелейді. Ол мұнымен тоқта­мапты, куәлардың айтуымен өзі сол тудың суретін салып шығыпты. Ал әлі күнге дейін насихаты да жетіспей, тиісті баға­сын да ала алмай отырған трагедиялық тұлға – Кейкі батырмен бірге жүр­гендей әңгіме айта­ды. Баспасөз турына қатысу­шы­лар жергілікті тұрғындармен кездескенде Шө­кең Тор­ғайдың ауыздан ауызға тарап жүретін осындай тари­хын шертіп қана қоймай, дала жә­дігер­ле­рінің сақ­талуы, олар­ды жас ұрпаққа жеткізу мәсе­ле­лерін көтеріп отырды. Ал орысшаға жүйрік Қуа­­ныш Орманов жобаға қатысу­шы өзге ұлт өкіл­деріне Торғай ғана емес, жалпы Тұран да­ла­сы, қола дәуірінің осы даладан бастау алға­ны, әлемдегі бірінші қала Арқайымдағы Күн қала­сының қазақ даласына да қатысы барлығы, алғашқы жылқыны адамзат осы далада үй­реткені туралы терең ғылыми ақпараттар беріп отырды. Амангелді ауданына келген адам кент шетіндегі Сатыбалды ишан кесенесіне соқпай, тәу етпей кетпейді. Бұхарадан діни білім алған Саты­балды ишан ха­лықты дінге ұйытып ғана қойған жоқ, білімді насихат­тады, оларды оты­рық­шылыққа, бау-бақша егуге үй­ретті. 1889 жылы Сатыбалды ишан өмірден озғанда ба­ласы Мырза ишан әкесінің басына Бұхарадан ұста шақыртып, кірпішін тасы­тып, осы кесенені садырады. Дін құқай болып көрінген Кеңес дәуірінде осы кесенені бұзамыз деген екі белсенді пақырдың бірі там­ның үстінен құлап өледі де, екіншісі жүйке ауруына ұшырап қор болға­нын көзкөргендер жыр етіп айтады екен. Сатыбалды ишан жатқан қорымға аштық жыл­дары аштан өлген адам­дарды да тасып жерлеген. Ишан балаларының арасын­да ақын Файзолла ишан­ның есімі елге етене таныс. Фай­золланың қорымға кіре берістегі тасқа қашап жазылған: «Құлаған бәй­те­рек­тей қиян құздан, қош, елім, кетіп барам ара­ңыздан, тілегім үш қайтара сұрай­тұғын, ескеріп тастамаңыз дұға­ң­ыздан», деген бір ауыз сөзінен-ақ ишан бала­ла­рының да қуғын-сүргінді көруін­дей көргенін аңғаруға болады және оның кейінгіге өнегелік күші де тәнті етеді. Амангелді ауданы орталығындағы Амангелді музейі, батырлар аллеясы да бүгінгі ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге қызмет етеді. Бұл аймақта қарға адым жер жүрсең тереңдей беретін тарих. Құмкешу ауылы­ның сыртында 22 әулие тыныстап жатыр. Олардың әрқайсысы халқы үшін қызмет еткен үлкен тұлға. Амангелді отряды мен ақтардың қиян-кескі ұрысы бол­ған атақты Құмкешу шайқасы да осы арада өткен. Осы­ның барлығын да өсіп келе жатқан жас ұрпақ білуі керек. Білмесе, көрмесе олар­дың жүрегіне отандық сезім­нің, патриотизмнің дәнін қалай екпекпіз? Осы ойды мақсат тұтқан «Ауы­лым – алтын бесігім» бас­па­сөз турына қатысу­шылар мінген екі шағын автобус Амангелді кентінен Торғайға – Жангелдин ауданына беттеді.   Музейлер елі Жангелдин – облыс орталығынан ең шал­ғайда жат­қан аудан. Торғай кентінен ауылдар 120 ша­қы­рым­дай алыста жатыр. Қысы боран­ды, жазы ыс­тық, шөл, жолы алыс. Бұл өңірге Жер шарын шимайлап жатқан темір жол түскен емес, заманауи тас жолдың өзі Арқалық қала­сы­мен енді қосыл­ға­лы жатыр. Торғай өзенінің салалары тасыған жыл­дары малға шөп, адам­дарға ауыз су мол бо­лып, жан жадырап қалады. Қатарынан бірнеше жыл өзенге су түспей, табиғат тістің суын жұт­қандай сараңдық көрсе­тетін кездер аз емес. Қазір құрттаған су ішіп отырған Қызбел жұрты соның мысалы. Биыл Торғайда су аздап қана тасыды. Қанағатшыл ауылдастар барға қанағат етіп отыр. Ауыз су бағдарламасы республикада жаңарып жатқан жайы бар. Содан Торғай өңірінің елді мекендері де сыбағалы бола ма деген үміт жоқ емес. Жасыратын несі бар, мұн­да индустриялық-инно­вациялық жобалар қарқын­ды жүзеге асып жатыр десек жұртқа өтірікші боламыз. Ауыл­дағы ағайын тағдыр сыйлаған, бабаларымыз қа­нымен қорғаған шетсіз-шексіз далада өзінің қорадағы малымен күн көріп отыр. Солай болса да көштен қа­лып жатқан торғайлықтар тағы жоқ. Аудан орталы­ғын­дағы музыка мектебі, балуан Таңатқан атын­дағы стадион, барлық ауыл­дардағы спорт залда­ры­ның жұ­мыс істеуі, спорт­­тың бірнеше түрінен жангелдин­дік­тердің об­лыс, республика көлемінде аты шыға бас­тауы әлеуметтік жағдайдың жақсар­ғанынан хабар берсе керек. Жангелдин ауданы жусанды да­ланың өзіндей таза. Облыс аудандары ара­сын­да Жангелдинде ғана есірткіге еліккендер, Жер шарын сескендіретін СПИД, ВИЧ індеті тіркелмеген. Торғайда рухы мықтылар тұрады, өйт­кені Торғайдың топырағы, тарихы, жері де, елі де қасиетті. Оған аудандағы музейлер де куә. Расында, адамға рухани азық беретін мәй­ектің бірі – музей. Жангелдин ауданы орта­лы­ғында қазір Шақ­шақ Жәнібек, Ыбырай Алтын­сарин, Ахмет Байтұрсы­нов пен Міржақып Дулатов, Әліби Жангелдин және Нұрхан Ахметбеков музейлері жұмыс істеп тұр. Ғы­лыми қыз­меткер Гүлбану Сәрсекеева музейді кезегімен аралатып жүріп, тарихымызды қолмен қой­ған­дай әңгімелейді. Қазақ даласы тарихының бірінен бірі қызық, бірінен бірі танымды. Даланың самалындай көкірек көзің ашылып жүре береді. – Бір аудан орталығында бес музей ұстап отырған еліміз бойынша тек Жанкелдин ауданы шығар, – деп тамсанады мұнда келгеннің бар­лы­ғы. Осындай әсерлі лебіз осы жолы да айтылды. – Жан басына шаққанда дүние жүзіндегі ең музейі көп елді мекен Торғай кенті болуы керек, – деп Шөп­тібай ағамыз айды аспанға бір-ақ шығарды. Торғай кентінде бүгінде 8 мыңға жақын адам тұрады. Ал музейдің саны бесеу. Оның сыртында осында қазақ музыкасының бір шыңы Бақытжан Байқадамов туған, оның әкесі, Алаш ардақтыларының бірі Байқадам Қаралдин тұрғыз­ған үйді ақсақалдар бұзғызбай сақтап отырға­ны­нан, тіпті сол үйді қалпына келтіріп, композиторлар музейін ашу туралы ұсыныс жасалғанынан да хабардар едік. Егер ол жүзеге аса қалса музейдің саны алтау болмақ. Торғай кентіндегі музейлерді ретімен аралап шыққан жан халқымыз тәуел­сіздігі тарихына кенелеріне сөз жоқ.   