06 Қаңтар, 2010

РОЖДЕСТВО МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

3803 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев православиелік христиандарды және барша қазақстандықтарды жарқын мейрам – Рождество мерекесімен құттықтады. Бұл мереке – адамзаттың жақсылық, мейірімділік, есіркеу және сүйіспеншілік сияқты айнымас асыл құндылықтарының белгісі, делінген Елбасы құттықтауында. Қазақстанда православие ең көп тараған конфессияның бірі болып табылады. Орыс право­славие шір­кеуі мемлекет пен діни бірлестік­тер­дің арасында оң қарым-қаты­нас­тардың дамуына, қоғамымызда бейбітшілік пен келісімнің ны­ғаюы­на үлкен үлес қосып келеді. Бұл терең құрмет­ке және қадір­леу­шілікке лайық. Бізде Рождествоның Құрбан айтпен бірге демалыс күні болып жарияланғаны кез­дейсоқтық емес. Православие дінбасылары мен дін өкілдері өз қызметтері мен сенімдері аясында өзге де барлық конфессия өкілдерімен бірге еліміздің дамуына, оның ырыс-бай­лығының артуына рухани үлес қо­сып, төзімділік пен түсіністік та­ны­туда. Орыс православие шіркеуі – елімізде өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі­не белсенді қатысушы. Бүгінде біз елеулі оқиғаның қарсаңында тұрмыз. Менің ша­қы­руым бойынша бірнеше күннен кейін Қазақстанға Бүкіл Ресей және Мәскеу Патриархы Кирилл мінәжаттық сапармен келеді. Бұл са­пар еліміз өмірін­дегі айрықша оқиғаға айналып, тек право­сла­вие­ліктердің ғана емес, барлық қа­зақ­стан­дық­тардың рухани дүниесін нығайта түседі деп сенемін. Рождество мерекесі үміт күткен миллиондаған адамдар­дың үйіне қуаныш пен жақ­сы­лық әкеледі. Ол қазақ­стан­дықтарды біріктіріп, ар-ожданын орнықтырып, қоғам­дағы келісімді нығайтады. Бұл – көмек пен қамқорлыққа мұқтаж адамдар­дың барлығына шынайы тұрғыда көңіл аударылатын қайырым­дылық пен мейірімділік күні. Осы мереке барлығыңызға қуанышты көңіл-күй, шынайы махаббат пен достық, биік рухани байлық әкелсін! Баршаңызды Рождество мере­кесімен құттықтаймын! Сіздерге, қымбатты менің отандастарым, зор денсаулық, бейбітшілік, тыныштық және игілік тілеймін, делінген Елбасы құттықтауының соңында.