ТУҒАН ЕЛ БЕЙБІТ КҮНМЕН ТЫНЫСТАЙДЫ
18 тамыз – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі құрылған күн. Шекарашылардың ертеңгі төл мерекесі қарсаңында ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры генерал-майор Нұржан МЫРЗАЛИЕВПЕН әңгімелескен болатынбыз.
– Нұржан Кершайызұлы, ҰҚК Шекара қызметінің құрылғанына 19 жыл толып отыр. Ой елегінен өткізсек, бұл аз мерзім емес. Өзіңіз басшылық жасап отырған ведомствоның тыныс-тіршілігіне тоқтала кетсеңіз.
– Қазақстанның бүгінгі шекара шебі Тәуелсіздігімізге дейінгі күзетілген Қытай Халық Республикасымен арадағы шекарадан бірнеше есеге ұлғайып, 15 мыңнан астам шақырымды құрайды. Еліміз бес бірдей мемлекетпен – Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, Өзбекстанмен, Қырғыз Республикасымен және Түркіменстанмен көршілес. Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекара дүние жүзіндегі құрлықтағы ең ұзын шекара ендігі болып табылады.
Бүгінгі таңда еліміздің шекарашылары өздеріне жүктелген міндеттеріне адалдығымен, қызметтегі нақты нәтижелерімен Қазақстан Республикасының сенімді қорғаны бола алатындарын шынайы түрде дәлелдеді. Олардың қажырлы қызметтерінің арқасында тәуелсіздік жылдары мемлекеттік шекара күзеті лайықты түрде қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда біз қол жеткізген жетістіктерімізбен тұйықталып қалған жоқпыз, Шекара қызметі де елмен бірге көркейіп, дамып келеді. Оған Елбасы, Үкімет және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы тарапынан үлкен көңіл бөлініп отыр. Жыл сайын республикалық бюджеттен Шекара қызметі үшін бөлінетін қаражаттың ұлғаюы да оның дәлелі. Мәселен, 2010 жылы бюджет қорынан 34 млрд. теңге бөлінсе, үстіміздегі жылы бұл қаражат 37 млрд. теңгеге жетті.
Соңғы жылдары мемлекеттік шекараны беріктендіру бойынша атқарылған шаралар әскери бөлімдер мен құрамалардың материалдық-техникалық базасының жақсаруына септігін тигізді. Ол өз кезегінде шекара шебінің сенімді күзетілуіне мүмкіндік беруде. Нәтижесінде, үстіміздегі жылы шекарашылар 18 мыңнан астам құқық бұзушыны қолға түсірді. 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында шекарашылар есірткінің аса ауыр түрі – героинның 66 келісін тәркіледі. 2010 жылы бұл көрсеткіш – 34,7 келіні құрапты. Үстіміздегі жылдың 29 маусымында Петропавл шекара отрядына қарасты «Қарақоға» шекаралық бақылау бөлімшесінің бақылаушылары Ресейге жол тартқан автокөлікті тексеру барысында мұқият жасырылған 21 келі героинды тауып, асқан қырағылық танытты.
Қазақстанның теңіз байлығының қорғалуы мәселесіне келсек, ресейлік әріптестерімізбен ынтымақтаса атқарып отырған іс-шаралардың арқасында Каспий айлағында заңға қайшы әрекеттердің саны азайып келеді. Үстіміздегі жылы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасы тарапынан жүргізілген жіті қадағалау шаралары барысында 165 браконьер қолға түсіп, 65 жүзу құралы мен ұзындығы 300 шақырымнан астам балық аулау құралдары тәркіленді.
– Мемлекеттік шекара күзетін жетілдіру үшін нақты қандай шаралар атқарылуда ?
