13 Тамыз, 2011

Атом құрбандарын еске алды

415 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елордадағы Ұлттық мұрағатта атом жарылысы құрбандарын еске алу рәсімі өтті. Оған «Нұр Отан» ХДП, Австралия мен Қазақстанның достық және мәдениет қауымдастығының, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешенінің, сондай-ақ Астананың этномәдени орталықтарының өкілдері қатысты. Шара барысында мұрағаттың бас директоры Рысты Сариева Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған, Семей полигонында сыналған 450-ден астам атом жарылыстарының, Черно­быль мен Фукусима атом электр стансаларындағы апаттардың көп­те­ген адамдардың өмірін қиып, денсаулықтарына айтарлықтай нұқ­сан келтіргендігіне тоқталып өтті. Сондай-ақ, ол: «Біздің мақса­тымыз – болашақ ұрпаққа атом жа­рылысының миллиондаған адамзат баласына қайғы-қасірет әкеле­тін­дігі туралы ақпарат жеткізу, келешек ұрпақтарымызды мұндай қателіктерге бой алдырмауға үн­деуге шақыру»,  деді. Шара барысында, ядролық жарылыс құрбандарын еске алуға арналған іс-шараға қатысушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын Нобель сый­лы­ғына ұсыну жағын кеңінен сөз етті. Атап айтқанда, ядролық жарылыс құрбандарын еске алуға арналған «Жапония жаңғырығы» атты іс-шаралар циклінің қатысушылары Елбасы Н.Назарбаевтың Семей сынақ полигонын жабу жөніндегі шешімін қолдайтындықтарын айта келе, сонымен бірге ядролық қару­сыз­дану бастамасы үшін бейбітшілік саласындағы Нобель сый­лы­ғына Елбасы кандидатурасы лайық деген ұсыныс жасады. Сонымен қатар, бүгінгі шараға қатысушылар  ядролық әлеуетке ие державалар мен мемлекеттердің бас­шыларын ядролық қаруды таратпау және пайдаланбау мәселе­ле­ріндегі халықаралық келісімді мүл­тіксіз сақ­тауға, жаппай қырып-жою қару­ын сынақтан өткізуді толы­ғы­мен тоқ­татуға және қолданыстағы ядролық полигондарды жабуға шақырды. Естеріңізге сала кетейік, елор­дада­ғы Ұлттық мұрағатта тамыз айы­ның 6-сы күні ядролық жарылыс құр­бан­дарын еске алуға арналған іс-шаралар циклі басталған бола­тын. Шара тамыздың 29-на дейін жалғаспақ. Жұлдыз БАЙДІЛДА.