09 Тамыз, 2011

Мәдениеттерді жақындастыру – қажеттілік

585 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
XXI ғасыр басында әлемде жағдайларды жақ­сар­ту үмітінің орнына, жалпыөркениеттік дағ­да­рыс деп бағалауға болатын байбаламдар мен ша­қырулар жалғасын табуда. Осылайша дағдарыс­тың өнді­ріс­тік, энергетикалық, экологиялық, әлеу­меттік, тіпті саяси түрлері орын алды. Олардың негізінде қар­жы­лық архитектураның кемшіліктерінен туын­даған (әлемдік қаржылық жүйе) жаһандық қар­жы­лық-экономикалық дағдарыс жатыр. Біз бір-бірі­міз­ді тыңдамайынша, үнқатысу мен ынтымақтастық қарым-қатына­сы­мыз­ды орнатпайынша, келеңсіз жағдайлар өрши береді. Қазақстан бейбітшілікті қолдау және қауіпсіздікті нығайтудың негізі болып та­бы­латын қағидаларды, халықаралық проб­­ле­маларды шешуде әріптестікті пайдалана отырып, халықтар арасында достық қа­рым-қатынастарды дамытуды берік ұста­нып келеді. Бұл еліміздің тек қана праг­ма­тикалық таңдауы емес, керісінше, келешек әлем құрылысын көре білуі деп таныған жөн. Бұл ұстаным Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде айқын белгілі бол­ды. Осы тұғырлы орында біздің ел әлем­дік тұрғыда халық­аралық құқық норма­лары негізінде Ұйымға мүше мемлекеттер арасында қаты­настардың бір ізге түсуі мен көп­по­лярлы әлемдік құрылыстың қалыптасуы жолында беделді ұйымның шешуші тұтқа болуына атсалысты. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде біздің елдің басты межесі еуро­ат­лантикалық және еуразиялық құндылық­тар­ды біріктіріп, Еуропа мен Азияның қауіпсіздігін бөліп-жармау қағидатын бекітіп, Ұйымға еуразиялық рух енгізуге ты­рысу болып табылды. Бұл қару-жарақты қадағалау режіміне және сенім шараларын нығайту мәселелеріне, ұлтаралық қақты­ғыс­тар және байбаламдармен күрестерге, со­ның ішінде ЕҚЫҰ жауапкершілігі шең­берінен шыққандарға, сондай-ақ Ауған­стан, Ирак, Тунис, Сомали және басқа мұ­сылмандар әлемі елдерінде тұрақтылықты орнатуға қатысты. Қазақстан зайырлы мемлекет бола оты­р­ып, өркениеттік және мәдени жоспа­рында мұсылмандық әлемнің бөлшегі бо­лып табылады. Қазақстан әлімсақтан бері батыс пен шығыс өркениетінің түйіскен жері болатын, өзара қарым-қатынас бай­ланыстарына Таяу және Алдыңғы Шығыс елдері, Ежелгі Грекия мен Рим импе­риясы, Персия (Иран), Көне Қытай мен Үндістан елдері енді. Қазақстан – жергілікті басқа сенімдер мен мәдениеттер өзара әрекеттесе оты­рып, ислам діні VIII ғасырдан бастап та­рал­ған аймақтардың бірі. Бұрыннан бар географиялық, экономикалық және әлеу­меттік жағдайлар осы үрдістерге ыңғайлы болды. Халықтың полиэтникалық құрамы және әртүрлі сенімдер, тілдер мен мәде­ниеттердің әрқилылығы, аймақтың тарихи Жібек жолы бойында орналасуы, осының барлығы көптеген жүзжыл­дықтар ағы­мында аймақтың дамуы мен гүлденуіне өз үлесін қосты. Ислам бұл аймақтарға ерте уақыттарда келді де, оның гүлденуіне себеп болды. Қазақстан жерінде туған мұсылман ғалымдарының жетістіктері мен шығар­ма­шылығы әлемдік өркениеттің маңызды үлесі болып табылады. Әйгілі Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби туған, Қожа Ахмет Ясcауи мекен еткен, өлшеусіз құнды мұра қалдырған Қараханидтер мен Алтын Орда мемлекеттері, Ұлы Жібек жолы бойын­дағы қалалар арқылы ислам өркениеті кеңінен таралып дамыған Қазақ даласы – бүгінгі таңда Орталық Азияның тоқтау­сыз дамып келе жатқан мемлекетіне айналды. Шығыстың ұлы мәдениеті, атап айтсақ, араб, парсы, түркі және қытай мәде­ниет­тері Орталық Азиямен байла­нысты. Осы мәдениетаралық ықпалдас­тықта аймақ­тар­ға