17 Тамыз, 2011

Астаналықтарды астаналық ететін Астананың өзі

1022 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
НЕМЕСЕ ЕЛОРДАЛЫҚ МЕНТАЛИТЕТ ХАҚЫНДА Қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының асқақ айбары – ару Астананың төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Бар болғаны бір мүшел жас – он үш жылда Қазақстан хал­қының ерен ерлігінің нәтижесінде әлем­нің атақты астаналарымен салтанат жарыс­ты­рып, бой таластыра алатын қазақ жұрты­ның жас та хас бас қаласы қалыптасты. Елорданың авторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана келбеті – ұлт келбеті. Біздің Астанамыз қай жағынан қарағанда да кісі қызығарлықтай, Шығыстың да, Батыстың да айшықтарын қатар қабыстырған қалаға айналып келеді», деп атап көрсетті. Иә, әлем назары әлдеқашан – Астанада. Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы бүгінде жұмыр жерді толғандырған  тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы эко­номика, дінаралық келісім кеңестері өте­тін жаһандық орталық. Қазір дүниенің төрт бұрышынан Астанаға ат ізін салмайтындар санаулы. Қазақ жалпақ жұртқа қала тұрғыза алатын жоғары мәдениетін паш етті. Астана сәнімен де, мәнімен де, көркімен де көпті қызықтырады, дос сүйсінеді. Яғни, бас қаламыз қалыптасты, Астана танылды. Ал астаналықтар ше? Қандай мемлекеттің болмасын тұрғын­дары­ның тұғыры – астаналықтар. Бас мегаполис тұрғындары сол  мемлекеттің әлеу­мет­­тік және қоғамдық болмысының бағ­да­ры, экономикалық, мәдени және өркениет жетістігінің айнасы іспеттес. Мәселен, күні кешегі кеңестік дәуірде 15 мемлекеттің тағ­ды­рын шешкен Одақтың астанасы – Мәскеу тұрғындарының қай жағынан алған­да да артықшылығы болды. Басқа қала­лар­мен са­лыс­тырғанда мәскеуліктердің тұрмыс-тір­ші­лігінің, жүріс-тұрысының, тәлім-таны­мы­ның өзгелерге ұқсамайтын ерекшеліктері бо­ла­тын. Соған байланысты «мәскеуліктер мен­талитеті» деген ұғым да қалыптасқан еді. Жалпы, менталитет ұғымы (ағылшын­ның mentality – ойлы, саналы деген сөз­дері­н­ен шыққан) топтық сананы айқындайтын пішін ретінде, белгілі бір қоғамдық құбы­лыс­тар мен үдерістерді әртүрлі әлеуметтік және саяси топтардың қабылдау және баға­лау ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді. Философиялық және мәдениеттану ғы­лы­мында менталитет ұғымы өркениет, ұлт, тап немесе әлеуметтік топтарға ғана қатысты қолданылып, бұқаралық немесе топтық сананы айқындауға пайдаланылады. Қалай болғанда да, біздің қолданысымызда «мәс­кеулік менталитет», «алматылық менталитет» деген ұғымдар қалыптасып қалды. Сон­дықтан «менталитет» мәселесіне тереңдей бермей, «астаналықтар менталитеті» қандай, жалпы, елордалық тұрғындар «астана­лық­тар» деген мәртебелі дәрежеге лайық па, қан­дай болуы керек, деген сұрақтар төңі­регінде ой толғап көрейік. Басқаша айтсақ, бас қала тұрғындарының басқаларға қара­ғанда айырмашылығы мен ерекшелігі болуы керек пе? Француздарда «Париждіктерді париждіктер еткен париждіктер емес, Париждің өзі», деген қанатты сөз бар. Ендеше, «үшінші мыңжылдық қаласы» атанған, сәулетті де, салтанаты да, сәні де