12 Тамыз, 2011

Жаңашылдық және жеделдік

571 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Комитет жинақтайтын құқық­тық статистикалық ақпарат про­ку­­рорлық қадағалауды жүзеге асыру кезінде, сондай-ақ барлық мемлекеттік органдар шешімдер қабылдаған кездерде де негізгі дереккөздің бірінен саналады. Со­нымен қатар, ол жеке және заңды тұлғаларды қоса алғанда барлық пайдаланушыларға ақпарат жеткізіп беруші болып отыр. Мәселен, 1998 жылы мемлекеттік орган­дар­дың, жеке және заңды тұлғалар­дың 33 мың сұрауына жауап берсе, 2008 жылы бұл көрсеткіш 60 есе артып, 2 миллион 102 мыңға жетті. Қазір комитетте 5 ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр, олар: «Бір­тұтас біріктірілген статистикалық жүйе», «Тұрғындардың арыз-ша­ғымдарының біртұтас есебі», «Арнайы есептер», «Авто­ма­т­тан­дырылған дактилоскопиялық ақ­па­раттық жүйе», сондай-ақ 24 мем­лекеттік және 8 құқық қорғау органдарына қызмет көрсететін «Ақпараттық сервис». Аталған жүйе өз қызметінде уақыт талабына сай, заманауи әдіс­терді енгізуді дәстүрге айналдырып келеді. Мәселен, келушілердің арыз-шағымдарын есепке қоюдан жасырып қалуды барынша азайту мақсатында хабарлама талонның электронды нұсқасын енгізу қолға алынды. Бұл бойынша арыз беруші өз арызы бойынша қабылданған шешімді интернет, CALL-орталық немесе SMS арқылы біліп отыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл сынақ өткен жылдың ая­ғы­на таман Ақмола мен Алматы облыстарында жүргізіліп, жақсы нәтижелер көрсетіп үлгерді. Со­ның арқасында осы облыстарда қылмыстар туралы хабарламалар мен шағымдар сәйкесінше 8,3 жә­не 33,6 пайыз артты. Сынақ жүр­гі­зілген 2 ай ішінде ғана арыз берушілерге 4 мыңдай талон берілді. Олар арқылы 2 мыңға жуық арыз беруші комитет сайтына, CALL – орталыққа кірді немесе SMS хабарлама жасады. Демек, олар мекемелердің табалдырығын тоздырмай-ақ өз шағымдарының нәтижесін біле алды. Мұның нә­ти­жесі азаматтар мен заңды тұл­ға­лар өз арыз-шағымдарының қа­ралу барысын интернет арқы­лы біліп отыруға мүмкіндік беретін «Айқын» жобасын жасауы­мыз­ға алып келді. Аталмыш жоба Ақмола облы­сы әкімдігінің жекелеген бөлім­ше­лерінде сынақтан өтіп, Көкше­тау қаласының мемлекеттік ор­ган­дарында қолдауға ие болды. Осы сынақ кезінде Ақмола облы­сы­ның жергілікті атқару орган­да­ры келушілердің арыз-шағым­да­рын қабылдау және тіркеу кезінде оларға 6 613 талон берді. Олар­дың 4 415-і, яғни 66,8 пайызы комитет сайтына кіріп, арыздары­ның одан арғы тағдырын біліп отырды. Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша енді бұл жобаны барлық орталық және жергілікті атқару органдарына енгізу мәселесі жасалу үстінде. Әрине, құқықтық статис­ти­ка­ны одан әрі дамыту жолында бас­қа да жобаларымыз бар. Мәсе­лен, өткен жылы «Өкілетті орган­дардың әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы істерді қарауының нәтижелері туралы» №1-АД деп аталатын статистикалық есептің жаңа түрі енгізілді. Бұған дейін елімізде бұл сала бойынша нақты ақпарат болмайтын, соған орай әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу жөніндегі жұмыстарды жақ­сар­туға да мүмкіндік жоқ еді. Аталмыш жобаны енгізгеннен ке­йін еліміздегі бұл саладағы ахуал­ды айқын көре алатын болдық. 2008 жылы – 47 миллиард, 2009 жылы 37,5 миллиард теңгенің айыппұлы мемлекет қазынасына түспей қал­ған. Ал өткен 2010 жылы 80 миллиард теңгеге жуық немесе жарты миллион доллар айыппұл қайтару­сыз қалған! Өндірілмеген айып­пұл­дар жөнінде Алматы қаласы (16 млрд.теңге) мен Шығыс Қазақстан облысы (10 млрд. теңге) алдыңғы қатарда тұр. Біз бүгінде жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік органдар билігіне өздері бақылау жасау мүмкіндігін беріп отырмыз. Бұл жөнінде электронды арыздарды тіркеу кітапшасы, электронды талон, «Бизнес тірегі» және «Айқын» сияқты инновациялық жобалар зор мүмкіндіктерге жол ашты. Осылар­дың арқасында есепке алу-тіркеу тәртібінің бұрынғы ұғымы мүлдем өзгеріп, ол жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Ол бүгінде арыз-шағым­дарды қабылдау және тіркеу дегенді ғана білдірмейді, ол енді арыз­дарды қарау және оның бұзыл­мауын қадағалау сияқты мәселе­лер­ді қоса қарастыратын болды. Үстіміздегі жылдың басынан бастап ішкі істер органдарында бұ­рын сынақ ретінде жүргізіліп келген хаттарды электронды тіркеу тәртібі жаппай енгізілуде. Ол өз кезегінде арыз-шағымдар туралы мә­лі­меттерді күн тәртібінен қалдыр­май, оларды уақтылы қарауға тікелей ықпал ететін болды. Бұл жү­йе негізінен құқық бұзушылықтың орын алуын анықтауға ғана емес, оның алдын алуға бағытталған. Сон­дай-ақ бұл жүйе кәсіпкерлерді негізсіз тек­серу­дің жолын кесуге де қызмет етеді. Осы мақсатпен электронды тіркеу мен тексерулерді есепке алу бағ­дар­ламалары біріктіріліп отыр. Бұған бір мысал, комитеттің Ал­маты қаласы бойынша басқар­масына «Дәулет-Құрылыс» компа­ния­сы» ЖШС-не тексеру жүргізу туралы ұй­ғарымымен салық коми­теті­нің қыз­меткері келеді. Тексеру арызды тіркеу кітапшасына тіркелген материалдар бойынша тағайын­далған. Алайда, электронды тіркеу кітапшасы арқы­лы ол материалдар бойынша қыл­мыстық іс қозғаудан бас тар­тыл­ғаны белгілі болды. Ал салық комитеті оған тергеу алды тексеруден жарты жыл өткен соң барып тағы да тексеру жүргізбек болған. Сөйтіп, өткен жарты жыл­дық­та тексеру тағайындау туралы 230 мың акті тіркелген болса олар­дың жартысынан астамы кәсіп­кер­лерге қатысты болып отыр. Мұны әрі қарай тарата түссек, тексеру­лер­дің жалпы санының 65 пайызы жоспардан тыс қана екен де, тек 35 пайызы ғана жоспар арқылы болып отыр. Міне, осы жоспардан тыс тек­серулердің бизнеске тұсау бо­ла­тыны мәлім, сондықтан бұл бағыт­та қада­ғалау қызметін күшейткен жөн. Ал жекелеген өңірлерде жоспардан тыс тексерулердің өзіндік сал­мағы тіпті 70 пайыз және одан да көп. Мәселен, Астана қаласында бұл көр­сет­кіш 77 пайыз, Ақтөбе облы­сын­да 76, Шы­ғыс Қазақстан мен Маң­ғыс­тау об­лыс­тарында 72 пайыздан. Сондықтан біз назарымызды заң­сыз тексеру фактілерін анықтау­дан көрі оларды тағайындау мен тіркеу кезінде алдын алуға аударып отырамыз. Өткен кезең ішінде 552 заңсыз тексеру анықталды, бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есе аз. 1660 тексеруге тіркеуден бас тартылды, бұл былтырғы жылғы көрсеткіштен 43 пайызға жуық артық. Заңсыз тексерулер жүргізулер Ішкі істер министрлігінде (214), Ауыл шаруашылығы министрлігінде (121), санитарлық-эпидемио­ло­гия­лық қадағалау органдарында (94) және әкімдіктерде (56) көбірек болып отыр. Сондай-ақ заңсыз тексерулер Жамбыл (82), Оңтүстік Қа­зақ­стан (77), Қарағанды (67), Шы­ғыс Қазақстан (62) және Ақтөбе облыстарында да көп байқалады. Арыздарды электронды тіркеу тіркеу кезінде адам факторын не­ғұр­лым азайтып, оларды жедел қарауға, құқық қорғау органдары жұмысының ашықтығын қамта­ма­сыз етуге және олардың процес­суал­дық шешім қабылдаудағы жауапкершілігін арттыруға мол мүм­кіндіктер туғызатыны анық. Оған осы жобаның нәтижесінде арыздарды жедел қарау соңғы 5 жылда алғаш рет 23 пайыз артып, 58 пайызға жеткені дәлел. Бұл әдісті биылғы жылдан бастап қаржы полициясы органдарына да енгізіп жатырмыз. Мұнда да басқа міндеттермен бірге кәсіпкер­лер­ге осы органның өзі тағайын­да­ған заң­сыз тексерулерді жою жө­нін­дегі қо­сымша міндеттер көз­делінген. Бұл үшін арыздарды электрон­ды тіркеу мен тексерулерді есепке алу бағдарламалары біріктірілді. Соның нәтижесінде, тіркелген арыз-шағымдар туралы электрон­ды мәлі­мет­тердің арқасында прокуратура органдары қаржы поли­циясы қыз­меткерлері тарапынан болатын негізсіз іс-әрекеттерді ба­рынша азай­­тып, мұндай заң бұзу­шы­лық­тарды алдағы уақытта бол­дырмау­ жөнінде шаралар қабыл­дайтын болды. Үстіміздегі жылы өткен Құқық қорғау органдарының үйлестіру ке­ңесінің шешімімен 1 маусымнан бас­тап бұл жоба барлық құқық қорғау органдарына жаппай енгізілетін болып, оны Төтенше жағ­дай­лар министрлігі мен Қылмыс­тық-атқару жүйесі органдарына да енгізу мәселелері қарастырылу үстінде. Тексерулердің ашықтығын арт­тыру мақсатында кәсіпкерлерге өздеріне жүргізілетін тексеру тіркелген бе, өзіне қатысты жоспарлы тексерудің негізі бар ма деген сұрақтарды бірден біле алатындай мүмкіндіктер жасалды. Бұл үшін кез келген кәсіпкер біздің www.pravstat.kz сайтымыз­дағы ақпараттық жүйеге актідегі тіркеу нөмірі арқылы кіріп, оны тиісті жолаққа енгізіп, ол тіркеудің анық­тығын, тексеруші органның атын, тексеру мәселесі мен оның жүргізі­ле­тін кезеңін, тіпті тексеруге келген адамның өзі туралы да ақпарат­тар­ды қолма-қол ала алады. Сонымен қатар, комитет кә­сіп­керге құқықтық көмек те беріп, ол тексеру парағымен, тәрті­бі­мен, тексеруші жақтың, сондай-ақ өзінің де негізгі құқықтары және міндеттерімен таныса ала­ды. Тексеру туралы осындай ақ­па­ратты тіркеу нөмірін 1012 деген қысқа нөмірге жіберу арқылы да дереу алуға болады. Тексеру жүргізу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған шараларымыздың бірі біз енгізіп отырған «Бизнес тірегі» жобасы болып отыр. Кәсіпкерлер өз құқықтарын жетік білмегендіктен көбіне заң бұзушылықтарға өздері жол беріп жататыны жасырын емес. Сон­дық­тан да біздің сайт арқылы олар өздеріне тексерумен келген органның тексеру парағымен жә­не тексеру тәртібі берілген жауап­пен танысуының мәні зор. Бұл жобаның бір артықшы­лығы, кәсіпкерге тексеруші тексеру кезінде құқық бұзушылық жасаса оны дереу хабарлауға мүм­кін­дік берілген. Мұндай ретте бұл жүйе кәсіпкердің ол хабарла­масын ол заңсыздық орын алған аймақтың прокуратура органына автоматты түрде бірден түсіреді. Мұндай хабарламаға Бас Прокурордың нұсқауымен аумақ­тық прокуратураларда арнайы құ­рылған жедел топтар бірден ара­ла­сады. Құрамына аумақтық прокуратуралар, комитет басқар­ма­лары қызметкерлері, кәсіпкер­лер­дің қоғамдық бірлестіктері мен бұқаралық ақпарат құрал­да­ры өкіл­дері кіретін топтар кәсіп­кер­лердің құқықтарының бұзы­луы­ның кез келген дабылына дереу араласып, ол жерге бірден жетіп, кәсіпкердің өзіне тікелей жо­лы­ғып, мәселенің анық-қанығын сол жерде-ақ шешіп кетеді. Бұл арада кәсіпкерлердің про­ку­рорларға хабарласудан қауіп­те­нетін ешбір жөні жоқ, өйткені, жедел топтардың әрекеті өздері­нен көмек сұраған кәсіпкерлерге қар­сы ешбір жағдайда да жұмсал­май­ды. Кейбір жағдайларда кәсіп­керге тиісінше түсіндірулер ай­тылуы мүмкін. Бұл жоба қазірдің өзінде өз жемісін беріп отыр. Ол қосыл­ған­нан кейінгі бірінші айдың өзінде бір жарым мың кәсіпкер интернет арқылы өз тіркеулерін тексеріп үлгерді, ал олардың 550-і оны мобильді байланыс арқылы-ақ жүзеге асырған. Ал кәсіпкерлерден келіп түс­кен хабарламалардың 62 пайы­зын­да заң бұзушылықтың орын ал­ғаны расталып, олар бойынша 23 адамға әкімшілік іс қозғалды, қал­ғандары бойынша ықпал ету­дің бас­­қалай шаралары қолданылды. Мәселен, Павлодар облысы­ның Успен ауданының прокура­ту­ра­сы кәсіпкер Әбілдиновтің электронды портал арқылы жаса­ған хабарла­масына дереу арала­сып, заңсыз тексеру жүргізудің жолын кесті. Сөй­тіп, оған кінәлі Ауыл шаруа­шы­лығы министр­лігі­нің екі қыз­мет­кері әкім­шілік жауап­қа тартылды. Бұл жоба енгізілгеннен бері осы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда екінші тоқсанда заңсыз тексерулерді тіркеуден бас тарту саны 65 пайыз артты. Енді кәсіпкерлердің тіркеуді тексеріп, ол дұрыс болмаса дереу прокуратура органдарына дереу хабарлай алатынын білетін мемлекеттік органдар бұдан былай тіркеусіз тексеру жүргізбейтін бол­ды, ал оның барысында негізсіз тексерулердің жолы кесіліп отыратыны сөзсіз. Жалпы алғанда, бұл әдісті ен­гізу заң бұзушылық туралы хабар­ламаларға араласудың жеделдігін бірден арттыруға мүмкіндік беріп, заңсыз тексерулердің алдын алып, олардан кәсіпкерлерге келетін ке­лең­сіз салдарларды азайту жөнін­де­гі жұмыстардың тиімділігін еселей түсері сөзсіз. Марат АХМЕТЖАНОВ, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы.