Кеше Сыртқы істер министрлігінде аталған ведомствоның ресми өкілі Асқар Абдрахманов журналистер үшін кезекті брифинг өткізді.
Брифинг барысында А.Абдрахманов 12 тамыз күні Астанада Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуі өтетінін мәлімдеді.
«Кездесуге қатысушылар халықаралық ахуал мен ұйымның жауапкершілігіндегі аймақта саяси тұрақтылықты сақтаудың жолдары жөнінде пікір алмасады. Күн тәртібінде Солтүстік Африка және Таяу Шығыстағы жағдайдың дамуын қоса алғанда, ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері қаралады», – деді ол.
Сонымен қатар, ресми өкілдің сөзіне қарағанда, ұйымға төрағалықты атқарушы Беларусь тарабының қауымдастықтың басым бағыттары бойынша көтерген бастамаларының жүзеге асырылу барысы талқыланбақ.
Бұдан кейінгі кезекте ресми өкіл павлодарлық студент қыздың Америкадағы госпитальдардың бірінде ес-түссіз жатқандығына тоқталып өтті. Оның айтуынша, А.Ахметова өзі жұмыс істейтін қонақүйдің хауызында белгісіз жағдайда ес-түсінен айырылған күйінде табылған. Полиция қызметкерлері келіп жеткенше, ол судан шығарылған. «Біздің дипломаттардың мәліметтері бойынша, А.Ахметова өте ауыр жағдайда ес-түссіз болған», – деп атап өтті ресми өкіл.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Айнұрдың апайының шұғыл арада АҚШ-қа ұшып баруы үшін виза алуға жәрдем берген екен. Қазіргі уақытта ол Америкада. Сонымен қатар еліміздің Нью-Йорктегі Бас консулдығы да оған қажетті қолдау көрсетіп отырған көрінеді.
А.Абдрахманов сонымен қатар, Қытайда мотоциклдің мас жүргізушісін қағып өлтірген қазақстандық жөнінде де мәлімет берді. Төтенше оқиға Қытайда, Қоталғаш елді мекеніне таяу жерде орын алған. Қаза тапқан қытайлық азаматтың қан құрамынан ішімдіктің белгілері табылған.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан қытай азаматы қаза тапты. Ел заңнамасына сәйкес, автобус жүргізушісіне қатысты тергеу амалдары жүргізілуде, ол әлі аяқталған жоқ», – деді ресми өкіл.
Сонымен қатар, А.Абдрахманов еліміздің азаматынан Қытайдың құқық қорғау органдары істі жабу үшін ірі көлемде ақша талап етті деген ақпаратты жоққа шығарды. «Бұл орайда әңгіме қаза болған азаматтың отбасына өтемақы төлеу жайында болып отыр», – деді ол.
«Егемен-ақпарат».