заманауи талапқа сай Астана қаласы тұрғындарының да жоғары тал­ғамға жауап беретін қасиеті, биік мәде­ниеті, астаналық менталитеті болуы шарт. Бас қа­ламыздың басты артықшылығы Шы­ғыс пен Батыс сәулет өнерінің бар жауһарын бірдей үйлестірген Астананың ажары десек, аста­на­лықтардың да таным-талғамы, жүріс-тұ­ры­сы, мәдени мәнері осы биік брендке ла­йық болуы керек немесе соған жетуге ұм­тыл­­ған жан-жақты талпыныста болғаны жөн. Өкінішке орай, әзірге «астаналықтар мен­талитеті» деген мәртебелі арманның ауы­л­ы алыстау жатыр. Жо-жоқ... Астана­лық­тардың менталитетке қатысты ойлылық, саналылық, білімпаздық деген тұрғыларда ешбір кемшіні жоқ. Түр келбеттері де көркем, киім киістері де келісті. Елордалықтарға қарасаң, көз тояды, көңіл тоғаяды. Әттеген-айы – астаналықтардың талайы-ақ айналасына бейжай, Тәуелсіздігіміздің төл тумасы – Астанаға деген патриоттық сезімі жасанды, сүйіспеншілігі сұйық. Әрине, оны астаналықтардың астаналық атанғанына аз-ақ жыл толғанымен түсін­діру­ге болатын шығар. Алайда, кешегі «батпағы тізеден асып, масасының ызыңы құлақ тұн­дырған» сұрықсыз Целиноградтың ор­нына «өң мен түстей» болып, жерұйықтай Ас­та­наның орнағанын қабылдай алмай жүрген­дер де, қабылдағысы келмей жүргендер де жоқ емес. Осыған байланысты бізде Аста­на­ны төл қаласы, жүрегіне жақын жалғыз қо­нысы ретінде қабылдайтындар қатары кемшін соғып жатқан сияқты. Міне, осыдан келіп, астаналықтардың ай­наласындағыларға деген бейжайлығы бе­лең береді. Кім-кім де болса, өз шаңы­рағы­ның төріне шаң шығартып, су ішкен бұла­ғының басын лайлатып қоймайды ғой. Ал Астананың қақ төріндегі көп қабатты үйлердің балконында тұрып, күл-қоқыс толы қапшықтарын көшеге лақтыратындарды немесе сол күл-қоқыс толы қапшықтарын кіреберіске, тротуарларға тастай салатындарды көрсек те көрмеген боламыз. Сусыннан босаған пластмасса құтыларын көшеде келе жатып, кез келген жерге шиыра салатын­дарды да байқаймыз. Қалтарыс толы пластмасса құтылар аяққа оралып, машиналардың доңғалағымен тапталып, тарс-тарс атылып та жатады. Тағы да бейжаймыз... Аялдамаларда тұрып немесе отырған жерлерінде былш-былш түкіріп, темекі тұ­қыл­дарын таяқ тастам жердегі жәшікке тастауға ерініп, жол бойына атып жіберетіндерді де аңғарамыз. Сыраның немесе кока-коланың бос қалбырлары мен шөлмектерін гүлзарлар мен көгалдарға лақтыра сала­тын­дарға да көз алартып, жақ ашпаймыз. Әрине, іштей кейиміз, жақтырмаймыз. Оларға ескерту жасап, тыйым салуға тіптен құлқымыз жоқ. Ол менің үйімді немесе жеке меншігімдегі жерімді, ауламды ластап жатқан жоқ қой. Көшедегі қайдағы біреулерге жөн айта­мын деп, жүйкемді тоздырар жайым жоқ... Жыл сайын бюджеттен бөлінетін мил­лион­даған қаржының арқасында қала кө­ше­­лерін­дегі қоғамдық көлік түгелдей дерлік жаңартылды. Бұрынғыдай қара түтінге қақа­лып, бұрқылдай беретін «пазиктер» мен қы­тайдың шоқалақтаған қошқар мүйіз авто­бус­тарының тұқымы құрып келеді. Көшеаралық автобустар жаңа да жайлы. Бірақ сол қо­ғамдық көліктердің жүргізу­шілері мен кон­дукторларының  қызмет көрсету мәдениеті­нен тағы ұяттымыз. Бәй­геге түскен мәстек­тер­дей бірімен бірі жа­ры­сып, аялдамаларға таласып, алашапқын болады да жатады. Жол қозғалысы ережесін бұзғаны бір басқа, аял­дамаларға тоқ­тар-тоқтамастан жолау­шы­лар­ды қораға қамайтын қойдай қуып, «өй, бол­сайшы...», «есікті жылдам жапсай, өтсей­ші әрі...» деген сияқты дөрекілігінен төбең шы­мыр­лайды. Кешегі келмеске кеткен Кеңес өкіметі кезінде кез келген жүргізуші автобус тізгініне отыра алмайтын. Жолаушылар таситын авто­бустарға жоғары санатты дәрежесі бар, ар­найы дайындалған мамандар ғана ие бол­а­тын. Сондықтан сол бір дәуірде автобус­тар­дың жол апатына ұшырауы өте сирек кездесетін төтенше жағдай болып табылатын. Ал қазір ше? Жұмыс орнының бәрі сатылатын сорақылық белең алған қоғамымызда автобус жүргізушісі болу үшін тиісті «откатын» төле­гендердің бәрі жолаушылар өмірін қыл үстіне қойып, қала көшелерінде жүйткіп жүр. Алдағы уақытта өзіміз қосылатын өр­ке­ниет­ті 50 елдің қалаларында болғанда бай­қай­мыз, қоғамдық көлік жүргізушілері ар­найы белгіленген шыттай формаларын киіп алып, күн қағарлары мен аяқ киімдері айнадай жалтырап, жолаушыларына ізет көр­сету­ден бір жалықпайды. Бізде де қала әкім­ді­гінің тапсырмасымен жолаушылар көлігі бас­қармасы автобус жүргізушілері мен кондук­тор­ларына қымбат маталардан тиісті шеберханаларда бір түсті арнайы киімдер тіккізген екен. Бірақ күтімсіз киілген сол форма­лар­дың бүгінде аты бар да заты жоқ. Тағы бей­жаймыз. Қалалық әкімдік пен жолау­шылар көлігі басқармасы қадағалауға тиіс келең­сіздіктерге араласып, түлен түртіп пе. Сол тиісті органдарға осы мәселелерді құлақ­қағыс етіп, хабарлай салсақ қайтеді? Қой, атама. Енді қалғаны, өзгенің кемшілігін көр­сетіп, өсек тасу еді. Қаламыздағы қоғамдық көліктердегі келеңсіздіктерге көнеміз, дө­рекілікке төземіз... Ақиқатында біз астаналықтар озық өр­ке­ниет жемісін тұрмысымызда барынша пай­даланып келеміз. Аула толы «джип», үй басы интернет, қолымызда ІТ-планшет. Сөй­те тұра, көп ретте мәдениеттілік өреміз Австралия мен Африканың алыс түкпірінде өмір сүріп жатқан аборигендердің деңге­йі­нен аса алмай жатады. Әрине, оларға кінә жоқ, көпшілігі хат та танымайды. Ал біздегі «джип» мінген ағайындарымыздың әрқайсы­сының жоғары білімі, тіпті көпшілігінің бірнеше жоғары білімі бар ғой. Шоқырақтаған «джиптер» бордюрларды белден басып, тротуарларға тоқтайды. Кешке қарай балалардың ойын алаңдарына немесе кіреберістердің тынысын бітеп, көл­де­неңдей қаңтарылады. Сөз жоқ, бүгінде көлік құралдары күнделікті тұрмыс қажетіне айналды. Бірақ қала ішіндегі қатынас үшін осы таудай мәшинелердің қажеті қанша?! Бұл «джиптерді» үйірлеп шығаратын жапон­дардың өздері үйлерінде «эконом-класс» қуыршақтай көліктермен жүреді, Еуропа да әлдеқашан тиімді де шағын мәшинелерге ауысқан. «Қазақ байыса, қатын аладының» керімен тек біздің қалталы қандастарымыз ғана құны жүздеген миллион теңгеден аса­тын, бензинді жалмауызша жұтатын, көлемі «грузовойларды» басатын таудай көліктерге құмар-ақ. Бұл не, барлық па, байлық па?! Жоқ. Дарақы кеуде, бос мақтан. «Даңғой ба­йыса, джип алады» – дейміз бе енді, қайте­міз? Міне, кейбір астаналықтар мәдениет­тілігінің мәресі осындай. Одан қалды кез келген үйдің алды әлдеқашан автотұраққа айналған. Қолы жеткен де, қолы жетпеген де қарызданып-қау­ғаланып, немістің «бракқа» шыққан бір-бір мәшинесін иеленіп, көп қабатты үйлер­дің кіреберістерін «МТМ-ға» айналдырған. Алды 30 жыл, арты 15 жылдан асқан бұл ескі «ино­маркалар» бірде күрк-күрк от ала алмай, бірде сорғалатып  май ағызып жатады. Амал қанша, кіреберісте қаздай тізілген сол мәшинелердің арасымен үйге кіреміз, бұрқыраған май мен түтіннің ішінен сағалап көшеге шығамыз. Тағы да тыржиямыз. Сонда да үнсізбіз. Көшелерде төңкерілген қоқыс салынған жәшіктер, аялдамаларда сынған орындықтар. Көреміз де көнеміз, бұрылмай­мыз. Кеш батса, терезеңнің түбінен төңіректі айқай-шу мен даңғырлаған музыкаға көміп, еріккеннен ермек іздеген жастар мен мастар шығады. Тағы да іштен тынып, есік-тере­зең­ді қымтай жөнелесің. Оу, ортақ үйімізде орын алған бұл олқылықтардың алдын алып, аралассақ қайтеді. Көрген келеңсіз­дік­ті дереу тиісті органдарға жеткізіп, шұғыл шара қолдануларын талап ету керек қой. Атқарушы билік халық үшін қызмет етіп, заң, құқық қорғау және басқа муниципалдық органдар салық төлеушілердің қаржысымен өмір сүріп, сол тұрғындардың тұрмыс-тір­ші­лігінің дұрыс та сапалы болуы үшін жұмыс істейді. Ендеше, оларға көрген келең­сіз­дік­терді ескертіп, керек болса, олқы­лықтардың алдын алуды талап етуіміз керек қой. Өкінішке орай, сол менталитетіміздің басқаша қалыптасуы салдарынан біз ондай қадамға баруды мәдениетсіздікке балаймыз. Қызыл империяның қанымызға құйып кеткен қағидаттарымен біз жергілікті атқарушы органдардан кемшіліктерді жойып, олқы­лық­тардың алдын алуды талап етуді сталиндік дәуірдегі жаппай сенімсіздікке ұрындыр­ған «домалақ арызбен» шатастырамыз. «Дәуі­ріміздің ар-ожданы коммунистік партия жасасынның» керімен тағы да биліктегілерге бас шұлғып, атқарушы биліктен «бас­қарушы билік» жасап жатырмыз. Міне, бейжайлық... Бес саусақ та бірдей емес. Бүгін «мен ас­та­налықпын» деп жүргендер  де бір қалып­тан шыққандай бәрі бірдей емес. Ол дұрыс та. Бүгінде Астанада қазақтың ұлы дала­сы­ның төрт тарапынан, түкпір-түкпірінен келген қандастарымыз мидай араласып кетті. Кейбіреулер қанша тырысқанымен, қазір бас қаламызда бірыңғай таза оңтүстіктік, батыс­тық немесе солтүстіктік деген орталарға қолайлы орын жоқ. Амалсыз бүкілқазақтық, жалпықазақстандық кірігу үдерісі басталып кетті. Таяқтың екі басы болатыны сияқты бұл үдерістің де жағымды және жағымсыз жақтары болуы мүмкін. Ең бастысы – Астана қазақиланды. Қазақтардың үлес салмағы артып, елорда мемлекет атауын иеленген ұлт өкілдерінің ең көп шоғырланған қаласына айналып келеді. Мұндай тамаша мүмкіндік бұрынғы астанамыз Алматының тарихында да болып көрген емес. Мәселен, 2009 жылғы халық са­нағының деректері бойынша, 613006 аста­налық тұрғынның 425298-і қазақтар екен. Яғни, қала халқының жалпы санында қазақ­тар­дың үлесі 70 пайызға жеткен. Бұл Мәс­кеуде тұратын орыстардың пайыздық үле­сі­не жетеқабыл көрсеткіш. Сөйте тұра, Астанада қазақи болмыс, ұлттық нышан