Ахмет туған үй Аудан орталығынан Ахмет Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған Ақкөлге жеткенше жеңіл машинамен үш сағаттай жүру керек. Паналарға бұта жоқ, аспан айна­лып жерге түсердей ыстық­та сары дала дөңгелене айналып, артта қалып жатыр. Ахмет ауылына жетсек деген ынтызарлық жолдың ұзақтығын ұмыттырып жібергендей. Ұлт ұстазы Ахмет атамыздың осы жерде кіндігі кесіліпті. Осындай табиғаты қытымыр жерде ұлы адам­дар­дың дүниеге келуі өмірдің ашылмаған заңдылығы болар, сірә... Ақкөл мен Қарасу ауылының орта­сында Шо­шақ әулетінің, Байтұрсын мен Қали жерленген қорымдар бар. Бүгінде жартылай дуалдары ғана қалған кесенені 1926 жылы Ахаң келіп тұрғызып, ағасы Қалиға ас беріп кеткен дейді көнекөздер. Қазақ даласына қара боран, дауыл­дың келе жатқанын әулиедей болжаған Ахмет­тің ағайындарына «мына мал ертең өздеріңді бүйі болып шағады» деп малды азайтуды ескерткені және бір сәтте «бұл асты менің де асым деп біліңдер» дейтіні осы сапарында болса керек. Сол қорымнан қозы көш жерде Ахмет туған, бала кезінде тұрған үйдің орны жататын. Осыдан төрт жыл бұрын Ахаңның немересі Айман Байтұрсынова атасының ауылы Ақкөлге келіп қайтты. Ауылдастары апасын бабасы Бай­тұр­сынның, Қалидың басына апарып құран ба­ғыш­татты, қайтар жолда әлгі үйдің орнын көрсетті. – Айман апай үйдің орнына сәл қарап тұрды да, теріс бұрылып кетті. Байқасам, жылап тұр екен. Ол кісі кетерінде қоштасып тұрып, «қ­а­рағым, байыңдар­шы!» деді. «Қазақшасы аса анық емес Айман апам неге олай деді екен? Ауылдың әлі жүдеулігі жүрегін ау­ыртты ма әлде?» деп ойлап жүрдім, – дейді ақкөлдік, Ахмет Байтұр­сынов ұрпақтарының бірі Балғабек Қа­лиев. Ал алдыңғы жылы Арқалық қал­а­сын­дағы «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық бір­лес­­ті­гі­нің жетекшісі Елена Цвентух осы «Ауы­лым – алтын бесігім» жобасын жасағанда жасөс­пірімдердің бойын­да азамат­тық белсенділік, патриоттық, отансүйгіштік сезімдерді тәрбиелеуді мақсат етіп қойды. Жер-судың, елді мекеннің атын қалпына келтіру туралы сөз болса шу ете қалатын, оқырмандар қызығып оқитын та­ным­дық материалдардың барлығын да Ресей туралы ғана беретін жергілікті орыс тілді газеттердің басы-қа­сын­да отыр­ған орыс ағайындардың ісіне нала боп жүр­генде туған жердің тарихын, табиғатын насихаттамай балалар мен жасөспірімдердің бой­ына қазақстандық патриотизмді сіңіре алмай­мыз деген ұстанымды ұстанатын Елена Цвен­тух­тың маңдайына тәу еткің келеді. Ол былтыр жоба бойынша жанына жастарды ертіп, Торғай даласын аралағанда Ахаң ауылына да келген. Ақкөл­діктермен кездескенде: «Ахмет Байтұр­сы­­нов­тай ұлы адамның кіндік қаны тамған үйдің орнын көріп жүрегім ауырды. Бұлай жата берсе бір күні оның орнын да таппай қал­масымызға кім кепіл? Ал оны қалпына келтіріп қойса, жас ұрпақ үшін оның танымдық маңызы қандай болар еді!» деген болатын. «Сөз сүй­ек­тен өтеді» деген осы екен, Елена Семе­нов­на­ның сөзі ауылдағы ер азаматтардың намысын қайрап жіберді. Бұл ақкөл­діктердің, жалпы қазақтың өзіне өзі айтар сөзі еді ғой. «Әй, қап!» Балғабек бастаған жастар дереу іске кірісіп, екі айдың ішінде Ахмет атасының балалық шағы өткен үйді қайта тұрғызып қойды. Асарға ау­ылдың үлкенінен бала-шағаға дейін атсалысты. – 1953-1954 жылдары ұжымшардың малын баққан кезде осы үйде қыстаған едім. Сонда ауылдың шал­да­ры «бұл үйде бір үлкен аруақты адам туған, сыйлаң­дар, жақсы ұстаңдар» деп айтып отыратын. Ол кезде Ахметтің атын анық айта алмайтын кез ғой. Ауылдың жастарына рахмет, тура мен айтқандай етіп жасап шықты, іші де, пеші де, сырты