– Бізге Мемлекет басшысы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы тарапынан мемлекеттік шекара күзеті жүйесін әрмен қарай жетілдіру үшін бірнеше басымды міндеттер қойылып отыр. Мемлекеттік шекара шептерін нығайту жұмыстары әр түрлі аумақтардағы күзеттің салыстырмалы негізде ұйымдастырылуына байланысты атқарылуда. Өйткені, бір аймақтарда шекара күзетін қамтамасыз ету үшін айтарлықтай күш-құралдар қажет болса, енді бірінде жаңа технологияларға, басқа да жабдықтардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Мәселен, Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекара аумағында қытайлық әріптестерімізбен өзара ықпалдасқан іс-шаралардың арқасында, әрі екі жақтан да жаңа инженерлік қондырғылар салудың нәтижесінде шекара шебі мен оның режімін бұзу оқиғалары азаюда. Сондай-ақ, соңғы жылдары «Оңтүстік» өңірлік басқармасына қарасты шекара аймақтарында инженерлік қондырғылар жүйесінің құрылысын салу бойынша жүргізілген іргелі жұмыстардың нәтижесінде контрабандалық оқиғалар саны күрт түрде төмендеді. Ал Каспий айлағындағы мемлекеттік шекара күзетін жетілдіру мақсатында Теңіз шекара дивизиясының базасында «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасы жасақталып, оның қарамағына «Батыс» өңірлік басқармасына қарасты теңіз жағалауы күзетін қамтамасыз ететін құрлықтағы бірнеше әскери бөлімдер берілді.
Бүгінгі таңда Шекара қызметінің авиациясы еліміздің Мемлекеттік шекарасын қырағы күзетуге елеулі үлес қосып келеді. Сондай-ақ, олардың техника құралдарының тасымалы, шалғай жатқан аймақтар мен климаты қолайсыз өңірлерге жеке құрам мен жүктерді жеткізудегі еңбектері өлшеусіз. Соңғы жылдары мемлекеттік шекара күзетін жетілдіру мәселесі, материалдық-техникалық базаны нығайтуға бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалу жайы бірнеше мәрте Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығының алқалы жиындарында қаралды. Үстіміздегі жылы маусымда өткен ҚР ҰҚК алқалы жиынында басшылық біздің алдымызға шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа заманғы жүйесін құру жөнінде тың міндеттемелер қойды.
– Тапсырылған міндеттерді орындау үшін қандай шаралар жүзеге асырылмақшы, соған тоқталсаңыз.
– Әлемдегі жетекші елдердің шекараны күзету ісіндегі озық тәжірибелерін мұқият зерделеу арқылы біз жүйені жетілдірудегі басты басымдықты Шекара қызметінің әкімшілік-аумақтық кезеңіне көшу мен басқару құрылымына түсіріп отырмыз. Бұл өз кезегінде басқару құрылымын оңтайландырып, нақты шешім қабылдау үдерісін жеделдетеді. Сонымен бірге, ҰҚК және құқық қорғау органдарымен, жергілікті атқарушы билік өкілдерімен мемлекеттік шекара күзетіне қатысты өзара әріптестікті арттыруға септігін тигізеді.
– Нұржан Кершайызұлы, Кедендік одақ құрылуына байланысты шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ықпалдастық шаралары жөнінде айтсаңыз.
– Мемлекеттік шекараның сенімді күзетін қамтамасыз етуге қатысты шаралардың маңызды және біртұтас бөлігі ол шекаралық мәселелер бойынша халықаралық әріптестікті дұрыс жолға қою болып табылады. ҰҚК Шекара қызметі ықпалдастық шаралары Мемлекеттік шекара шебінде туындайтын түрлі жағдайлар мен мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтірер нақты қауіп-қатерлерді есепке ала отырып көрші елдердің шекаралық ведомстволарымен екі немесе көпжақты әріптестік пен тығыз қарым-қатынас орнатуға бағытталған.
Шекара қызметі көрші мемлекеттердің шекаралық ведомстволарымен көпжақты әріптестікті ТМД-ға мүше елдердің Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің Шекара мәселелері бойынша кеңесінің қызметіне, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының келісімдеріне сай жүргізуде.
Осы орайда өзара ықпалдастықтың ең үлкен нәтижелі жемісін Ресей Федерациясы әріптестерімізбен арадағы қарым-қатынастан байқауға болады. Атап өтсек, осы жұмыстардың арқасында екі елдің шекаралық аймақтарында тұратын тұрғындар үшін шекарадан өтудің жеңілдетілген тәртібі енгізіліп, Қазақстан-Ресей шекараларын бірігіп бақылаудың тиімді механизмдері қарастырылған.
