Ақжайық өңірінде спорттың дамуына қолдау көрсетіп, жанашырлық танытып жүрген кәсіпкерлердің қатарында кімдер бар дегенде Жарқын Тәжіғалиевтің есімі ауызға бірінші оралады. