13 Тамыз, 2011

Ұйым қызметі ұйысқанда күшейеді

321 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуі болды. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отунбаева, Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев қатысты.   «RIXOS» қонақүйінде ҰҚШҰ-ға мүше елдер басшыларын қар­сы алған Президент Нұрсұлтан Назарбаев кездесу бейресми жү­ретіндіктен, оған галстуксіз келген. Алайда, Ресей Феде­ра­циясының Президенті Дмитрий Медведев мойнындағы галстугін шешпеген екен. Қазақстан Президенті назары ауып, кез­десу­дің бейресмилігін еске салғанда езуін жимаған Ресей басшысы жалмажан галстугін шешіп қалтасына салып жатты. Жайдары күлкісімен мейман­дарды қабылдап, отырыс өтетін залға кірген Нұрсұлтан Назарбаев мәжілісті бастап кетті. Уәделі уақытта басқосуға кел­гендері үшін мемлекет бас­шы­ларына алғысын жеткізген Н.Назарбаев: «Мұндай бейресми кездесулер нақты бір жағ­дайлар бойынша біздің өзара бай­ланысымыздағы өзекті мә­се­лелерді кеңінен талқылауға жақ­сы мүмкіндік туғызады. Осы­ған орай, бүгін біз бірқатар мәселелер бойынша пікір ал­масуға жиналып отырмыз. Атап айтқанда, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер үшін жаһандық және өңірлік тәуекелдерге қатысты, ұйымға мүше елдердің қауіп­сіздігі мен тұрақты дамуына қатысты мәселелер көтерілмек. Мұнда негізінен әлемде және өңірлерде орын алып отырған соңғы оқиғаларға байланысты мәселелердің маңызы зор. Сон­дай-ақ мүше мемлекеттер бас­шы­лары ұйым қызметінің тиімділігін одан сайын арттыру мә­селелерін талқылайтын бола­ды», – дей келіп, бейресми кездесу барысында алдағы уақытта АҚШ қарулы күштерінің Ауған­стан аумағынан шығарылуы, сондай-ақ ҰҚШҰ жауапкершілігі аумағындағы табиғи және техногендік проблемалар жай­ын­да әңгіме өрбіп, халықаралық лаңкестік, есірткі мен қару-жа­рақтың заңсыз айналымының өр­шу қатерлері туралы және ақпа­рат­тық қауіпсіздіктің өзекті мәсе­лелері талқыланатынын жет­кізді. – Бұл ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының бесінші кездесуі. Ал мұндай басқо­сулардың негізі біздің елімізде 2008 жылдың 19-21 желтоқсаны күндері қаланған болатын. Ар­қаның алтын алқасы – сұлу Көкшенің гауһар тәжі Бурабайда бастауын алған осындай кездесулерде ресми құжат, шешімдер қабылданбағанымен, ол көптеген маңызды мәселелер бойынша ой тоғыстырудың тамаша алаңы болған еді. Бурабайдан кейін бейресми кездесулер Шолпан-Атада 31 шілде мен 1 тамыз аралығында келесі жылы өтсе, 2010 жылдың ма­мы­рында Мәскеуде, ал 2010 жыл­дың тамызында Ереванда өткен. Енді, міне, Ұйымға мүше мемлекеттердің басшыла­ры жан-жақтан жол тартып, Ас­танадағы «RIXOS» қонақүйінде бас қосты. Мәселен, Армения Президенті Серж Саргсян Ас­танаға Армениядан емес, Кипр­ден жетіпті. Жиынды ашқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұйымның биылғы төрағасы Беларусь мемлекеті болғандықтан, оның жетекшілігін Лукашенкоға ұсын­ды. Бұдан кейінгі отырыс жабық есік жағдайында өтті. Екі сағат жүрген жиын аяқталған соң тағатсыздана күтіп отырған жур­налистер алдына Беларусь Президенті, ҰҚШҰ төрағасы Александр Лукашенко шықты. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының атынан жиында көтерілген мәселелерді ортаға салған Александр Лукашенко: «Жүздесу барысында біз ҰҚШҰ шеңберінде жүзеге асып жатқан жұмыстардың барлы­ғына сыни көзқарасымызды біл­дірдік. Бұл ретте, ең алдымен, бірқатар кемшіліктердің, оның ішінде ішкі сипаттағы олқы­лықтардың орын алып отыр­ғанына назар аудардық. Осы орайда мен бүгінгі күні ұйымға қатысушы мемлекеттерде кездесетін проблемаларды ғана емес, ұйымға қатысушы мемлекет­тер­дің арасындағы мәселелерді де меңзеп отырмын. Мұндай проблемалар баршылық және осы­ны ескере келе, біз бірауыздан биылдан бастап-ақ маңызды қадамдар жасауға уағдаластық. Ондай қадамдар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйы­мының рөлін арттыратын бо­лады», – деді. Ұйым төрағасы ағымдағы жылдың өзінде ҰҚШҰ шын мә­нінде жанданып, оның ұжым­дық күштерін жиынтықтау мен қаруландыру ісінің де биыл аяқталатынын айтты. Қазіргі күні әлемде, оның ішінде араб елдерінде, Африканың сол­түс­тік аймағындағы мемлекеттерде орын алып жатқан соңғы оқи­ға­лар­ға байланысты бізде көп­те­ген әре­кеттесетін бағыттар ту­ын­дауда. Осының барлығын а­нық байқап отырмыз. Сон­дық­тан да, біз өз ішімізде бірлескен күшімізді жұ­мылдыра отырып, ықтимал түрлі қатерлерге қарсы тұру ша­раларын жүзеге асы­ра­тын бо­ламыз. Мұндай қатерлер негізінде, ең алдымен, ақпа­рат­тық және киберкеңістіктегі қауіп­сіздікке баса назар ауда­ры­ла­ды. Біз, со­нымен бірге, ұй­ымға қатысты қол қойылған нор­мативтік құ­қық­тық құжат­тар­дың да ра­ти­фи­ка­циялануын әңгімеледік. Ұй­ы­мның ресми отырысына дейін олар рати­фи­кацияланып, заңдық күшіне енетін болады, деді Александр Лукашенко. Ал бүгінгі бейресми жиын­ның басты лейтмотиві деп ұй­ым­н­ың пәрменділігін арттырып, оны күшейту деп айтуға болады деп ой қорытты ҰҚШҰ төрағасы. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.