06 Қаңтар, 2010

ҚАЗАҚСТАН ТӨРАҒАЛЫҒЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ МӘЖІЛІСІ

3326 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Еуропада мерекелік дем­алыс­тар жалғасуда. Австрия астанасы тұрғындары біразға созылған Жаңа жыл және бірқатар діни мейрамдарға орай үзілістен шығуға асығар емес. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның мәжілістер қызметі де ресми түрде демалыста болғанмен, Ұйым Хатшылығы өз жұмысын біртіндеп жандандыруда. Осындай мереке күндері арасында қазақ дипломатиясы ЕҚЫҰ-ға төрағалығына байсалды кірісіп кетті. Келесі аптада, яғни 14 қаң­тарда Қазақстан төрағалығымен өтетін Венадағы Тұрақты кеңес­тің алғашқы мәжілісіне қызу дайындық жүріп жатыр. Оқыр­ман­дар есіне сала кетейік, Тұ­рақты кеңес – ЕҚЫҰ-ның әр ап­таның бейсенбісі сайын Вена­дағы елшілер деңгейінде жина­латын шешім шығарушы орган. Оның жұмысына қазіргі төраға­ның өкілі басшылық етеді. Әдетте, жыл басындағы ал­ғаш­қы Тұрақты кеңес – ЕҚЫҰ қауымдастығы, әсіресе, дипло­ма­тиялық топтар айрықша қызығу­шылықпен күтетін оқиға. Себебі, оның мәжілісінде төрағалықтың жыл бойына жоспарланатын әре­кеттер бағдарламасы танысты­ры­лады. Мәжіліс басында Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңес қатысушыларына арналған бейнежолдауы беріледі. Кеңес отырысына ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаев қатысып, Қазақстанның Ұйымдағы төраға­лы­ғы кезіндегі басым бағыттары туралы баяндама жасайды. 1 қаңтар күні ЕҚЫҰ Ха­т­шы­лығының баспасөз және қоғам­дық ақпарат бөлімі Қазақстан төрағалығының басталуына орай халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз ре­лизін таратты. Онда: “Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығын қабылдап, ЕҚЫҰ құндылықтары мен қа­ғидаттарын қалтқысыз ұстана­тын­дығын, барлық мүше мем­ле­кеттер мүдделерін ескеретіндігін, сонымен қатар, еуразиялық ке­ңіс­тіктің қауіпсіздігіне нақты үлес қосатын маңызды үнқатысу алаңы ретіндегі ЕҚЫҰ рөлін да­мыта­тындығын растайды”, делін­ген. Бөлім ЕҚЫҰ-ның қазіргі төр­ағасы, Қазақстанның Мемле­кеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың сөзін келтіре отырып, “Қазақ­стан Ұйымда төрағалық ететін алғашқы Орталық Азиядағы ел және бұрынғы Кеңес Одағы рес­публикасы. Бұл мүше мемлекет­тер­дің тең құқыққа ие екендігі ту­ралы қағидаттың күшінде еке­ні­нің дәлелі, сонымен қатар, стратегиялық маңызды өңірде және ЕҚЫҰ кеңістігінде Қазақ­стан рөлінің артуда екенін мой­ындау болып табылады”, – деді. “ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қа­зақстан бейтараптық және үйле­сімділік қағидаттары негізінде Венадан Шығыс пен Батысқа созылған Ұйымға мүше мем­ле­кеттер ұстанымын жақындатуға, Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістіктегі ынтымақтас­тық­тың нығаюы мен қауіп­сіздіктің бекуіндегі Ұйым рөлінің өсуіне жағдай жасамақ”, – деді. Сөзін жалғастыра келе ол: “Қазақстан “Корфу үдерісін” жал­ғастырады және ұзақ қақты­ғыстар өңіріндегі ахуалды тұрақ­тандыру мен оларды шешудегі, халықаралық көлік дәліздерін дамытудағы, толе­ранттылық пен өзара түсіністікті нығайтудағы ЕҚЫҰ жұмыстарына жаңа серпін беруге ұмтылатын бо­лады. Қазақстан Екінші дүниежү­зілік соғыстың аяқталғанына 65 жыл, Хельсинки қорытынды акті­сіне 35 жыл және жаңа Еуропалық Париж хартиясына 20 жыл толуы қарсаңына келетін ЕҚЫҰ сам­ми­тіне дайындық пен оны ұйым­дастыруға қатысты барлық ЕҚЫҰ серіктестерімен белсенді жұмыс жүргізетін болады”, – деді. Атап өтерлік қызық жәйт, 14 қаңтардағы алғашқы Тұрақты кеңес отырысын ЕҚЫҰ-ның Интер­нет­тегі YouTube арнасы арқылы тіке­лей эфирден немесе жазба түрінде көруге болады. Ол үшін www.youtube.com/osce адресіне кіру қажет. Ал Тұрақты кеңес мәжілісі қарсаңыңда Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының ашылуына орай Вена қаласындағы Хофбург император сарайында салтанатты концерт қойылады. Оған еліміздің бір топ атақты өнер шеберлерінің қатысуы күтілуде. Яғни, Еуропа Қазақстанның саяси бастамалары­мен танысып қана қоймай, соны­мен қатар, мәдени жетістіктерін тамашалайтын болады. ЕҚЫҰ штаб-пәтерінде Қазіргі төраға Қанат Саудабаев Ұйым Хат­шылығы, институттары, тыстағы миссиялары басшыларымен мәжі­ліс өткізеді. Оқырмандарымызға бел­гілі болғанындай, қазіргі таңда Ұйымның бірнеше институты қызмет етеді, солардың ішінде Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро, БАҚ бостандығы жөніндегі өкілінің офисі, Аз ұлттар жөніндегі Жоғар­ғы Комиссар және т.б. бар. ЕҚЫҰ-ның төрт негізгі аймақтарында шо­ғырланған 18 миссиясы жұмыс істейді. Олар Балқан түбегінде (Ал­бания, Босния және Герцеговина, Черногория, Хорватия, Сербия, Косово, БЮР Македония), Шығыс Еуропада (Беларусь, Молдова, Украина), Оңтүстік Кавказда (Әзірбайжан, Армения, ЕҚЫҰ-ның Минск конференциясының тақы­рыбы болып табылған жанжал (яғни, Таулы Қарабақ мәселесі) жө­ніндегі Төрағаның Жеке өкілінің офисі) және Орталық Азияда (Қа­зақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан). Венаға сапары аясында еліміз­дің сыртқы саясат ведомствосының басшысы, сондай-ақ Австрия Рес­пуб­ликасының басшылығымен, осы қалада орналасқан БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар же­текшілерімен кездеседі деп жос­парлануда. Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ – Венадан.