жоқтың қасы. Орысша сөйлесеміз, ағылшынша жарнама жасаймыз. Тіпті 90 пайыз қазақтардан тұратын Парламентіміз бен Үкіметіміз отырыстарын негізінен орысша өткізеді. Күні кешегі астанадағы халықаралық ұлы басқосуларға төрткүл дүниеден жиналған қонақтар бас қаламыздан таза ұлттық мәзірде ас дайындайтын бірде-бір мейрамхана мен дәмхана таба алмай бастарын шайқап кетті. Міне, біздің менталитет! Бас қаламызда қазақтардың үлес сал­мағы 70 пайызға жетіп, Астананың шын мә­нін­дегі ұлт астанасына айналғаны ата-баба­мыздың ұлы арманының орындалғаны. Жан-жақтан жиналған жастарымыз Астанада ұлттық мәдениет нышандарының, салт-дәс­түр мен ұлттық дүниетанымының сақталып, дәстүр сабақтастығының үзілмеуіне септігін тигізіп жатқаны да қуантады. Қазақ елінің әрбір өңірлерінен келгендер жергілікті салт-дәстүрлік белгілерін бірге ала келіп, қалаға тән астаналық мәдениетке кіріктіруде. Оның бәрі бір жүйеге келіп, қабысып, ұлттық мәдениетіміздің мәйегі іріктеліп, қалалық жаңа сипат алып, астаналық менталитет болып қалыптаса қалуы да оңай шаруа емес. Астаналықтардың санасы сергек, рухы берік, еңсесі биік болуы керек. Ал арман қуып, әртүрлі үміт жетегімен Астанаға келгендер үйсіз-күйсіз, саяжайларды сағалап, «жетім бұрыштарда» күнелтіп жатса, олардан қан­дай сергек сана, биік мәдениет шықпақ... 2011 жылдың 1 мамырындағы дерек бо­йын­ша Астана қаласы халқының саны 710962 адамға жетті. Яғни, 2009 жылғы ха­лық санағынан кейінгі біржарым жыл уа­қыт ішінде 100 мың адамға  дейін өскен. Бұл кей­бір саяжайларды сағалағандарды, құры­лыс­тағы қаптаған өзбектерді, базарлардағы әзербайжандар мен қырғыздарды, көшедегі қол жайған кезбелерді және басқа статис­тикалық органдардың санағына кірмеген халықтарды санамағандағы дерек. Алты ай жаз Астана көшелерінде кішкентай балаларын шұбыртып, қайыр сұрап жүретін сыған тектес, ұзын етек әйелдердің қаптап кететініне көзіміз үйренді. Тіпті жап-жас балалары қоғамдық көліктерге кіріп алып, шырылдай өлең айтып, «деньги да­вайға» басады. Сырт көз бұлардың ел аралап, қол жаюмен күн көретін «люли» атты халық екенін қайдан білсін. Топтанып көше­ге шыққан бірен-саран үлескерлерге ғана бапандай біздің тәртіп сақшылары оларды көргенде жылға-жылғамен қашады. Жалпы, астаналық көші-қон полициясының жұмысы сын көтермейді. Санақаралық ке­зең­нен  бері Астанадағы тіркеуге алынған өзбектер саны 16,8 есе, қырғыздар саны 12,1 есе өсіп кетіпті. Ал ешбір рұқсатсыз кіріп, тіркеусіз жүрген, құрылыс нысандарының жертөле­лерін­де жатқан келімсектер саны қанша?! Әне, өзбектер ауа райының қолай­сыз­дығы­нан адасқан қазақстандық альпинистерді бала-шағасына дейін «шекара бұзу­шылар» деп қамады да тастады. Астана қаласы халқының осындай жо­ғары қарқынмен күрт өсуінің қанша қажет­ті­лігі бар!? Ешбір тәртіптік жүйемен реттелмей, талапсыз, талғамсыз келіп жатқан ха­лық­тардың астаналықтардың тұрмыс дең­гейін, әлеуметтік орта мен мәдениеттіліктің дамуын тежемесе, дамытпайтыны анық. Сондықтан, болашақта қалаға келіп тұра­тындарға, астаналықтар ретінде тіркелушілерге белгілі бір шектеу қойылуы керек. Анау 300 