19 Тамыз, 2011

Дүбірге толы дүние

254 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ПРЕЗИДЕНТТІККЕ ӘРКІМНІҢ БАР ТАЛАСЫ Қырғыз еліндегі президент сайлауы бір кезеңнен асты – үміткерлерді ұсыну аяқталды. Сөйтіп, Ор­талық сайлау комиссиясы 83 адамның өтініштерін тіркеді. Сонша адам Қырғыз Республикасы дейтін елге президент болғысы келеді. Осының өзі ақ­парат құра­лын­­да біраз әңгі­ме­ге арқау болып от­ыр. Оны «Ги­н­­нестің рекордтар кіта­бы­на» ен­гізуге бо­латы­нын да ай­та­ды. Елдің хал­қы­на шаққанда 65 мың адамға бір үміткерден келеді екен. Жалпы, қырғыз ағайындар саясатқа құ­мар халық. Оларда 150-дей партия бар. Сол партиялар өзде­рі­нен бір үміткерден ұс­ынғанда, олардың саны қазіргіден де көп болар еді. Бірақ партиялардан ұсыныл­ғандар саны – 16. Басқалары – өзін өзі ұс­ын­ғандар. Олардың ара­сын­да кім­­­дер жоқ дейсің! 15 адам – мемле­кет­тік қызмет­те­гі­лер, 42 адам бизнеске қатысты, 19 адам жұмыс­сыз, ал 8 адам парламент депутаты екен. Бір зейнеткер де бағын сынамақ. Әрине, бұлардың бәрі күрес­ке түспейді. Алда ресми тіркеу бар. Одан біразының өте алмасы анық. Тіркелу үшін әр үміткер өзін жақ­тайтын 30 мың адамның қолын жи­нап, 2,2 мың доллар кепілдік қар­­жы құйып, 1,1 миллион доллар сайлау қорын құруы керек. Оған жұмыссыздың ғана емес, жалпы жалақымен өмір сүріп жүрген­дер­дің шамасы келе қоймас. Мемлекеттік тіл жөнін­дегі сынақ және бар. Үміткерлердің көптігін са­рап­­шылар әртүрлі түсіндіреді. Белгілі қырғыз саясатшысы Марк Са­ри­евтің пікірінше, олар­дың көп­ші­лігі белгілі бір мақ­сат­ты көздейді. Ең алдымен, олар үлкен тұлға­лар­мен сау­да­ласпақ – өз сайлау­шы­ла­ры­ның дауысын бе­ре­мін, ал сен кейін қызмет бересін, әйтпесе ақ­ша бер, демек. Ал біреулер өз ат­ын шығармақ ойда. Көп адам­ның назарын ауда­ра­тын жәйт – бұл сайлау елдегі саяси жағдайды бұ­рын­ғыдан да қи­ын­­да­та түседі. Ел­дің солтүстік жә­не оң­түстік бо­лып бө­лінуі кү­шей­мек. Не­гізгі те­ке-тірес осы екі аймақтың арасында өтпек. Қазір-ақ сол ай­мақ­тардан кім­дердің негізгі үміткер болатыны айқын. Сол­түс­тік­тің ту­ын қазіргі премьер-министр Алмазбек Атам­баев, генерал-майор Өмір­бек Суваналиев және Бішкек қала­сының бұрынғы әкімі Нариман Тө­леев ұс­таса, оңтүстік атынан кү­рес­ке «Бүтін Қырғыз­стан» партия­сы­ның серкесі Адахан Мадумаров, «Ата­жұрт» пар­тия­сы­ның тең төр­­аға­сы Қамшы­бек Ташиев, парламент де­пута­ты, бұрынғы қар­жы министрі Марат Сұлта­нов шығады. Сарапшылардың сөзіне қара­ған­да, басқалардың әрекеті бос әу­решілік. Жеме-жемге келгенде, осы екі аймақ өз араларынан біреуге тоқтап, соның сойылын со­ға­ды. Дауыстарын саудаға салу, аз­ын-аулақ бедел жинау – осыған дейінгі шаруалар. Аймақ арасындағы күрес дегенде де, сірә онда келісімсіз іс бітпейтінін қазір жұрттың бәрі біледі. Ондай келісімге қол жетпесе, бір жақ жеңгенмен, екінші жақ күре­сін, қарсылығын тоқ­татпай­ды. Са­рапшылар, содан да, екі жақ елдегі билікті келісім арқылы бөлісетінін айтады. БАРАК ОБАМА ДА ПЕНДЕ, ОЛ ДА ДЕМАЛАДЫ Үлкен тұлғалардың жүріс-тұрысы да жұрттың көз алдында, сонымен бірге, ол үлкен саясатқа да қатысты. АҚШ президенті Барак Обама осы та­мызда жазғы демалысқа шықпақ еді, оның оппоненттері шулап қоя берді. Сондағысы – ел қиын жағдайда тұрғанда неге демалысқа шығады дейді. АҚШ үлкен экономикалық қи­­ын­дыққа душар болғаны да белгілі. Одан әу­пі­рім­деп шық­­­қаны да шын­­­дық. Біреулер сол қи­ын­дық­қа апар­ған да Барак Обама десе, екіншілері бұл ел­дің тығырыққа тірелері заңды еді, қайта қазіргі АҚШ президенті оны құлатпай алып шықты дегенді айтады. Қалай дегенде де, алып держава қаржы дағда­ры­сынан өт­іп, біршама қа­лып­ты жағдайға көшті. Оны рес­пуб­ли­кашылар да біледі. Сөйтсе де, сәті түсіп тұр­ған кезде, қалай да Обаманы ха­лыққа қаралап көр­сет­кісі келеді. Ел басына қи­ын­дық ту­ғанда қай­тіп қана дема­лады, қайтіп тыныш ұйықтайды деп өрекпі­гендердің сөзінде қи­сын да бардай көрінеді. Халық­қа, елге жаны ашы­май­тын­дар ғана сондай әрекетке барады дегенге талай тоғышардың илана­ты­ны да анық. Сондай сөзден пре­зиденттің рейтингісі біршама төмендеуі мүмкін. Республик­а­шы­лардың көксегені де сол. Пікір айтылған соң оған жауап беру де керек. Ақ үйдің ресми өкілі Джей Карни бұған ыж­да­ғат­тықпен жауап берді. Осы та­мыздың екінші жартысында Оба­ма­ның өз отбасымен бірге демал­мақ­тығы да рас екен. Массачусетс штатындағы Мартас-Винь­­­ярд ара­лында табиғаты кө­рікті бір жекеменшік фермада отба­сы­мен бірге демалуды жос­пар­лап­ты. Басқа бір елдердегідей тегін емес, өз қал­тасынан аптасына 35-50 мың доллардан төлейді екен. Қазір бұл елде дәстүр бой­ын­ша саяси тыныштық кезеңі. Парламент те ай басынан бері дема­лыста. Тек қыркүйекте ора­лады. Сол парламенттің төменгі пала­та­сында республикашылар – көп­ші­лік. Елге жандары ашы­ғыш болса, олар неге демалысқа кетеді дегенді ескертіп, Джей Карни, дема­лыс­та жүрсе де Оба­маның билік тізгінін таста­май­­ты­нын айт­ты. Пре­зидент­тік қа­­шан да пре­зи­дент­­­пен бірге кө­­шіп жүреді деген қа­натты сөз де ай­тып тас­та­ды. Бай­ланыс жақ­сы: күн сайын ұлт­тық қау­іпсіздік коман­да­сы мен эконо­ми­калық команда жағ­дайды президентке баяндап отырады. Тіпті қажетті жағдай туа қал­ған күннің өзінде Обаманың Ақ үйге ұшып келуі де қиын емес. Басқалардай шетелде емес, өз елінде демалады. Әрине, Барак Обама да өзі­нің рейтингін, қарсыласта­ры­ның әре­­кет­терін қадағалап оты­рады. Алда президент сайлауы да бар. Оның мүлт кеткен сәтін респуб­ли­ка­шы­лар қалт жібермейді. Ал алдағы сайлауға қатысты айтқанда, республикашылардың жағ­­дайы жақсарды дей алмай­сың. Әзір­ге олар араларынан Оба­мамен тайталасатындай үл­кен тұлға таба алған жоқ. Бір жаңалық – күреске Техас губер­наторы Рик Перри қо­сылды. Өз штатында беделі жо­ға­р­ы бол­ға­нымен, АҚШ-тан бөлініп шығу­ды ұсынып жұрген сепаратист қайраткерді америкалық­тар­дың көп­­шілігі қолдай қоюы екіталай. Бір жағы сол өз оппоненттеріне жауап ретінде болар, Барак Оба­ма да үш күн бойы авто­кө­лік­пен елдің үш штатын аралап, өзі­нің сайлау алдындағы науқанын бастап кетті. Елдің басына түскен қиындықтан қалай шықпақтарын айтты. Оның халықты иланды­ра­тын сөз айтар қабілеті жоғары екені белгілі. Осындай жағдайда Барак Оба­маның жұрт сияқты дема­лыс­қа кет­пек ойын қарсы­лас­тарының оғ­ан қарсы пайдалан­бақ болғаны он­ша­лықты әсерлі бола қоймас. Қай­та бұл прези­денттің елдегі жағдай апат­ты сипатта емес, демалуға да бо­ла­ды деген сенімін аңғартқандай. Мамадияр ЖАҚЫП.