Азық-түлік қауіпсіздігі мен тұтынушыны арзан көкөніс түрлерімен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдары аймақтарда жылыжай кешендері көптеп іске қосылғаны белгілі. Солардың қатарында Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында жұмысын бастаған «Жанай» шаруа қожалығы бес гектар жерге 50 жылыжай салған болатын. Оған 150 млн. теңге инвестиция тартылып, көкөніс өсіру қарқынды жүргізілді. 12 жылыжайға қызанақ, 13-іне қияр отырғызылса, тек қызанақтың бір түбінен бүгінгі күні 3 кило өнім жиналуда.
Кешеннің өндірістік қуаты жылына 450 тонна көкөніс өсіруге жетеді. Қазіргі кезде әр жылыжайдан күн сайын 400 килоға жуық өнім жиналуда. Бұл аудандағы көкөніске деген сұранысты 80 пайызға қамтуға жетіп отыр.
Қиярдың түсімі де жаман емес. Көкөніске деген тұтынушы сұранысы күн сайын артуда. Өйткені, халық қысқа дайындық жасап, сапалы көкөніс түрлеріне көптеп тапсырыс беруде. Сондай-ақ, жиналған өнім Алматы мен Ұзынағаш базарларында саудаланып келеді.
– Жұмыссыз отырған қыз-келіншек осында еңбек етуде. Ауылдың жанында болғандықтан, бізге өте тиімді. Көріп тұрсыздар ғой, экологиялық жағынан таза өнімге деген сұраныс жоғары. Қияр мен қызанақтың голландық сорттарын өсірудеміз, – дейді Қарақыстақ ауылының тұрғыны Сара Әбішова.
Жылыжайда жаңадан өсіп келе жатқан көшеттердің жетілуіне де ерекше мән беріледі. Бабын тауып күтсе, күніне бір жылыжайдан жоспарланғаннан анағұрлым мол өнім алуға болатынын айтады баптаушылар.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.