20 Тамыз, 2011

Қазақ күресінің қарымы

2785 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақ күресі – ұлттық төл спортымыз. Біздің күрес – еш­қандай күрес түрлеріне ұқса­май­ды.  Бүгінгі таңда жүргізі­ліп отырған спорттық-теория­лық және әдістемелік зерттеулер бойынша қазіргі самбо, дзюдо, еркін күрестердегі негізгі айла-тәсілдер қазақ күрес өнерінен алынғаны дәлелденуде. Яғни, дәстүрлі көшпелілер күресі әлем спорты­ның дамуына зор үлес қосты деуге бола­ды. Әсіресе, белбеу пайдаланып күресу тәсілінің бай тәжіри­бесі Ұлы Даладан бастау алып, Шығыс пен Батыс елдеріне та­ны­мал спорт түрі­нің алғы­шарты­на айна­л­ды. Белбеу арқы­лы бел­десу­дің өзіндік сипаты болған, ол белге оралған қайыстан ұстап, тізесі не ала­қаны жерге тигенге дейін күрескен. Бұл күрес жылдамдық, ептілік, күш және айла-тәсілдердің кең диа­пазонды қимыл-қозғалысымен қызықты. Сондықтан да оның адамның көңіл-қуанышын арттыра­тын, қанын қыздырып, ерлікке, елдікке баулитын қасиеті бар. Біз, қазақ халқы жоғарыдағы белбеу арқылы күресудің негізін салған жұрттың біріміз. Бұған мынадай мысалдарды келтіруге болады. Көшпелілер күресінің бас­ты қағидасы – әділеттілік болған. Жеңім­пазды анықтау көрермен халықтың көз алдында жарасым тапқан. Жарыс ережесінде кү­ресті ұйымдастырушылар оны мез­гіл және жер таңдамай өткізетін бол­ған. Көшпелілер өнерінің жоталы бір саласы – қазақ күресінің тәрбиелік маңы­з­ы зор, ол ұлттық намысты қоздырып, көрерменге асқан шабыт сыйлайтын құдіреті биік күрес екенін тарихтан білеміз. Ал бүгін­де қ­а­зақтың ұлттық спорты – кү­рес ешқашан тіршіліктен тыс қалмай, бірге жасасып, әлем чемпионаттарын өткізе­тін деңгейге дейін жетіп отыр. Өткен ХІХ ғасырдың ая­ғы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында сайын дала төсінде сайран салып, салтанат құрған бабаларымыз Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Қажымұқан күш-қуатымен бірге ақыл-парасатымен, ақын­дық-әншілігімен де ерек­шеленіп, нағыз ұлт мақтанышына ай­нала білді. Қажымұқан бабамыз төрт­күл дүниенің ең мықты деген балуан­дарын тізе бүк­ті­ріп, өз заманындағы кәсі­би балуан­дық­тың биік шыңына көтеріліп қана қоймай, «мұсылман әлемінің бас балуаны» деген атаққа ие болды. Осындай көрнекті өкілдері әлемді мойындатқан, тарихтың таразысына тү­сіп, әлем спортынан ойып тұрып орын ал­ған қазақ күресінің көші ХХІ ғасырға да аумай-талмай жетті. Сәл шегініс жаса­сақ, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанын­дағы Дене тәрбиесі және спорт комитеті алқасының шешімімен 1972 жылы қазақ күресінен тұңғыш рет 12 балуан «Қазақ КСР-інің спорт шебері» атағына ие болды. Қазақ күресінен әдістемелік оқу кітабы да тұңғыш рет сол кезде ба­сып шығарылды. Бұл оқулықты жазысуға республикаға белгілі спорт мамандары атсалысты. Содан бергі 40 жылдай уақыт бойы ұлттық күрес ережелері заманға сай даму жолында талай мәрте өзгертіліп, теориялық жағынан еңбектер жазылып, зерттеліп, ғылыми жетілдірілген бір жү­йеге түсті. Кейінгі 10 жылда қазақ күресі Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі коми­тетінің қамқорлық, қолдауының арқасын­да қанатын кеңге жайып, халықаралық аренаға шығып үлгерді. 2003 жылы Германияның Берлин қала­сында өткен Дүниежүзі қазақтары­ның құрылтайында Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығы құрылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Төл спорты­мыз – қазақ күресін олимпиялық ойын­дар деңгейіне дейін көтеруге күш салуы­мыз керек», – деген тапсырмасы аясында қарқынды жұмыс жүргізуіміздің нәтиже­сінде, бүгінде ұлттық күресіміз әлемнің 50-60 мемлекетінде тамыр жайып, дамып отыр. Бұған дәлел 2006 жылы Алматыда 48 елдің балуандары қатысқан І әлем чемпионаты ұйымдастырылса, ІІ әлем чемпионаты 2008 жылы Ресейдің Ор қа­ласында өтті. Кезекті ІІІ әлем чем­пио­наты мен V дүниежүзілік күрес ойын­дары­н­ың Астана қаласында өтуі төл өнері­­міздің әлемдік аренадағы мәрте­бе­сінің жоғары екендігін көрсетті. Бұған дейін екі рет Еуропа, алты рет Азия чемпионаттары өткізілді. Бес құрлықтан 40-тан астам елдің спорт­шылары қазақ күресінің киімін киіп, әлемдік додаға түсуі – тарихта болма­ған теңдессіз оқиға, өнердің өркендеуі, ұлтымыздың мерейі. 2010 жылдың көктемінде қазақ күресі FILA-ның құрамына кірді. Енді біздің балуандар осы ұйым аясында Азия, Африка, Америка, Австралия, Еуропа құрлық­тарының жарыстарына ресми түрде қатысатын болды. Биылғы жоспар – 240 балуанды қатыстыратын Азия чемпио­натын өткізу. Сонымен бірге, Того Рес­пуб­ликасында Африка чемпионатын өт­кізу жоспарлануда. Жақында Литваның Шяйляу қаласында 240 балуанның қаты­суы­мен Еуропа чемпионаты өтті. Жыл­дың соңғы ресми жарысы қазан айында Түркияда өтетін әлем кубогы болмақ. Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдас­тығының аясында әлем, Азия, Еуропа чемпионаттары, әлем кубогы, жас ерекшеліктеріне байланысты Қазақстан чем­пионаттары мен спартакиадалары және түрлі республикалық жарыстар өткізі­леді. Бұлардың бәрі Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығы мен республикалық федерацияның қаржысымен өткізіліп келеді. Алдағы уақытта әлемнің 5 құрлы­ғының әртүрлі елдерінде қазақ күресі қауымдастығын ашуды жоспарлап, соған сай жұмыстар атқарудамыз. Серік ТӨКЕЕВ, Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының президенті.