Футбол
Елімізде мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің әріптестігі аясында тұңғыш рет өтетін Спорт форумының қарсаңында Атлант мұхитының ар жағынан қуанышты хабар келіп жетті.
Осыдан үш жыл бұрын Бразилияға футбол ойнап, шеберлігін шыңдауға аттанған балалардың ішіндегі Рауан Сариев деген отандасымыз жақында Белу-Оризонти қаласының «Атлетико Минейро» клубымен 3 жылдық келісім-шартқа қол қойды.
Р.Сариев – Қазақстаннан Бразилияның «Оле Бразил Клаб» академиясында оқып, жаттығу үшін барған 26 баланың бірі. Осы кезге дейін ол «Оле Бразил» командасының сапында Сан-Паулу штатының Паулиста лигасында ойнаған. Енді жаңа командамен келісім-шартқа отырғаннан кейін Сариев осы елдің А сериясында өнер көрсететін болады.
Отандасымыздың жаңа клубы 1908 жылы құрылған Бразилияның ежелгі командаларының бірі. Оның сапында кезінде ұлттық құраманың негізгі қақпашысы болған Клаудио Таффарел, Андерсон Полга, Жилберто Силва, Амантино Манчини, Жулиано Белетти, Сисиньо мен басқа да аяқдоп шеберлері өнер көрсеткен. Қазір команда А сериясында 13 орында тұр. Команда матчтарын Белу-Оризонтидің 80 000 адам сыятын «Минейро» стадионында өткізеді. Клубтың қазіргі президенті Алешандре Калил, ал бапкері Кука деген азамат.
Рауанның өзі 1994 жылы Алматы облысы, Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылында туған. Тұңғыш жаттықтырушысы Ахмет Барзукаев деген кісі. Бразилияға барғанда ол 1993 жылы туған жергілікті балалардан жасақталған «Оле Бразил» командасында негізгі құрамда 3 жыл ойнап, 30-дай гол соғып үлгерген. Оның айтуынша, Бразилияға барған 26 баланың алтауынан басқасы өздерін жасыл алаңда жақсы қырынан көрсету үшін барын салып ойнап жүр. Солардың арасында Мұхтар Қалымбетов, Берік Шайхов сияқты балалар бар. Ал алтауы тәртіпке шыдай алмай, осы жерге келген жылы-ақ елге қайтарылған еді.
Хоккей
«БАРЫСҚА» БАС БАРМАҚПЕН БАҒА
Астанада шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы жолындағы халықаралық турнир мәресіне жетті.
9 тамыз күні басталып, 4 күн бойы «Қазақстан» спорт сарайында өткен турнирде жергілікті «Барыс» Ресейдің «Югра», «Амур», Өскеменнің «Қазцинк-Торпедо» командаларын артқа қалдырып, бас жүлдеге ие болды.
Аталған сында «Барыс» бір-ақ рет жеңілді. Турнирдің екінші күні олар Хабаровскінің «Амур» клубынан ұтылған болатын. Содан кейін ресейліктердің Өскемен командасын қалпақпен ұрып аламыз деген үміті желге ұшты. Бұл ойында Қиыр Шығыстың клубы «Қазцинк-Торпедо» командасынан 2:0 есебімен жеңіліс тапты. Міне, турнирде бірде ұтып, бірде жеңіліп жатқан командалар арасында бәсеке қызып, ең соңында бірінші орын алып, 6 ұпай жинаған «Барыс» пен 5 ұпаймен екінші орында тұрған Ханты-Мансидің «Югра» ұжымдары финалда кездесетін болды. Ал үшінші орын үшін кездесу топта үшінші орын алған «Амур» мен ең соңғы орынды иеленген өскемендіктер арасында өтті. Сөйтіп, финалда «Барыс» тағы да былтырғы ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластарынан басым түсті. Ал «Амур» осы жолы «Қазцинк-Торпедодан» есесін қайтара алды.
Биылғы турнирде «Барыстың» шабуылшысы Брэндон Боченски 4 шайба соғып, сұрмерген атанды. «Барыстың» қақпашысы Виталий Еремеев болса, «үздік қақпашы», Томми Варг («Югра») – «үздік қорғаушы», Иржи Новотны («Барыс») – «үздік шабуылшы» атанды.
Дастан КЕНЖАЛИН.