да баяғы үйден аумай қалды, – дейді ауыл ақсақалы Темір Қосаев. – Ұлы адамның аруағы да қолдаған шығар. Үйге ақкөлдіктер сырмақ төсеп, дөңгелек үстелге дастархан жайып, Ахаң келіндерінің бірі Қалима ауылдың сары қымызын сапырды иісін бұрқыратып. Ақкөліне Ахаңның өзі келіп қалған­дай, жұрттың барлығы арқа-жарқа. Үй­дің ішіне салған қарлығаштың ұясы ұлы адамның бала­лығын көз алдыңа келтіргендей, бір жылылық еседі. Ахаңның үйіндегі дастархан басында ауыл­дастар мен «Ауылым – алтын бесігім» баспасөз турына қатысушылар келелі әңгіме қозғады. – Ендігі тілегіміз, осы үй мемлекет қа­рауы­на алынса екен дейміз. Музей болса, осында тәу етіп келгендер атамыздың өмірі, жалпы қазақ дала­сы­ның тарихы туралы материалдарға көзі қанығар еді. Мен үйдің айналасына егуге сегіз түп ағаш әкеліп қойдым, ауылдан бес шақырымға қатынап, күн сайын оны суару да бізге жеңіл емес. Ибрагим Ағытай мен Темір Қосаев ақсақалдар осы үйді музей ету туралы Мәдениет министрі Мұх­тар Құл-Мұхаммедтің өзіне хат жазып жіберген екен. Ми­нистрдің тап­сырмасымен қазір облыстық мәдениет бас­қар­масы қарап жатқан көрінеді, – деді Қарасу ауылдық округінің әкімі Сүндетбай Оразбаев. Ақкөл бес жылдан бері тасыған жоқ. Қуаң­шылық даланы қуырып тұр. Осындай табиғаты кіді жердің ұлы адамдарды тудыратыны ос­ын­да келгендердің көкейінде кететін жұмбағы. Ауыл бақша егуден қал­ған, су жоқ. Ахаңның ауыл­дас­тары малдың, Ақкөлдің балығының арқасында отыр. Әр үйде кемінде 5-6 сиыр, 30-40 уақ мал бар. Аздап жылқы да ұстайды. Қуаңшылыққа бай­ланысты Торғайда шөп биыл көп емес, қолға ілінгенін ақкөлдіктер де несібеге қарай жи­нап алады. Ақкөл екі ауылды балықпен асырап отыр, көлдің арқасында ауыл адамдарына аздап жұ­мыс та болып тұр. Ин­фрақұрылымды, әлеуметтік мә­се­лелерді қатыр­ма­ған соң жас мамандар бұл аймақтан қашқақ­тай­тыны жасырын емес. Бәрі де қаржыға келіп тіреле береді. Торғайдың, оның ішінде Ақкөлге дейінгі жолдың азабын жұрт айта-айта шар­шаған. Қаржы демекші, игерсе Ақкөл мен Қарасу ауылдарының айналасында қара тұз кені, ыстық бұлақ, емдік балшық жатыр. Оларды ауылдастар іске асырғысы-ақ келеді, бірақ тағы сол қаржы жағы қинайды. – Тұзды да, балшықты да қанша алғанмен азаймайды, дереу қайта қалпына келетін кереметі бар, – дейді ауылдастар. – Адамнан басқаның бәрі де орнына келеді екен, – дейміз біз. – Адам да орнына келеді! – деп ұтып кетті ауыл ағасы Байжан Әбілев. – Ақкөлде 600 адам ғана тұрады, өткен жылы ауылда 25 сәби дүниеге келді! Ақкөл ауылындағы А.Қоңқабаев атындағы мектепте 160 бала оқиды, шағын орталықтағы ба­ланың саны 90-ға жуық. Жаңадан салынған Қа­расу мектебінде 170-тен аса бала оқиды. Мектеп­тердің іші заңғырап тұр! Бұл Ахаңдай арыс­тардың өтеуі емес пе? Ақкөлде рухы мықтылар тұрады дедік. Жаң­быр­сыз таңдайы кеуіп, шөліркеп жатқан шексіз далаға кімнің болсын келгісі келіп, аңсары ауып тұрады. Олар адамдардың ақ пейілінен, олардың тарихқа құрметпен қарайтын елгезектігінен бай­ып кетеді. Бұл жолы баспасөз турына қатыс­қан­дар да сондай тамаша сезімді бастан кешті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы.