20 Тамыз, 2011

Заң бұзушылық фактілері тіркелген жоқ

428 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев баспасөз мәслихатында Сенат депутаттарын сайлау үдерісінің өтуі жайлы баяндап берді. Оның айтуынша, кеше Астана уақы­ты бойынша сағат 12.30-ға дейінгі мәлі­мет­тер бойынша, таңдаушылардың оты­ры­старына 96,6 пайыз мәслихат депу­таттары қатысыпты. Өңірлерде таңдау­шы­лардың дауыс беру шарасы жүйелі өткен. «Облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары алдын ала берген мәліметтер бойынша, күндізгі уақытта 371 байқаушы тіркеліп үлге­ріп­ті. Олардың ішінде Сенат депута­т­ты­ғына кандидаттардың 33 сенім білдірілген адамы, шет мемлекеттер мен ха­лық­аралық ұйымдардың 52 байқау­шы­сы, саяси партиялардан 29 байқаушы, қоғам­дық ұйымдардың 32 байқаушысы еліміз­дің және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 220 өкілі болды», деді ОСК мүшесі. Оның мәліметінше, таңдаушылардың отырыстары қалыпты жағдайда өткен. Сайлау заңнамасын бұзу фактілері тіркелмеген. Орталық сайлау комис­сия­сы­на, сондай-ақ Астана мен Алматы қалалық сайлау комиссияларына сайлау үдерісіне қатысушылардан шағымдар мен өтініштер түспеген. Орталық сайлау комиссиясының мү­шесі Татьяна Охлопкова да әріптесін қуаттады. Ол Парламент Сенатының депутаттарын сайлау кезінде сайлау заң­намасын бұзған ешқандай фактілердің орын алмағанын атап өтті. «Сайлау комиссияларына да, басқа да органдарға да сайлау үдерісіне қатысушылар, азаматтар, ұйымдар тарапынан ешқандай арыз-шағымдар келіп түспеді», деді Т.Охлопкова. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.