Кеше Орталық сайлау комиссиясы үстіміздегі жылдың 19 тамызында өтеді деп белгіленген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауына халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы мәселені қарады.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов күн тәртібіндегі мәселені жария еткеннен кейін қатысушылар алдында ОСК мүшесі Татьяна Охлопкова баяндама жасады. Оның хабарлауынша, еліміз сыртқы саясат ведомствосының ұсынысымен Парламент Сенаты депутаттарын сайлау барысын бақылау үшін Орталық сайлау комиссиясы жанынан халықаралық ұйымдардан 68 байқаушы тіркелген. Сонымен қатар, Сенат сайлауына байқаушы ретінде қатысу үшін Сыртқы істер министрлігінде тұрақты негізде 181 шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тіркелгендігі белгілі болды. Орталық сайлау комиссиясы мүшелері халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы күн тәртібіндегі мәселені бірауыздан қабылдады.
Салыстырмалы түрде алар болсақ, 2008 жылғы Сенат депутаттарын сайлауда шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 136 өкілі және халықаралық ұйымдардан байқаушы ретінде 58 адам тіркеуден өткен екен. Осы ретте шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері байқаушылар сияқты сайлау барысын еркін бақылай алатынын айта кету керек. Байқаушыларды аккредиттеу 13 тамызда толығымен аяқталатын болады.
Сондай-ақ, кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Тұрғанқұлов ТМД Миссиясы штабының басшысы – ТМД Атқару комитетінің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердегі Байқаушылар миссиясының ұйымдастыру-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі бөлімінің басшысы Е.Слобода мен осы миссия штабының мүшесі, ТМД Атқару комитетінің сараптамалық-құқықтық бөлімінің кеңесшісі Е.Козякты қабылдады. Аталған екі байқаушы да ұшақтан түсісімен кездесуге келіпті. Олар осында байқаушы куәлігін алды. Қ.Тұрғанқұлов ОСК ТМД миссиясына сайлау барысын бақылауда ұйымдастыру жөніндегі ақпараттық және өзге де көмектерді көрсетуге дайын екендігін білдірді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.