Осы күндері Астана қаласының іргесінде жыл сайын Конституция күніне байланысты өтетін әскери шеруге дайындық шаралары өтуде. Оған Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық түрлерінде әскери борышын өтеп жүрген сардарлар мен сарбаздардың озаттары қатысуда.
Биылғы шеруге дайындық 21 шілде күні басталды. Осы кезден бастап қаланың іргесінде орналасқан 68665 әскери бөлімде сарбаздар күн сайын таңертеңнен кешке дейін сапта жүруге, әскери техниканың үлгілерін көрсетуге дайындалуда.
Аталған әскери бөлімнің іргесінде жылдағы дәстүр бойынша ашылған шатырлы қалашықта 3000-ға жуық әскери қызметшілер орналастырылды. Олардың ішінде офицерлер, келісім-шарттағы әскери қызметшілер, әскери оқу орындарының курсанттары мен мерзімді қызметтегі сарбаздар бар. Шатырлы қалашықты ұйымдастыру ісімен 200-ден астам әскери қызметшілер, оның ішінде бірінші болып қалашықты құруға Құрлық әскерлерінің бөлімшелері айналысты. Қазір мұнда 170-тен астам шатыр тұрғызылған. Онда жатын орын ғана емес, басқарма штабы, медициналық пункт, далалық асхана және монша орналасқан. Кеше әскери шеруге дайындықпен танысу мақсатында осы қалашыққа барғанымызда, асхана мен кітапхана және басқа да демалыс орындары жұмысының жақсы жолға қойылғанына көз жеткіздік. Мұнда сарбаздарды ас-сумен «Нұр ислам» ЖШС қамтамасыз етеді. Аталған фирманың директоры Жамалия Асателлаеваның айтуынша, олар жыл сайын сарбаздарды бір айдан
астам уақыт күніне үш мезгіл тамақтандырып отырады. Асханада барлық тамақтар халал тағамдарынан жасалады. Қазір онда өз ісіне шебер аспаздар жұмыс істеп, барлық әскери қызметшілердің көңілінен шығып отыр. Ал кітапхана мен басқа да демалыс орындарында болғанымызда «Егемен Қазақстан» газетінің төрде орын алып тұрғаны көзімізге оттай басылды. Әскери қызметшілер мен басқа да сарбаздар еліміздің бас газетінен елдегі жаңалықтардан құлағдар болып жатқандарын жасырмады. Мәселен, өзін Әскери теңіз күштерінің лейтенанты Рустам Қалабаев деп таныстырған газетіміздің оқырманы Астанаға шеруге қатысу үшін Ақтау қаласынан келгенін, әскери қызметке дейін Алматыдағы Политехникалық институтта, одан кейін Санкт-Петербургтегі Әскери-теңіз институтында 6 жыл оқығанын айтты.
Бұл жерде адам санының көптігіне байланысты күн тәртібі қатаң талап етіледі. Ертеңгі ұйқыдан тұру, дене жаттығулары мен сап түзеу – бәрі-бәрі бір ізге түсірілген. Сарбаздардың кешке теледидар қарап, жаңалықтармен таныс болуына, интернетпен онлайн режімінде скайп бағдарламасы арқылы туған-туысқандарымен байланыс жасауына мүмкіндік бар. Сонымен бірге, әскери қызметшілерге демалыс күндері қалаға барып, серуендеуге жағдай туғызылса, олар үшін әр жексенбі сайын концерттер де ұйымдастырылуда. Мәселен, 10 тамыз күні сарбаздар «Астана-Арена» стадионында футболдан Қазақстан мен Сирия құрамаларының арасында өткен жолдастық кездесуді тамашалап қайтыпты. Осы шатырлы қалашықтың бастығы, полковник Еркеболат Оспановтың айтуынша, биыл парад есептоптарының саны көбейіп отыр. Былтырғыға қарағанда 800 адамға көбейіпті. Соның нәтижесінде шатырлардың саны да біршама өскен. Биылғы шеруде екі бірдей әскери әйелдерден құралған есептоп та сап түзейтін болады. Қазір әйелдер шатырлы қалашықта емес, әскери бөлімнің казармасына орналастырылды. Тағы айтатын нәрсе, шеруге тау атқыштары ротасы да қосылып отыр. «Біріккен әскери оркестрге, әдеттегідей, Қорғаныс министрлігі Әскери-оркестрлік қызметінің бастығы – бас әскери дирижер, полковник Александр Беляев жетекшілік етеді. Оның құрамында Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрі, Ішкі әскерлердің Орталық әскери оркестрі, Республикалық ұланның оркестрі, сондай-ақ министрліктің әскери оқу орындары мен бөлімдерінің әскери оркестрлері болады. Барлығы 245 музыкант шеруге қатысады. Офицерлік есептоптар парадтық киім үлгісімен сап түзесе, қалған «қораптар» бас алаңнан далалық киім үлгісімен жүріп өтеді. Зымыраншылар, артиллеристер, мотоатқыштар, десантшылар толық жабдықпен сап түзейтін болады», – дейді ол.
Бұдан басқа офицерден білгеніміз, биылғы шеруде әскери ұшқыштар жоғары пилотажды фигуралар жасайтын болады. Жалпы, әскери шеру ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналғандықтан, кең көлемді әрі қызықты болады деп күтілуде. Қазірдің өзінде жаяу лектердің дайындығына жақсы баға беріп отыр.
Дастан КЕНЖАЛИН, Суретті түсірген Роман КАЗУНИН.