миллионнан астам халқы бар алып Американың астанасы Вашингтон қа­ласында 1 миллион ғана халық тұрады. Оған қарап, Вашингтонның халықаралық деңгей­де беделі кеміп, берекесі ортайып жатқан жоқ. Ендеше, астаналықтар мәселесінде біздің де саннан гөрі сапаға көбірек көңіл бөлуіміз керек-ақ. Астана білікті мамандар мен білімді жастардың мекені болуы қажет. Жоғары санаттағы жұмысшылар, тәжірибелі құрылысшылар мен өз ісінің нағыз май­талмандары атанған әртүрлі кәсіптің шеберлерді шоғырланса, нұр үстіне нұр. Нағыз астаналық менталитеттің мәйегі ашылып, биік мәдениеттілік өресінің өсіп-жетілуі өте күрделі үдеріс. Ол үшін Ас­тананы шынайы сезіммен «төл қалам» деп мойындайтын ұрпақ  жетіліп, астаналық­тардың жаңа буынының толысуы керек. Ол үшін бас қаланы ұлттық болмысымның ал­тын бесігі деп қабылдайтын патриоттық  сүйіс­пеншілік қажет. Бұл ретте кешегі қы­лышынан қан тамған қызыл империяға қар­сы тұрып, неміс автономиясын аштырмай қойған целиноградтық қазақ жастарының шынайы патриоттығы үлгі боларлық. Ереуілге бірге шыққан сол замандастарымның бойында туған жердің тұтастығына, ұлттық бірлікке, жалпықазақтық құндылықтарға деген табиғи сүйіспеншілік атойлап тұрған еді. Тәуелсіздігіміздің төл бесігі, тұтас қазақтың бас қаласы – Астанаға деген бүгінгі аста­налықтардың да бойынан осындай сезім себезелеп тұруы тиіс. Сонда ғана жоғарыда айтылған олқылықтардың орны толып, бейжайлықтың белгісі де қалмас еді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Елорда –ғимараттар емес, саябақтар мен көшелер де емес. Елорда –бірінші кезекте адамдар. Астаналықтарда өзгелерге ұқса­май­тын айрықша ішкі әлем, жоғары мәде­ниет­тілік, қалтқысыз білімі мен тәрбие-тәлім болуға тиіс. Астана өз тұрғындарының әсемдігінің, үлкен мәдениеттілігінің, жоғары рухының, білім мен біліктілігінің нәтиже­сінде толыққанды елорда бола алады. Қала­ның тазалығы – бұл оның тұрғындарының рухани тазалығы», деп атап көрсеткен болатын. Мәдениеттіліктің басты көрсеткіштері­нің бірі – тазалық болса, Астана қаласының тазалығы туралы аз айтылып та, аз жазылып та жүрген жоқ. Бас қалаға Иманғали Тас­мағамбетов әкім болып келгенге дейінгі тазалық пен қазіргі қала тазалығын салыс­тыруға да болмайды. Астана шын мәнінде еліміздегі жасыл желекпен көмкерілген таза қалалардың біріне айналып келеді. «Көш жүре түзеледі» дегендей, тазалық мәселесін тура осылай басты назарда ұстайтын болсақ, күні ертең бас қаламыз тазалығы жағынан өзгелерден озық тұратын үлгілі қалалардың біріне айналатындығына да сенім мол. Иә, ХХІ ғасыр ғажайыбы атанған Аста­на­ның ажары айшықталып келеді. Әлемдік мәдениет пен сәулет өнерінің озық үлгілері­нің салтанат құрғаны да ақиқат. «Үшінші мыңжылдықтың қаласы» деп дос та, дұшпан да мойындады. Ендеше, астаналықтар осы Астананың көрікті келбетіне қарап, бой түзеуі керек. Париждіктерді париждік еткен Париждің өзі болатын болса, астаналық­тарды да астаналық ететін Астананың өзі болмақ. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. __________________________________ Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС.