16 Тамыз, 2011

84 жастағы соғыс ардагерінің қуанышы

394 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Осыдан тура бір жыл бұрын: «83 жастағы соғыс ардагері сер­гел­дең болып жүр» деп мақала жазғанбыз («Егемен Қазақ­стан», 2010 жыл, тамыз.). Се­р­гел­деңге түскен ардагеріміз Тараз қала­сын­да тұратын Әшім атты жал­ғызілікті қария еді. Сол мақалада Ұлы Отан со­ғысы ардагеріне теңестірілген Әшім Иембердиев (Смайылов) ақ­сақалдың сонау 1989 жылы үйін кеңейту мақсатында кезекке тұрғаны, бірақ арада 21 жыл өтсе де бюрократтық түрлі кедер­гі­лер­дің салдарынан оған қолы жетпей жүргені баяндалған. Сөзбе-сөз мысал келтірсек мақаламыз: «...Әшім ата қайырымды қала басшыларынан әлі де күдер үзер емес. Бүгінде 83 жасқа келген ақсақал (1927 жылы ту­ған) Жамбыл облысының Жам­был ауданынан әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын 1943-1948 жылдары Ресей елі аумағында атқарып­ты. Тіпті 1950 жылы әскерге қайта шақырылып, содан 1953 жылға дейін Кеңес Одағы мен Ауғанстан шекарасындағы Термез қаласында қызмет еткен. Ақсақалға 1990 жылы берілген куәлікке (серия 3-029223): «Предьявитель удостоверения имеет право на льготы и преимущества, установленные законадательством для лиц, наг­раж­денных орденами и медалями СССР за самоотверженный труд и безупречную войнскую службу в тылу в годы Великой Отечественной войны 1941-1945 г.» деп жазылып, қол қой­ылған. Бірақ соғыс және еңбек ардагерлерін баспанамен қам­та­масыз етуге міндетті Тараз қаласындағы мекеме басшы­ла­ры ақсақалдың құжаттарына көз салмаған.  Көз салмағаны былай тұрсын, тіпті, кезектен алып тастапты. Қария жақында Жамбыл облыстық сотының кас­са­циялық сот алқасының төр­ағасы А.Смайыловтан хат алды. Онда: «Жам­был облыстық соты сіздің 10.06. 2010 жылы жазылған арыз­да­ры­ңыз­ға төмендегі мән-жайды түсіндіреді. Аппеляция­лық сот ал­қасының №2а-255/2010 санды 01.04.2010 жылғы қаулы­сы­мен Тараз қалалық сотының 01.12.2009 жылғы шешімі өзгер­тілген. Тараз қалалық тұрғын үй ко­миссия­сы­ның 26.09.2007 жыл­ғы шешіміндегі А.Иембердиевті (Смайы­лов­ты) тұрғын үй алу кезегінің тізімінен алып тастаған бөлігі заңсыз деп танылып, А. Ием­бердиевтің (Смай­ы­­лов) Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңесті­ріл­ген азамат ретінде 25.04.1989 жылдан бастап тұрған үйін кеңейту кезегі қалпына келтірілді...» делінген. Ендеше облыс пен қалаға жаңадан басшы болып та­ғай­ындалған әкімдер қарияны жайлы пәтермен қамтамасыз етеді деп сенеміз. Халықты, оның ішінде қа­рия­ларды қуантқанға не жетсін!» деп аяқталған болатын. Жақында Әшім ақсақалдың көз жасына тағы да куә болдық. Бірақ бұл жолғысы... қуаныштың көз жасы еді. Яғни, облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың қадағалауы­мен со­ғыс­тың соңғы солдаттары­ның бірі Әшекең өзі армандаған пәтерге 22 жылдан соң ие болды. 22 жыл демекші, облыс басшысы Тараз қа­ла­сының қақ ортасында 25-30 жыл­дан бері қаңырап қаң­қа­сы ғана тұр­ған зәулім ғимарат­ты да тап-тұй­нақ­тай етіп, әне-міне пайдалануға бергелі отыр. Сірә: «Жас келсе – іске!» деген халық даналығының жар­қын мы­салының бірі осы шығар. Майдангер ақсақал енді Тараз қа­ласындағы «Бәйтерек» шағын ау­данынан бой көтерген 5 қабат­ты 70 пәтерлік тұрғын үйде тұра­тын бо­ла­ды. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.