– Осы жылдар ішінде мемлекеттік шекарамыздың бірде-бір мәрте бұзылмауында ел шебін күзетіп жүрген әр шекарашының өлшеусіз еңбегінің бары екені рас.
– Еліміздің кей шекара ендіктеріндегі мүлгіген тыныштық ұзақ жылдар бойы жалғасын тауып, шекара сызығына сызат түспей келе жатса, енді бір аймақтардағы жағдай сағат сайын ауысып отыратыны бар. Осыған орай шекарашыларымызға шекара шебін бұзушыларды күн сайын ұстауларына тура келеді. Шекара шебіндегі тұрақсыз жағдай көбіне-көп еліміздің оңтүстігінде орын алып отыр. Ал солтүстіктегі шекарашыларымыз инженерлік қондырғылармен толықтай жабдықталмаған ұланғайыр өлкедегі шекара шептерінің қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз етіп келеді. Әрине, шекарашыларымыз мемлекеттік аса маңызды мүдде – шекараның қауіпсіздігіне жауапты болғандықтан оны бұзушылармен қақтығысқа түсу оқиғалары арагідік болса да кездеседі.
Мәселен, күні бүгінге дейін жергілікті тұрғындардың белгілі мөлшері контрабандалық іс-әрекетті нәпақа табудың тиімді жолы деп санайтын еліміздің оңтүстігінде шекарашыларымыз заң аясында өз міндеттерін атқаруларына жергілікті тұрғындардың әдейілеп кедергі келтірген жәйттер де кездесті. Мұндай кішігірім қақтығыстардың соңы өкінішке қарай қайғылы жағдайларға соқтырған кездері де болды. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын «Сарыағаш» шекара отрядына қарасты «Сарыағаш» шекара заставасы қадағалайтын аумақтағы Келес өзенінен өтпек болған контрабандашылар тобын ұстау барысында мерзімді әскери қызметін өтеуші қатардағы жауынгер Ерлан Ниязов ерлікпен көз жұмды. Шекара шебі орталықтан жүздеген шақырым қашықтықта әрі құмды, шөлейтті аймақтарға созылған «Батыс» өңірлік басқармасының қадағалауына тиесілі аумақтарда да қызмет атқару оңай емес. Шекара нарядтары климаты қаталдау осы өлкеде міндеттерін атқару барысында бағытынан жаңылып, бірнеше тәулік бойы шөл даланы кезіп, адасқан кездері де болды.
Өткен жылы қырғыз елімен арадағы шекарада қарулы контрабандашыларды ұстау барысында келісім-шарт қызметінің әскери қызметшісі Мехришат Ашмахуновқа қарақшылардың оғы тиіп ауыр жараланды. Уақтылы әрі сапалы медициналық көмек көрсеткен әскери дәрігерлеріміздің және жаралы жауынгерді оқиға орнынан шұғыл түрде ауруханаға жеткізген ұшқыштарымыздың озық тәжірибелерінің арқасында ғана қайсар ұланның өмірі ажалдан арашаланды. М.Ашмахунов осы оқиғада көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін мемлекеттік наградамен марапатталды. Осыдан бірер ай бұрын «Шығыс» өңірлік басқармасының қадағалауына қарасты шекара шебінде қайғылы оқиға орын алған болатын. Онда контрабандашыларды құрықтауға арналған арнайы операцияны жүргізу барысында «Боран» десанттық-шабуылдаушы-маневрлік тобының келісім-шарт қызметінің сержанты Ардақ Қазиев қаза тапты. Оның жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды. Жақында ол қызмет атқарған әскери бөлімде оның еңселі ескерткіші бой көтерді. Қастерлі шекараның күзеті үшін жандарын пида еткен боздақтардың есімдері әрқашан ардақтала бермек. Шекара қызметінің басшылығы қызметтік міндетін атқару кезінде қазаға ұшыраған Ардақ Қазиевті мемлекеттік наградаға ұсынды.
Әңгімелескен Кенжебек СЕЙІТМҰХАММЕДОВ, подполковник, әскери журналист.