12 Тамыз, 2011

Көрмеде – оңтүстіктің үздік тауарлары

366 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Шымкентегі Көркемсурет га­лереясында “Қазақстанның үздік тауарлары” өңірлік көрме-конкур­сының қорытындылары өтті. Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов көрме-конкурстың «Қа­зақ­стан Республикасы Прези­ден­­тінің «Алтын сапа» сый­лығын алуға арналған конкурсы және «Қазақстанның үздік тауа­ры» республикалық көрме-конкурсы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы № 194 Жарлығына және Оңтүстік Қа­зақстан облыс әкімінің 2010 жыл­ғы 3 тамыздағы «Жыл сайын­­ғы «Қазақстанның үздік тауа­ры» өңірлік көрме-кон­курсын өткізу туралы» қаулысы­на сәйкес өтіп жатқанын айтты. Конкурс үш номинация бойын­­ша, атап айтқанда, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»; «Ха­лық тұтынатын үздік тауарлар»; «Үздік азық-түлік тауар­лары»; «Қа­зақстанның үздік тауары» түрінде өтті. Тәуелсіз Қазақстанның 20 жыл ішінде қалай өзгергенін бір ғана оңтүстік кәсіпкерлерінің дайындап жатқан өнімдерінен-ақ көруге болады. Жұмыр басты пендеге керектің бәрі бар. Ас атасы – наннан бастайық. “Корона” фабрикасы ұн өнімдерінен не дайындауға болады, бәрін саудаға шығарып отыр. Қазекең саусақта­рын салып жіберіп сұғына жейтін жаймадан бастап, макарондардың түр-түрінен көз сүрінеді. Түркіс­танда тұ­рып-ақ мақта алқабынан терілген ақ мақтадан 92 түрлі өнім дайындап жатқан “Фараб” ЖШС-нің дайын бұйымдарын еш қысылмай шетелдің тауар­лары­ның жанына саудаға шы­ғаруға болады. Отандық ғалым­дардың өнімі МЭРС тыңайт­қышы жер қыртысын тыңайтуда керегін тауып беруде үлкен жетістіктерге ие болып келеді. Сайрам ауда­нын­да 10 мың гектар жерге тыңайт­қышын пай­даланып отыр­ған серіктестік тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты МЭРС-тің бағасын бастапқы құнынан 2 есеге тө­мендетіпті.  МЭРС зауы­тының директоры, “Ана-Жер” ғылыми өңдірістік бірлестігінің вице-президенті Махмұдов Жамалдин Усманулы – біздің тыңайт­қышты елімізде 1 млн. 200 мың гектарға пайдаланып отыр. Шетелдер де назар аудара бастады. Ағылшындардың Корольдер Са­райы біздің тыңайтқышпен өсі­ріл­ген 12 гектар жердегі көк­өніс, бау-бақша өнімдерін ала бастады. Экологиялық таза, химиялық қос­палары жоқ өнім болғаннан кейін Францияда жү­зім плантация­ларына пайда­ланып жатыр, дейді. “Гауһар” тігін фабрикасы­ның директоры Әнипа Халбаевамен тілдестік. Сарыағаш ау­даны, Шым­кент қаласы әкімде­рінің орын­басары дәрежесіне дейін қызмет етіп, іс-шараларда жаны тынбай зыр жүгіріп жү­ре­тін осы кісіңіз мемлекеттік қыз­метті кә­сіп­керлікке ауыс­тыр­ған. Бір күн­де емес, әрине. Әкімдік қызметке келгенге дейін негізін салған бизнесіне оралған. “Гауһар”тігін фабрика­сы тіккен киімдерде мін жоқ. Сәнді, тігісі мықты. Заман талабына сай. Әсіресе, оқушы­ларға арнап тіккен киімдері көз қуантады. Баяғыда шошқа майы қосыл­маса колбаса өнімдері шыға­рыл­­майтындай көрінер еді. Айт­қан­ға ғана екен. Мұсылманға харам талпақ танаудың сүбе майының орнын жылқы іш майы мен қой құйрығы ауыс­тырып жатыр. Халал өнім дайындайтын “Қарқын” ЖШС колбаса-шұжықтың алуан түрін ұсынып отыр. Ірі қойдың құйрық майының иісі шығады. Сондықтан  тоқты-торымның майы пайдалы деседі. Өздерінің мал бордақылайтын фермалары бар. “Хамит” селолық тұтыну кооперативі Шардараның көлі­нен сүзген балықтарын мұзға қатырып, Қазақстаннан бөлек, Ресейге де жөнелтіп жатыр. Соңында өңірлік көрме-кон­курсының нәтижесі шыға­рыл­ды. Үш номинация бойынша бірінші орынды «HILL Сorpora­tion» ЖШС,  «ШТФ «Түркіс­тан» ЖШС және «Ордабасы құс» ЖШС жеңіп алды. Екінші дәрежелі дипломмен «Хлопкопром-целлюлоза» ЖШС,  «Фараб» комбинаты» ЖШС және «Корона» макарон фабрикасы» ЖШС марапатталды. Қорыта айтқанда, «Қазақ­стан­ның үздік тауарлары» бай­қау-көрмесі шағын, орта, ірі кә­сіпкерлік өкілдеріне өздері туралы мәлімдеме жасау үшін қолайлы алаң болып табылады. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.