Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының құрылғанына биылғы жылдың 1 тамызында 35 жыл толады. Дәл сол күні, яғни 1975 жылдың 1 тамызында Еуропадағы 33 елдің және АҚШ пен Канада мемлекеттерінің басшылары Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің (ЕҚЫҰ 1994 жылдың 31 желтоқсанына дейін осылай аталған) құрылғанын паш ететін Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойды. Өткен кезеңдердің тарихи оқиғаларын елеп-екшейтін болсақ, бүгінде беделді халықаралық ұйымның біріне айналған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) дүниеге келуі жеңіл болмағаны анық байқалады. Қорытынды құжатқа қол қойылмас бұрын, Кеңестер Одағы мен Батыстағы бірқатар елдердің арасында бірнеше жылға созылған көпжақты келіссөздер жүргізілді. Келіссөздердің нәтижесінде ЕҚЫҰ-ны құрумен қатар, стратегиялық қару-жарақты шектеу туралы және басқа да бірқатар халықаралық құжаттарға қол қою ұйғарылды.
Ал Қорытынды құжатты әзірлеу барысында келіссөздерге қатысушылар құрылуға тиіс Ұйымның қауіпсіздік жүйесінің сол кездегі бар блоктық құрылымдардан басты ерекшелігіне айрықша мән берді. Ол ерекшеліктер мыналар еді: Ұйымның қызметі сыртқы қауіп-қатердің алдын алуға бағытталуы тиіс. Сонымен қатар, Ұйым белгілі бір деңгейде, дәлірек айтқанда, “қырғи-қабақ соғыс” жылдарында ядролық дипломатия мен саяси блоктық қарама-қарсы тұрудың аясынан шыға алатын бірден-бір ұйым болуы керек. Өйткені, сол кезеңдерде Кеңестер Одағы мен Батыс арасында “қырғи-қабақ соғыс” өршіп тұрған болатын. ЕҚЫҰ-ның құрылып, жұмыс істей бастауы осы “қырғи-қабақ соғысты” едәуір бәсеңдетуге ерекше зор ықпал етті.
Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойылар алдында Еуропадағы (Албаниядан басқасы) барлық елдердің және АҚШ пен Канаданың сыртқы істер министрлері кездесіп, келіссөз жүргізген болатын. Оның нәтижесінде министрлер ортақ ұйғарымға келіп, өз елдерінің Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі көзқарастары мен ұстанымдары мазмұндалған “Көгілдір кітапты” бекітті. Ондағы ұсыныстар жинақтала келіп, Хельсинки Қорытынды құжатының 1-пунктінде: “Кеңеске қатысушы мемлекеттердің барлығы оған егемен және тәуелсіз мемлекеттер ретінде толық теңдік жағдайында қатысады. Кеңес әскери одақтардан тыс өткізіледі”, – деп көрсетілді. Бұған қоса, құжатта Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде шешімдер тек консенсус бойынша қабылданатыны нақтыланған.
Бастапқыда Қорытынды актіде Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде үш “қоржынға” жататын мәселелер талқыланады деп көрсетілген еді. Оның біріншісі – әскери-саяси қауіпсіздік пен қару-жараққа бақылау орнату, екіншісі – экономикалық, ғылыми-техникалық және экологиялық ынтымақтастық, ал үшіншісі – гуманитарлық саладағы ынтымақтастық пен адам құқығы мәселелері. Сол жылдары екі саяси идеологияның өзара текетіресі асқынып, нағыз шарықтау шегіне жетіп тұрған еді. Сондықтан болса керек, Батыс мемлекеттері Ұйымдағы негізгі жұмыс бағыттарын үшінші “қоржынмен”, ал Кеңестер Одағы бастаған социалистік елдер екінші “қоржынмен” байланыстыруды мақсат етті. Өйткені, социалистік елдер үшін Батыстағы мемлекеттермен экономикалық және ғылыми-техникалық байланыстарды дамытудың маңызы зор болатын. Осының салдарынан қауіпсіздік мәселелері көп жағдайда екінші қатарда қалып жүрді.
