Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімдегі Үкімет отырысы болып өтті. Онда 2011-2012 жаңа оқу жылына білім беру нысандарының дайындығы туралы мәселе қаралды.
Еліміздің барлық өңірлерінің, Астана және Алматы қалаларының әкімдерінің қатысуымен өткен селекторлық режімдегі Үкімет отырысын аша келіп, Премьер-Министр күн тәртібіндегі бұл мәселенің ерекше маңыздылығына тоқталды. Отырыста Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов баяндама жасады. Баяндамашының айтуы бойынша, алдағы жаңа оқу жылына еліміздегі 7741 мектептің барлығы дерлік дайын. Биылғы жылы бұл мектептерде 2,5 миллион оқушы дәріс алатын болады. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық торқалы тойы қарсаңындағы жаңа оқу жылында 260 мың жас қазақстандық мектеп табалдырығын алғаш аттайтын болады.
2011 жылы республикалық бюджет есебінен елімізде жалпы құны 49,6 миллиард теңге болатын 142 білім беру нысандарын салу жоспарланған. Оның ішінде 41,9 мың оқушыға арналған 70 мектеп, 17,7 мың орындық 70 балабақша, 1200 оқушыға арналған 2 кәсіби-техникалық лицей пайдалануға берілмек. Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында 9 жаңа мектеп ашылды. Өңірлерде жаңа оқу жылына дейін 678 мектеп күрделі жөндеуден өткізілуге тиіс болатын. 15 тамызға дейінгі мәлімет бойынша, бұл білім нысандарының 80 пайызы жөндеуден өткен.
Мектептерді мұғалімдермен қамту мәселесі де оң шешімін табуда. 2011-2012 оқу жылы қарсаңында мектептерде 2714 мұғалімнің жетіспейтіндігі анықталған. ауылдық жерлерден келген кадрларды квота арқылы даярлау бағдарламасы шеңберінде биылғы жылы 2064 жас маман арнайы жолдамалар бойынша тұрғылықты жерлеріндегі ауылдық мектептерге жіберілген. Олардың 1047-сі қазірдің өзінде жұмысқа орналастырылған. Квота арқылы білім алып, жолдамамен ауылдық мектептерге барған жас мамандарды қызметке орналастыруда Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында кемшіліктер орын алып отыр.
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде аз қамтамасыз етілген отбасыларының мектепке баратын балаларына көмек көрсететін «Мектепке жол» акциясын өткізу дәстүрге айналған. Биылғы жылы осы акция шеңберінде 50 мың қазақстандық оқушыға 122 миллион теңге көлемінде жәрдем көрсетілді. Бұл акция биылғы жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасатын болады. Сонымен бірге, «Нұр Отан» ХДП тарапынан «Баланы мектепке даярлайық!» акциясын өткізу мәселесі де жалғасын табуда.
Отырыста сөз алған Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың айтуынша, мектептерде өрт қаупіне қарсы күрес шараларын ұйымдастыруда бірқатар алға басқандық байқалғанымен, әлі де орын алған кемшіліктер баршылық. Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан жаңа оқу жылы қарсаңында өртке қарсы күрес шараларының дайындығы бойынша 5178 білім нысандары тексеріліп, 17 мыңға жуық кемшіліктердің орын алғандығы анықталған. Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың мәлімдеуінше, еліміздегі 84 селолық мектеп әлі күнге дейін апатты жағдайда қалып отыр. Мәселен, Ақмола облысы, Астрахан ауданы, Оксановка ауылындағы мектеп тіреуіш ретінде қойылған бағаналардың арқасында ғана құламай тұрған көрінеді. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Жарбұлақ ауылындағы мектептің жағдайы да ешқандай сын көтермейді. Еліміз бойынша 95 орта мектептің кәріздік жүйесі жұмыс істемейді. Қызылорда облысында 17 мектеп қысқы жылу маусымына дайын емес.
2011-2012 жылдардағы жаңа оқу жылына дайындық барысын пысықтаған отырысты қорытындылай келіп, Үкімет басшысы министрліктер мен ведомстволарға бұл мәселеде ешқандай немқұрайдылық пен асығыстыққа жол бермеу қажеттігін тағы да атап көрсетті. Жаңа оқу жылы басталғанға дейінгі қалған күндерде орын алған олқылықтардың бәрін жойып, балалардың сапалы білімі мен саналы тәрбиесін қалыптастыратын білім ошақтарын жоғары дайындық сапасына қою қажеттігін ескертті. Қазан айының басында тапсырылған міндеттердің қалай орындалғаны жөнінде тағы бір Үкімет отырысы өткізіліп, тиісті қорытындылар шығарылатындығын айтты.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.