20 Тамыз, 2011

Үлескерлерді үміттендіретін үрдіс

301 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Алматыда жұмыс сапарымен болған Премьер-Ми­нистр­дің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылығын жаңғырту жұмыстарымен және күң­гейдегі бас қала мен Алматы облысындағы үлескерлер мәселесін ше­шу­де­гі салалық бағдарламалардың орындалу барысымен танысты. Шаһардың Тимирязев көше­сін­дегі 67-үйдегі қайта жөндеу жұмыстарымен танысқан Ө.Шө­ке­ев тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық саласында жылдар бойы қордаланған мәселе – ескірген үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігі екенін атап өтті. «Бір жағынан, ол пәтерлердің бар­лығы жеке меншікте, сондықтан мемлекеттік бюджеттен оған тікелей қаржы жұмсауға қақымыз жоқ. Екіншіден, тұрғындардың қалта­сы бірден үлкен қаржыны жұм­сау­ды көтермейді. Алайда бұл мә­селені тиімді шешетін тәсіл та­былған секілді, яғни қай­та жөндеу жұмыстарына жұмса­латын қар­жы­ның жартысын мемлекет көтер­се, қалғанын тұрғын­дар өздері көте­реді», – деді Ө.Шө­кеев. Сондай-ақ ол барлық шешім­дерді тұрғындар өздері қа­был­дайтындығын жеткізді. Мә­се­лен, қандай жөндеу жасау керек, оған қандай құрылыс жұ­мыстары кіреді, қандай материал­дарды пай­далану керек, тіптен жөндеу жұмыстарын жасайтын құ­рылыс компанияларын таңдау да тұр­ғын­дардың өз еріктерінде. Соны­мен қатар, мемлекет тара­пынан салынған қаржыны тұр­ғын­дар 7-10 жылда біртіндеп қай­тару­ла­ры керектігін ескертіп, бұл тұр­ғындарға үлкен жеңілдік екенін айтып өтті. «Көптеген қа­ла­ларда тұрғындар бұл мәселені бұрын дұрыс түсінбей келді, қазір бұ­ның тиімділігіне көздері жетіп, жұмыс үлкен қарқынмен жүріп жатыр деп айтуға болады. Бұл жұмыс Алматыда жақсы жолға қойылған. Өскемен қаласында да іс барысы жаман емес. Осы екі қаланың үлгісімен елдегі барлық қалаларда осы жұмысты қарқын­ды жүргізу қажет, – деп атап өтті бірінші вице-премьер. Биыл Алматы қаласы бой­ын­ша 40 үй жөнделмек. Бүгінде оның жиырмадан астамында жұмыс бас­талған. Бұл тұрғын үйлерді қай­та жөндеуден өткізу қанат­қақ­ты бағдарлама болғандықтан, іс­тің барысын байқап көріп, оның санын келесі жылдан бастап екі-үш есеге көбейту көзделуде. Биыл аталмыш бағдарламаға республика бойынша 7,5 млрд. теңге бө­лінсе, келесі жылы 16 млрд. теңге қарастырылмақ. Бір айта кетерлігі, тұрғындар бұл бағ­дарламаны қолдап, оған деген сенімдері ар­тып, өздеріне өте пайдалы екенін түсінуде. Одан кейін Премьер-Ми­нистр­дің бірінші орынбасары «Сайран» мегаауданында үлескер­лер­дің қа­ты­суымен салынып жатқан «2-квартал», «20-квартал», «29- квартал» және «42-квартал» тұр­ғын үй кешендеріндегі жұмыс ба­рысымен танысты. Оның ай­туын­ша, 2008 жылы әлемдік эко­номикалық дағдарыс басталған кезде еліміздегі 450 құрылыс ны­саны тоқтап қалып, өз қаржысын салған 62 мыңнан астам үлескер өте ауыр жағдайда қалған. Содан бері Үкімет үлескерлердің мәсе­ле­сін шешу бағдарламасын іске асырып келеді. Одан кейін бірінші вице-премьер Алматы облысының Қара­сай ауданында салынып жатқан «Премьера» тұрғын кешеніне атбасын бұрып, ондағы құрылыс бары­сы­мен танысты. Құрылыс кешенін салушылардың бірі «Алматы­гор­строй» АҚ-тың бас директоры Таң­атар Сұлтанбеков жұмыстың белгіленген кесте бойынша жүр­гі­зіліп жатқаны жөнінде есеп бере келе, бүгінге дейін 322 пәтерлі 48 мың шаршы метр көп қабатты 6 үйдің 50 пайызға дейінгі жұ­мы­сы бітіп, жылдың аяғына дейін өң­деп, әрлеу жұмыстарына дайын­дық­тарын жасап, амандық болса, келесі мамыр айында үлескерлер қоныс тойын тойлайтынын хабарлады. «Алматы облысындағы үлес­кер­лердің жағдайы сәл қиындау. Өйткені, Алматы маңында үлес­кер­лердің сенімін пайдаланып, қар­жыларын жинап, тіптен жұ­мыс­ты бастамаған 7-8 ірі алаяқ компания болды. Осы мәселемен облыстық әкімдік жете айна­лысып, бұрын-соңды қолданыл­ма­ған тәсілдер пайдаланылды. Мә­селен, 6 компанияның үлескер­лерін бір жерге шоғырландырып, қазір «Премьера» деген ірі нысан салынуда. Бұл жерде 2111 үлескер өз пәтерін алады, биыл толықтай бітірмесек те, әр үлескер өз пәтерін өңдеу жұмыстарынсыз көре алатындығына көзіміз жетіп отыр. Келесі жылдың мамыр айына дейін бұл үйлерді толықтай бітіріп, үлескерлерге табыстай­мыз», – деп атап өтті Ө.Шөкеев. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.