Арада ондаған жылдар өткенде бұл олқылықтардың орны толтырылып, екінші қатарда қалып қойған қауіпсіздік мәселесі бірінші қатарға қойылды. Бұған өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңес Одағының ыдырауы тікелей әсер еткені анық. Танымал саясаткерлер бұл жылдарды ЕҚЫҰ-ның жаңа тынысы ашылған кезең деп бағалайды. Оның үстіне ЕҚЫҰ 1992 жылғы Хельсинки саммитінде БҰҰ Жарғысына сәйкес Ванкуверден Владивостокқа дейінгі еуроатлантикалық кеңістікте әскери-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және ынтымақтастықты дамытуға жауапты өңірлік Ұйым деп танылды. Осылайша, Ұйымның тұрақты құрылымдары құрылып, жер-жерлерде, әсіресе, “ыстық нүктелерде” миссиялары жұмыс істей бастады.
Хельсинки Қорытынды құжатында оған қатысушы елдердің өзара қарым-қатынастарында басшылыққа алынатын негізгі он қағида бекітілген болатын. Олар – егемендік теңдік және егемендікті құрметтеу, күш қолданбау және қоқан-лоқы жасамау, мемлекеттік шекаралардың мызғымастығы, мемлекеттер жерінің тұтастығы, даулы мәселелерді бейбіт түрде реттеу, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, халықтардың теңдігі мен өз тағдырын өзі шешу құқығы, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық, халықаралық құқық бойынша міндеттемелерін адал орындау. Осыдан 35 жылдай бұрын нақтыланған бұл қағидалар әлі күнге сақталып келеді. Сондай-ақ сол жылдары белгіленген ЕҚЫҰ қызметінің үш “қоржынындағы” мәселелер де айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған жоқ. Міне, бұл – Ұйымның бастапқы кезде-ақ өз қызметі мен бағыт-бағдарын тиянақтап алғанын көрсетеді.
Кезінде, нақтырақ айтқанда, 90-шы жылдардың басында ЕҚЫҰ-ны “Еуропалық БҰҰ-ға” айналдыру үрдісі күшейгені жасырын емес. Қай жағынан алғанда да, бұл үлкен қателік еді. Өйткені, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәртебесі де, атқарар міндеті де аса ауқымды және оның шешімдері орындалуы тиіс. Ал ЕҚЫҰ болса, заңдық сипаттағы емес, саяси сипаттағы шешімдер қабылдайтын құрылым болып табылады.
2000 жылдан бастап ЕҚЫҰ қызметінің жаңа кезеңі басталды, қызмет аясы едәуір кеңейе түсті. Саясаткер-сарапшылардың пайымдауларынша, бұған 2001 жылғы қыркүйекте АҚШ-та болған лаңкестік оқиғалар себеп болды. Сөйтіп, Ұйымның күн тәртібіне жоғарыда аталған үш өлшеммен қатар, жаңа қауіп-қатерлердің алдын алу мәселесі де қойылды. Содан бергі жылдарда ЕҚЫҰ тарапынан жүзеге асырылған іс-шаралар көрсеткеніндей, Ұйым қызметі жергілікті жерлерде де жанданып, баламасы жоқ құрылымға айналды. Бұған қазіргі кезде Ұйым қызметкерлерінің Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы, Шығыс Еуропадағы, Кавказ бен Орталық Азиядағы елдерде 18 миссия бойынша жемісті жұмыс атқарып келе жатқаны нақты дәлел болады. Осы тұста айта кетейік, кезінде Югославиядағы, Македониядағы, Таулы Қарабақтағы орын алған қақтығыстарды ауыздықтауға осы ЕҚЫҰ ықпал еткен болатын.
Сонымен, ЕҚЫҰ өзінің 35 жылдық тарихында саяси үнқатысуды жоғары деңгейде жүргізуші маңызды форум болып табылатындығын көрсетіп берді. Өйткені, Ұйым қару-жараққа бақылау жасауды, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, сайлауларды бақылауды қоса алғанда, аса ауқымды мәселелермен айналысып келеді. Ал Ұйымның құрылғанына 35 жыл толуының Қазақстан төрағалығына тұспа-тұс келуі елімізге қосымша жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Отанымыздың төрағалықты да, Ұйым мерейтойын да ойдағыдай атқаратынына сенім мол. Оған Қазақстанның тәжірибесі де, саяси-экономикалық әлеуеті де жетеді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.