Атырауда отын қоймасы қайта жаңғыртылды
«ҚАЗАҚСТАН-ОЭК» ЖШС («ҚАЗАҚСТАН – Отын-энергетикалық кешені») отандық мұнай өнімдері нарығында 2001 жылдан бастап жұмыс атқарып келеді. Компанияның әріптестермен және клиенттермен жұмыс істеуде 10 жылдық табысты тәжірибесі бар. Мұндағы кәсіби ұжым және техникалық мүмкіндіктер қызметтер кешенін қажетті көлемде және шапшаң жүзеге асыруға жол ашып отыр.
«Қазақстан-ОЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл еліміздің Көлік және байланыс қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күнін негізгі әріптестері «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-мен бірге арнайы дайындаған Инвестициялық бағдарлама аясында заманауи технологиямен жарақтандырылған Атырау отын қоймасын пайдалануға берілуі салтанатымен ерекше атап өтті. Салтанатты ашылу рәсімінде компания қызметінің негізгі тұтынушысы – «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның вице-президенті Е.Сұлтанов, «Локомотив» АҚ президенті М.Медеубаев, Атырау магистралды желiлер бөлiмшесінің директоры О.Райысов Инвестициялық бағдарлама шешімінің маңыздылығын атап өтіп, қызметкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Нысанды пайдалануға беру нәтижесі жобаға сәйкес сұйық қойма паркінің жалпы сақтау көлемі ұлғайтылуы, бөшке ыдысқа майды өлшеп құю цехының салынуы серіктестіктің қызметкерлері мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшыларының назарына ұсынылды.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенті Е.Сұлтанов мырза құттықтау сөзінде, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның бүгінде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырғанын, атап айтқанда еліміздің көлік әлеуеті деңгейінің жоғарылауының, темiр жол және оның құрамының жаңғыртулар бойынша өткiзiлетiн іс-шаралар бойынша алға басуы растайды, соған байланысты «Қазақстан-ОЭК» ЖШС-ның қалпына келтiру жобасы республиканың барлық темiр жол инфрақұрылымын жаңартуда құрама бөлiк болып табылады, – деді.
Өткен жылы компанияның сапа менеджменті жүйесінің халықаралық ISO-9001:2008 стандартының талаптарына сәйкестігін UKAS (United Kingdom Accreditation Service) тағайындаған сертификаттау жөніндегі «BM TRADA Certification» Британ Корольдігінің органы сертификаттаған. Сертификаттау саласы – мұнай базаларының қызметтері – мұнай өнімдерін қабылдау, сақтау және өткізу. ISO-9001:2008 халықаралық стандарттар талаптарына сәйкестілік ХСС сертификатының берілуі – тұтынушылар мен тапсырысшылардың талап-тілектерін қанағаттандыруға көзделген қызмет сапасының қамтамасыз етілуін дәлелдейді. Биыл компанияның инспекциялық аудиттен сәтті өтуі нәтижелі жұмысты, сондай-ақ компанияның сапа менеджменті жүйесін үнемі жақсартып отыруын растады.
Қызметтің ашықтығы, әрі айқындығы – компания табыстылығының кепілі. Компанияның қаржылық есебі халықаралық стандарттарға (IFRS) сәйкес келеді. Оған халықаралық аудиторлық компаниялар («KPMG Audit», Deloitte&Touche) өткізетін жыл сайынғы аудит дәлел бола алады. Сонымен қатар, аудиттелген қаржылық есептің жыл сайын сәуір-мамыр айларында алынуы компания қызметінің табысты нәтижесі болып табылатынын атап өту керек. Өйткені, аудиттелген қаржылық есептің сондай, немесе ертерек кезде алынуы тек бағалы қағаздары халықаралық қор нарықтарында және жеке ұлттық компанияларда орналастырылған бұқаралық компанияларда ғана болады.
Компания қызметтері бағасының құрылу айқындылығы жыл сайын заңнамаға сәйкес бекітілген тәртіпте Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің тауардың сатылу бағасының негізделген деңгейін қарастыру және мақұлдау процедурасынан өту арқылы қамтамасыз етіледі. Себебі 2008 жылдан бастап, «ҚАЗАҚСТАН-ОЭК» ЖШС Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің шешімімен басым жағдайға ие нарық субъектілері реестріне енгізілді. Бұдан басқа монополияға қарсы заңнама талаптарына сәйкес, компания тұрақты негізде, сәйкес мемлекеттік органдарға қажетті есепті, соның ішінде тоқсан сайын қаржылық есепті беріп отырады.
Компанияның бас директоры Мейрамгүл Жүзбаеваның айтуынша, стратегиялық міндеттерді іске асыруды ескергенде, қаржылық көрсеткіштердің қозғалысы жалпы компания жұмысының табыстылығын куәландырады. Мысалы, 2011 жылдың 1 жарты жылдығының нәтижесі бойынша компания өтімділігінің өсу қарқыны 2008 жылмен салыстырғанда +58% құрады. Ал активтер кірістілігі 13,2 пайызға өсті. Бұл компанияның тұрақты қаржылық жағдайын растайды. Осылайша компания операциялық және инвестициялық қызметті қаржыландыру қажеттілігін қамтамасыз ететін өтімділіктің қажетті қорына ие. Айналмалы капиталды қаржыландыру бойынша, әрі өндірістік нысандардың құрылысы мен қайта құрылуына арналған ашық несиелік бағыттардың болуы компанияның қосымша қаржылық икемділігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ компанияның тартымдылығын және несиелік қаржыны берген қаржы құрылымдарының сенімін дәлелдей түседі.
Компания қызметін негізінен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ («ҚТЖ») және оның еншілес
ұйымдары тұтынады. Қажетті өндірістік жабдықпен, кіріс жолдармен, жанар-жағармай материалдарын (ЖЖМ) және қатты отынды сақтауға арналған ыдыстармен, сұйық қоймалармен жабдықталған қоймалардың тармақталған желісінің болуы, сондай-ақ қоймалардың теміржол тараулары бойында орналасуы «ҚАЗАҚСТАН-ОЭК» ЖШС-ға тапсырысшының талаптарына сәйкес оның локомотивтеріне ұтқыр, әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл компанияда майлар мен жағармайлардың жылдық айналымы 30 000 тоннаны, соның ішінде дизельді майлар 450 тоннаны, бензин 20 000 тоннаны, мазут пен көмір 300 000 тоннаны құраса, локомотивтерді дизель отынымен жабдықтау көлемі 720 000 астам тоннаны құрайды. «ҚАЗАҚСТАН-ОЭК» ЖШС-ның ресурстық базасының құрамына Қазақстанның едәуір аумағын (80%) алып жатқан 53 отын қоймасынан тұратын желісі кіреді. Осы қоймаларға дизельді отынды, майларды және жағармайларды сақтауға арналған сыйымдылығы 315 мың текше метрден асатын сұйық қоймалар, сондай-ақ қатты отынды сақтауға арналған жалпы ауданы 160 мың шаршы метрден асатын арнайы алаңқайлар кіреді.
«ҚАЗАҚСТАН-ОЭК» компаниясы толығымен жеке меншік компания болып табылады. Компания өз бастамасымен 2010 жылдан бастап Инвестициялық отын қоймаларын қайта құру бағдарламасын іске асыра бастады. Инвестициялық бағдарламаның шараларын жүзеге асыру арқылы іске асырылатын мақсаттар мен міндеттер республиканың жалпы индустриялық даму, соның ішінде негізгі өндірістік қорларды модернизациялау, қайта құру, салу және күрделі жөндеу стратегиясына сәйкес келеді. Инвестициялық бағдарламаны жасаудың бірінші кезеңі отын қоймаларының техникалық жағдайын толық тексеру және табылған сәйкессіздіктерді жою жөніндегі жобалық шешімдерді анықтау болды. Бұл жұмысты «Казгипронефтетранс» ШК» ЖШС жобалық институты жүргізді. Отын қоймаларын қайта құру қатаң түрде маманданған жобалық ұйымдар әзірлеген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады. Ол ұйымдардың ішінде мемлекеттік сараптамадан өткен «Интранском» ЖШС, «Мұнайграфика» ЖШС, «Ақмарал» ЖШС бар. Инвестициялық бағдарламаны іске асыру қорытындысы бойынша компанияның барлық отын қоймалары тек қазақстандық қана емес, сонымен қатар халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келуі тиіс.
Былтыр Жамбыл станциясында отын қоймасының сақтау қызметтерін есепке алу мен бақылау үдерістерін кешенді автоматтандыру жүйесі енгізіліп, қайта құру жұмысы толығымен аяқталды. Бұл автоматтандыру жүйесі локомотивтердің багына ЖЖМ-ды қашықтықтан құюға және ЖЖМ қозғалысын автоматты түрде есепке алуға (соның ішінде мұнай өнімдерін қабылдауға, сақтауға және жіберуге) мүмкіндік береді. Оған қоса, IP-телефонияға тікелей қосылу арқасында өндірістік нысаны және бастапқы деректерді жинап-біріктіретін бөлімше арасында деректерді электрондық нұсқада кодтап алмасуға мүмкіндік туды. Сөйтіп, отын қоймаларында енгізілетін кешенді автоматтандыру жүйесі автоматты бақылау жүргізуге (соның ішінде «он-лайн режімінде») және өндірістің технологиялық үдерістерін басқаруға, сонымен бірге, мұнай өнімдерін қабылдауға, ауыстырып құюға, сақтауға және жіберуге, ЖЖМ қозғалысы жөніндегі деректерді автоматты орталықтандырылған түрде жылдам жинақтауға, есепке алуға және өңдеуге мүмкіндік береді. Еліміздің бүкіл аумағында орналасқан 53 отын қоймасының жұмыс істеуі жағдайында мұның маңызы өте зор.
Жақында Атырау қаласындағы отын қоймасында қайта жаңғырту аяқталды. Өндірісті тұрақтандыруға және нарық құбылмалылығының тәуекелін төмендетуге, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның қажеттілігін үнемі қамтамасыз етуге қажетті көлемдегі өнімдер қорын құру үшін мұнай өңдеу зауыттарының маңында орналасқан отын қоймаларындағы сұйық қойма паркін ұлғайту «ҚАЗАҚСТАН-ОЭК» ЖШС-ның стратегиялық шешімдерінің бірі болды. Атырау отын қоймасын қайта құру жұмыстары 2010 жылдың желтоқсанында басталды. Қайта құру барысында әбден ескірген, пайдалану мерзімі 30 жылдан асқан барлық жабдық, әлдеқайда әлеуетті отандық және импорттық өндіріс баламасына ауыстырылып, жаңартылды. Жаңа төменгі ағызу құрылғысын (УСН-150), жоғарғы құю құрылғысын (УНЖВ-100АС-02) монтаждау арқылы теміржол ағызу-құю эстакадасы модернизацияланды. Мұнай өнімдерін қабылдау және жіберу үшін манифольды технологиялық жүйесі бар сорғы стансасы жетілдірілді. Мұнай өнімдерін темір жол цистерналарынан сұйық қоймаларға (РВС) ағызу және ауыстырып құю үшін өнімділігі сағатына 120 текше метр болатын 6НК-9л1с сорғы орнатылды. Бұл ағызу уақытын қысқартып, вагондық цистернаның босқа тұрып қалмауына мүмкіндік береді. Сонымен бірге сыйымдылығы 200 литр бөшке ыдысқа май құюға арналған жиілік өңдегіші бар өнімділігі сағатына 2,5 текше метрлік НМШ5-25-2,5 үлгідегі сорғы орнатылды. Жылдың суық кездерінде қабылданатын майларды жылыту үшін арнайы ГЖЭ-55 жабдығы пайдаланылады.
Жобада құрылыс құрылымдарын тотығудан және гидрооқшаулықтан қорғау қарастырылып, толықтай орындалды. Мұнай өнімдерін қабылдауға, сақтауға және жіберуге арналған нысандарды салуда мол тәжірибесі бар қазақстандық компания – «ГлобалСтройСнаб» ЖШС Атырау станциясының отын қоймасын қайта құру жобасы бойынша бас мердігер болып таңдалды. Компанияның бүкіл штаты жоғары білікті мамандардан құралған. Осы жобаны іске асыру кезінде бас мердігер құрылыс үдерістеріне қазақстандық құрылыс материалдарын мейлінше көбірек қолдану қағидасын басшылыққа алды. Көлемі 3000 текше метр және 75 текше метрлік барлық сұйық қойма паркін, барлық дренаждық ыдыстарды және металл құрылымдарды қазақстандық кәсіпорындар жасаған. Сорғы жабдығы, тыныс клапандары, ысырмалар, жеңіл-желпі тазартуға арналған сүзгілер Кедендік Одақ елдерінің өнімдері болып табылады. Сәйкесінше, Атырау станциясының отын қоймасын қайта құру жобасына салынған инвестициялардың 70 пайызы қазақстандық қатысумен қамтамасыз етілді. Сөйтіп, жобаға сәйкес сұйық қойма паркінің дизель отынын жалпы сақтау көлемі 6 859 текше метрден 14 679 текше метрге дейін ұлғайтылды.
– Қазақстанның теміржолдарымен жүк тасымалдайтын, жолаушыларды бір қаладан екінші қалаға жеткізетін жолаушылар құрамаларын жеткізетін тепловоздар үнемі тоқтамауы үшін біздің қызметіміздің маңызы зор. Сол себептен біз барлық станциялардағы отын қоймаларын жаңғыртуды қолға алдық. Биылғы жыл аяғына дейін, – дейді «Қазақстан-ОЭК» ЖШС бас директоры Мейрамгүл Жүзбаева, – тағы да 8 станциядағы отын қоймасы жаңғыртылады. Алдағы уақытта Атыраудағы отын қоймасының қызметін есепке алу мен бақылау үдерісін кешенді автоматтандыру жүйесімен қамтамасыз ету ойда бар. Жалпы Атырау станциясындағы отын қоймасын жаңғыртуға шамамен 1 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынды. Келешекте Қазақстан – Түркіменстан шекарасындағы Болашақ станциясында, сондай-ақ, Қазақстан – Қытай шекарасындағы Алтынкөл станциясында жаңадан отын қоймасы салынатын болады. Бұл жаңадан салынатын қоймаларда 50 жұмыс орны ашылады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
Атырау облысы.
Суреттерде: «ҚТЖ» ҰК» АҚ вице президенті Е.Сұлтанов, «Локомотив» АҚ президенті М.Медеубаев және «ҚАЗАҚСТАН-ОЭК» ЖШС бас директоры М.Жүзбаева Атырау отын қоймасының салтанатты ашылуы сәтінде.