12 Тамыз, 2011

Асыл тұқымды малдармен толықты

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Асқар Мәдиев жетекшілік ететін «Петерфельд-Агро» ЖШС егіншілікпен қатар мал шаруа­шы­лығымен де айналысады. Қазір серіктестіктің қарама­ғында 1000 қаралы қой, 400-дей жылқы, 200-ге жуық қазақтың ақбас сиыры бар. Енді өнім­ділігі жоғары асыл тұқымды репродуктор шаруашылық құруға бел байлап отыр. Оның алғаш­қы қадамдары қазірдің өзінде жасала бастады. «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін да­мы­ту» бағдарламасы аясында «Со­лтүстік» әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясынан 227 миллион теңге жеңілдікті несие алып, жуырда Германиядан симменталь тұқымды 386 бас сиыр мен 14 бұқа әкелді. Таңдау неге осы асыл тұқымды малға түсті деген сауалымызға ферма мең­ге­рушісі Любовь Акст былай жауап берді. Симменталь сүтті, етті ірі қара мал тұқымы сана­лады. Мына сиырларды көрмей­сіздер ме? Желіндері жер сызып тұр. Дене тұрқылары ірі. 550-700 кило салмақ тартады. 800-850 килоға дейін барады. Жы­лына 7-10 мың литр сүт береді. Ауа райына тез бейімделгіш. Жергілікті жерге жерсініп кеткенше қолда бағылып, сосын жайылымға шығарылады. Күзде табын төлдей бастайды. Алдағы мақсат – құнарлы жем-шөп қорын жасау. Ол жағы да толық шешілген. Мал семірту алаңының жай-күйімен танысқан облыс әкімі Серік Біләлов жыл басынан бері республикамыздың өңірлері мен алыс-жақын шетелдерден төрт мың бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілгенін, таяу арада екі репродуктор шаруашылық құры­ла­тынын айтты. Мал тасумен айналысатын германиялық «Агротех Импекс ГмбХ» ком­паниясы шаруашылықтармен тікелей келісім-шарт жасап, жыл аяғына дейін 1200 мал жеткізуді міндеттенген. – Осынау игі істі ауданда бірінші болып «Зенченко и К» командиттік серіктестігі бастаған болатын. Биыл жазда «СБИ Агро-Ташкентка» ЖШС өз қаражатына Австриядан 120 бас симменталь сиырын жеткізді. Күзге салым «Солтүстік» ӘКК-нің қаржылық демеуімен Германиядан тағы 395 асыл тұқымды мал әкелетін болады. «Жанбай» шаруа қожалығының та­бын­дары Шығыс Қазақстан облы­сынан сатып алған  қазақтың ақ бас сиырларымен толықты. «Щеглово» шаруа қожалығы да мүдделілік танытып отыр,–дейді Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басты­ғының міндетін атқарушы Қай­рат Есетов. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы.