10 Тамыз, 2011

Қатайған қанат

353 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Жылыой – Атыраудағы өң­дірісті ауданның бірі. Басқасын былай қойғанда, қазақ мұ­найы­ның алғашқы тамшысы осы аудан аумағындағы Қарашүңгіл аталатын кеніштен алынған. Ауданның жылнамасында мұ­най-газ өнеркәсібінің алар ор­ны ерекше. Бұл ауданда бір ғасырдан астам уақыттан бері «қара алтын» тасқыны әлі то­ластаған жоқ. Дәлірек айт­қан­да, Қазақстанда өндірілетін мұ­най­дың басым бөлігі Жылыой ауданындағы мұнай компания­лары­ның үлесіне тиеді. Әлемде теңдесі жоқ делінетін әйгілі «Теңіз» кеніші де осында. Елімізге, өңірге инвестиция салу­ға ниет еткен шетел инвес­тор­ла­ры да осы ауданға алдымен бет бұрады. Отандық мұнай­шы­лар мол өнім алып жатқан кеніштер де көп мұнда. Соған орай мұнай өндіруші компа­ния­ларға сервистік қызмет көр­сететін, олардың өзге де тап­сы­рыстарын орындайтын кәсіп­орындар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына барын­ша үлес қосуға тырысады. Соның бірі – «Қарашүңгіл» серіктестігі.  Осы аудандағы көп салалы «Бақай» корпо­ра­ция­сының   құрамына кіретін серіктестік 2007 жылы мұнай жинақтайтын қазандар шығару зауытын ашқан болатын. Содан бері еліміздің батыс айма­ғын­дағы мұнай компанияларының тапсырыстарымен тік қазан­дар­­ды үздіксіз шығарып келеді. Сапасы жоғары, бәсекеге қабі­летті екені тапсырыс беру­ші­лердің көбейе түсуінен бай­қа­ла­ды. Корпорация президенті Миржан Балжігітовтің ай­туын­ша, еліміздің батыс аймағында дәл осындай өнім шығаратын өндіріс орны болмаған. Ал Қазақстанда мұндай өнім Жам­был облысында шығарылады. Әрине, Ресейде бұрыннан бар. Бірақ, батыс аймақтағы мұнай кеніштерін игеріп жатқан кә­сіп­орындарға алыстан тасымал­дау қосымша шығынға батыра­ты­ны даусыз.  Осы орайда «Қараш­үң­гіл» серіктестігі дайындайтын әр көлемдегі мұнай қазандарына сұраныс молайып тұр. Өйткені, серіктестік зауытында 100, 500, 1000, 2000 және 5000 текше метр­лік қазандар шығарылады. – Мұнай өндіруші кәсіпорын­дарға тік қазандар молынан қа­жет. Әр кеніштен өндірілген мұ­най алдымен қазандарға жи­на­лып, құрамындағы түрлі қос­па­лардан тазартылады. Содан соң құбырмен тасымалданады. Рас, мұнай тасымалымен айна­лыса­тын компаниялар да қазандарды қажет етеді. Сол себептен зауыт­та дайындалатын әр қазанның сапасына баса мән береміз. Мұ­най – біздің байлығымыз. Оның әр тамшысын шашау етпей жи­найтын қазанның сапасы жоғары болуы керек. Сондықтан еліміздегі мұнай компанияларына әрі сапалы, әрі Ресейдегімен бәсе­ке­лес болатындай сапалы қазандар шығаруды қолға алдық,  – дейді  «Бақай» корпорациясының президенті Миржан Балжігітов. Қазір серіктестік зауытында 150-ге жуық адам жұмыс жасай­ды. Бәрі де ауданның тұрғын­да­ры. Зауыт жұмысына әбден ма­шық­танған. Өз істерін жауапкершілікпен атқаруға ден қойған. Алдымен, әрине, сапаға баса назар аударады. Еңбек тәртібі де, осы бағыттағы заңдылық та қа­таң қадағаланады. Техника қауіп­сіздігі де солай. Мұның бәріне зауыттың қос инженері мұқият бақылау жасайды. Зауыт жұмыс жасағалы бері бірде-бір оқыс оқиға тіркелмеген. Зауыттағы қауіптілігі жоғары  әр маман­дық­тағы 148 жұмысшы, 38 дә­некерлеуші біліктілігін ұдайы жетілдіреді. Жұмысшылар ар­найы жұмыс киімдерімен де қамтылған. Соңғы үш жылда осындай шараларға кәсіпорын есебінен 3 миллион теңге жа­ратылыпты. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына да зауыт басшылары қамқорлық таны­та­ды. Адам болған соң сырқат­тан­бай тұра ма. Денсаулық тү­зеймін, сауықтыру орнына ба­рамын дегендерге ұдайы қол­дау көрсетіледі екен. – Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаевтың елді индустрияландыру бағытында­ғы тапсырмасының шарапаты біздің кәсіпорынға тиіп отыр, – дейді зауыт құрылтайшысы Мир­жан Балжігітов. – Олай дей­тінім, Үкімет, облыс бас­шы­­лығы  тарапынан  индус­трия­лық-инновациялық жобалары­мыз­ға қолдау білдіріліп келеді. Зауыт жанынан жаңа цех ашу жөніндегі жобамыз үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде Астанада өткен көрмеде таныс­тырылды. Осының өзі біздің кәсіпкерлік ісімізді ілгері бас­ты­рудағы қанатымызды қа­тайт­ты, жігерімізді жаныды, жа­ңа қадамымызға серпін берді. Енді зауытта жаңа жоба бойынша іске қосылған цехта 10 000 текше метрлік тік қазан­дар шығару қолға алынды. Өйткені, еліміздің мұнай-газ өнеркәсібінде таяудағы жыл­дарда «қара алтын» өндіру кө­лемі ұлғая бермек. Демек, өн­ді­рілген мұнайды жинақтайтын осындай үлкен қазандарға сұ­ра­ныс та көбейе түсетіні даусыз. Тапсырыстың тұрақты түсеріне Миржан Балжігітов те бек сенімді. Себебі, «Зауыттың өнім шығару мүмкіндігін арттыруына мемлекет тарапынан қолдау жасалып отыр» дейді ол. Тағы бір атап айтар жәйт, бұл зауыт «Қазақстанда жасалған» құжатын иеленген. Өнім са­пасына байланысты марапаттары жетерлік. Соның ішінде ұжым үшін «Ал­тын сапа» және «Атыраудың үздік тауары» конкурс-көрмелерінің І дәре­желі дипломдарының маңызы ерекше. – Елімізді индустрияландыру жоба­сына өз үлесімізді қосуды азаматтық парыз деп түсінемін. Менің бұл ойым­ды өзге кәсіпкерлер де қолдайтынына сенеміз. Өйткені, тек пайда табуды ғана көздейтін болсақ, ілгері баса алмаймыз. Индустрияландырудың игілігін алды­мен қарапайым халық көруі тиіс. Ол үшін жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып, сапалы өнім өндірілуі қажет. Біздің зауыттың өнімі бәсекеге қабі­летті, сапасы да тапсырыс берушінің көңілінен шығады. Ал жұмыс орын­да­рын  ашуға келсек, біз аудандық әкім­дік­ке 70 адамды жаңадан жұмысқа қа­был­дауға өтінім беріп қойдық, – дейді «Бақай» корпорациясының президенті Миржан Балжігітов. «Қарашүңгілдің» қазандарына тек қазақстандық мұнай компаниялары ғана тапсырыс берумен шектелмейді. Таяу шетелден де тапсырыс түсіп жатады. Таяуда әзербайжандық компания да мұнай жинайтын тік қазандар жасатуға тапсырыс беріпті. Мұның себебін Миржан Балжігітов «Біздің өніміміздің баға­сы Ресейдегіден 40 пайызға арзан. Алай­да, сапасы жоғары, ресейлік өнім­нен кем түспейді» деп түсіндіреді. Айт­қандай, бұл зауыт енді қалдықсыз өнім шығару жобасын қолға алмақ. Әр қа­занды жасаудан алақандай темір қалады екен. Сол қалдық металды қайтадан балқытып, кәдімгі күрек шығарудың қамын жасап жатыр. – Қазақстанда күрек шығарыл­май­ды. Бір қарағанда бұл ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Алайда, күнделікті тұр­мыста да, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ өнеркәсібі және басқа да салаларда күрекпен атқарылатын жұмыстар жетерлік. Еліміздің әр өңірінен күрекке де сұраныс табыларын жоққа шығара ал­маймыз. Сол себептен қалдық металдан күрек шығаруды ойластырдық. Осыған орай өнім шығаратын технология жаб­дығын сатып алуға тапсырыс бердік. Бәлкім, жыл аяғына дейін жаңа өнім шығаратын өндірісті іске қосып қала­тын болармыз, –дейді М.Балжігітов. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы, Жылыой ауданы.