лайықталған өркениет­тің ерекше түрі пайда болды. Араб, түркі және парсы мәдениетінің синтезі біздің аймақта мұсылман мәде­ниеті дамуының ерекше сипаттарын анық­­та­ды. Осы дамуда негізгі рөл ой­на­ған – аймақтағы әртүрлі діндер мен мәде­ниет­тердің пайда болу факторларына қоса, олардың бір-бірімен бейбітқатар да­муы, әрқайсысы өздерінің өзгеше жолдармен жүре тұра біріккен жемісті өрке­ниет­ті өмір­ге әкелуі діндер мен мәдениет үн­қатысу орнауы тәжірибесі болды. Бұл жағ­­дайда исламдық өркениет ғалымдық, ғы­­лы­ми және өнер саласында гүлдене түсті. Әлемге әйгілі мұсылман ғұламалары, заңгерлері, астрономдары мен математиктері, гуманитарлық ғылымдардың ғалым­дары мен әдебиетшілері дәл осы жерден шыққан. Олардың шығармашылықтары әлемдік өркениетке архитектуралық ескерткіштер, ғылыми еңбектер, әдеби шы­ғармалар мен поэзия жауһарлары түрінде аймаққа керемет мәдени мұра қалдырды. Қазақстан тарихи тұрғыда өрке­ниет­ті өзара байытудың, мәдени үлгі­лер­ді ен­гізудің, әрқилы халықтардың қауым­дастығын құрудың мекені болды. Ол өзін мемлекеттілігінің тәуелсіздігін нығай­туға жол бастаған, бостандық, теңдік, қоғам­дағы тұрақтылық, қауіпсіздік және азамат­тық келісім қағидаттарына негізделген полиэтникалық мемелекет ретінде көрсетті. Тәуелсіздік алған жылдардың кө­шінде діннің рөлі рухани сенім қай­на­ры, мәде­ниет қабаты мен елдің халықтары дамуы­ның тарихи факторы ретінде айтарлықтай өсті. Бұл тек жалпы әлемдік қана емес, сондай-ақ болып жатқан экономикалық, саяси және идеологиялық қайта құры­лу­дың нәтижелеріндегі ішкі беталыстардың көрінісі болып табылды. Қазақстанда дін­нің рөлін көтеру үшін үнқатысу, өзара сый­ластық пен шы­дам­дылық қағидат­та­рына негізделген барлық діндердің бірлігін қол­дай­тын ғылыми дәлелденеген тұ­жырымдама жасалды және ол жүргізіліп келеді. Біз полиэтникалық және поли­кон­фес­сионалдық қоғамның өмірінде діннің рөлі паблисистидегі олардың зайырлылық пен ықпалдастық тұжырымдамаларын дұрыс қабылдауына кедергі келтірмейтініне шын жүректен сенеміз, себебі басқа этностар, діндер мен мәдениеттермен үнқатысудың қажеттілігін теріске шығару өтірік жолға апарып соғады, ол әлемдік өркениет жүйесіне жаһандастыру үрдісіне қосылу үшін мүмкіндіктерді жабады. Біз мұны әлемде болып жатқан діни және этносаралық соғыстар мен қақтығыстар мысалдарынан көре аламыз. 1990 жылдан бастап елімізде өз алды­на дербес Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы жұмыс істейді. 2001 жылы Имамдардың біліктілігін жетілдіретін Ислам институты және «Нұр-Мүбарак» Ислам мәдениеті Египет университеті ашылды. Оның ұстаздары Египет пен біздің елдің жетекші профес­сорлары болып табылады. Діни оқу орындарының желісі ұзартылды. Қазақстанның ырыс-ынтымағы, саяси және экономикалық тұрақтылығы, толе­рант­тылығы – бұл біздің тәуелсіздік жыл­дары жасағандарымыз. Біз еліміздің экономикалық дамуы мен жетістіктерінің негізі болып табылатын бейбітшілік пен келісімге мақтанамыз және бағалаймыз. Қазақстандағы этносаралық келісім мемелекеттік саясатпен қамтамасыз етіледі. Бар­лық азаматтарды, оның этностық тү­ріне және діни сеніміне қарамастан, елдің саяси өміріне белсенді түрде тартуға ба­ғыт­талған. Халықтардың тұтастыққа тар­тылуына 1995 жылы құрылған этностық мәселелер жөніндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы өмірге келген күнінен бастап, мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруда маңызды институт болып қа­лыптасты. Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің елде тұратын барлық этностық топтар өкілдерін біріктіреді. Оның қызметі этносаралық қатынастар саласындағы мем­лекеттік органдар мен азаматтық қо­ғам институттары өзара әрекеттестігін тиімді қамтамасыз етуге бағытталған, қазақ­стандық қоғамда этносаралық келісім мен толеранттылықты әрі қарай нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Баршаға мәлім, Қазақстанда 2003 жылдан бері ұлысаралық пікір алмасудың бірегей амалына жол салған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өткізі­ліп келеді. Өзінің ұлысаралық тікелей маңыздылығымен бірге, жоғары деңгей­дегі бұл форум ортақ планета­мыздағы тұ­рақтылық пен бейбіт өмірдің нығаюына, өркениеттерді, халықтар мен елдерді біріктіруге бағытталған саяси және діни қайраткерлердің талпыныс­та­рын біріктіруге қызмет ету үшін қалып­тасқан маңыз­ды да тиімді халықаралық саяси құрал болып беки түсті. Елімізде 3259 діни бірлестік әрекет етуде, соның ішінде: исламдық – 1766, орыс православие шіркеулері – 255, римдік-католик шіркеулері – 90. Бүгінгі күні Қазақстанда 1800 мешіт бар, ал республика халқының 70 пайызы  мұсылмандар. Өркениеттердің, мәдениеттер мен діндердің пікір алмасуы заман талабы. Егер де қай жағынан болсын, сонша­лықты алуан түрлі адамдарды біріктіруді мақсат тұтсақ, онда мұндай пікір алмасу нендей негізде қалануы тиіс болатынын түсініп, ұғынғанымыз жөн. Мәдениет­аралық, ұлт­ара­лық және дінаралық пікір алмасуды ретке келтіру, заманның келеңсіз жағдай­ла­рына қарсы тұруға арналған бірден-бір құралы болмаса да, ең маңызды біріктіруші бастама бола алары хақ және солай болуға тиіс. Өткен 2010 жыл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімен есте қалды, соның нәтижесі ретінде «Қоғамдастық қауіпсіздігі алдында» атты Астана Дек­ларациясына қол қойылғандығына ел басшылығы баса назар аударды. Батыс пен мұсылмандық Шығыстың өзара қарым-қатынастарындағы проблемалар бүгінде аса өзекті болуда. Сол себептен өркениеттер өздерінің араласу аумақ­тарын кеңейте түсуге мүдделілік танытуда. Дегенмен де, қазіргі кезде осын­дай араласу аумақтарындағы мәсе­ленің өзегі – өр­кениеттер бірін-бірі ұғыну арқылы, әлемдегі өзара іс-қимылдарды күшейте отырып, батыс пен ислам әлемі­нің өздерінің бет бейнелерін жоғалтпай, қайта керісінше идея­ларды арттыра түсуге апаратын мәде­ниеттерді жақын­дастыру арқылы кеңейе түсуіне деген қажеттілікке әкеліп отыр. Қазіргі уақытта бар әлемде тұрақты­лықтың нығаюына және әлеуметтің ин­теграциялануына септігін тигізетін фактор ретінде дінаралық және мәдениет­ара­лық пікір алмасудың ауадай қажет екендігін мойындау белең алып келеді. Мұсыл­ман әлемі мен Батыс мемлекеттерін жақын­дастыру жолдарын іздестіруде саясат пен зияткерлік қоғамдастыққа үлкен үміт арты­лып отыр. Бүтіндей алып қара­ғанда, болып жатқан өзгерістерді түсінуге және туындап отырған проблемалардың бейбіт шешілуіне мүмкіндік туғызуға талпы­нушылық саясаткерлерге «гуманизм», «адамгершілік», «дін­аралық пікір алмасу» сияқты ұғымдарды аса кеңінен қолдануға итермелейді. Осылайша, тең құқылы пікір алмасу жаңа ғасырдағы әлемді дамытудың қажет­тігі болып келе жатыр. Тек қана талпы­ныстарын бірлестіре отырып, мемлекеттер технологиялық және зияткерлік жетістіктерін жүзеге асыруға, қоғамдағы адам­ның дамуына қол жеткізуге мүмкіншілік ала алады. Ол үшін жекелеген мемле­кеттердің мүдделері мен аймақтық мүдде­лер арасында тепе-теңдік орнауын көздей­тіндей саяси келісімдер, төзімшілдік қажет болады. Қазіргі уақытта көптеген мұсылман елдеріне тән негізгі проблемалар: саяз білім деңгейі, денсаулық сақтаудың дамы­маған саласы, игілік пен әлеуметтік қор­ғау­дың жеткіліксіз деңгейі (Парсы шы­ғанағының елдерінен өзгесі) азық-түліктің жетіспеушілігі, діни экстремизм көрініс­тері, қарулы қақтығыстар мен саяси тұ­рақсыздық. Атаулы проблемалардың жи­ын­­тығы әлемдегі ислам қауымдас­тығының пәрменді дамуына қолбайлау болып отыр, өйтпегенде заманына қарай өркениетке ілесіп, өздерінің жетістіктерімен адам баласының дамуына лайықты үлес қосатындықтарына күмән жоқ еді. Айналамыздағы шындық тірліктің қарқынды түрде аумалы-төкпелі жағдай­лары бізге мұсылман елдерін дамытудың жолына белгілі бір түзетулер енгізудің қажет екендігін еске салып жүреді. Жекелеген бағыттарымыз бен көзқарас­тары­мызды қайта қарастырып, оларды заман­ның талаптарына қарай үйлесімді бейім­деудің уақыты келді. Десек те, бұл ежелден бері қалыптасып келген гумандық және өте нәзік мұсылмандық әлемтану мен исламдық құндылықтардан бас тарту дегенді білдірмейді. Осыған байланысты әлемдегі исламдық қоғамды модерни­зация­лаудың тиімді тәсілдері туралы, оның қалыптасып келе жатқан жаһандық саяси-экономикалық жүйеге сәтті түрде кірігуін ойластыру керек болады. Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының төрағасы ретінде мұсылман елдеріндегі ғылымның рөлін жоғарылату мен білім беру деңгейін көтеру жөнінде бірлескен жұмысты бастауды ұсынып отыр. Ол үшін мұсылман мемлекеттерін ғылыми, экономикалық жағынан дамыту мен мәдени интеграциялауда маманданып отырған ИЫҰ бөлімшелерінің бар әлеуе­тін және де мүмкіншіліктерін кеңінен қолдану жөн болатындығы айтылуда. Мұ­сылман елдеріндегі тұрғындардың игіліктерін арттыруға тиісті назар аудару да қажет болады. Бұл мәселені елемегендік ислам әлеміндегі бірнеше елде орын алған келеңсіздіктерге апаратындығы анық көрініс табуда. Аталған міндеттерді сәтті түрде шешу үшін Қазақстан қазіргі заманғы мұсылман зияткер зиялыларының, әрі ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының талпыныс ниеттерін біріктіруді ұсынып отыр. Мұ­сылман әлеміне бірегей «Жол картасы» деп аталған 2006-2016 жылдарға арналған ИЫҰ Онжылдық іс-қимылдар жоспары, интеграциялану мен экономиканы әрта­рап­тандыру үдерістерін жандандыруға бағытталған. 2011 жылдың 7-9 маусымы күн­дері барша мұсылман әлемінің іскер топтарының қатысуымен Астана қала­сында VII Бүкіләлемдік Ислам экономи­калық форумы болып өтті. Бұл экономи­калық форумның міндеттерінің бірі – ИЫҰ аясына мұсылман әрі мұсылман емес елдердің арасында жан-жақты стра­те­гиялық ынтымақтастықтың нығаюына септігін тигізетін факторларды анықтау және жұмылдыру. Исламдық банкингті, қаржылық инфрақұрылымды, халал ин­дустриясын, шағын және орта бизнесті, энергия алудың баламалы көздерін да­мытуға қатысы бар мәселелерді талқылау және басқалары, ИЫҰ елдеріндегі әлеу­меттік-экономикалық проблемаларды аса терең түсінуге және олардың түйіндерінің үйлесімді түрде шешілу жолдарын табуға себепші болады. ИЫҰ-дағы төрағалық қызмет Қазақ­станға шапшаң дамып келе жатқан елімізді көрсетуге деген, әр бағыттағы ынты­мақ­тастықтарды айтарлықтай кеңейтуге берілген мүмкіншілік қана емес, осынау зор нарықты аса белсенді түрде меңгеруге қосымша мүмкіндіктер береді. Жауапты да құрметті міндетті орындаумен қатар, Қазақстан ИЫҰ-ға кіретін барша ха­лықтардың игілігіне сауда-экономикалық ынтымақтастықты айтарлықтай ұлғай­ту­ға, интеграциялық үдерістерді арттыра тү­су­ге деген жақсы себепке ие болары сөзсіз. Меруерт ӘБУСЕЙІТОВА, Білім және ғылым министрлігі  Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.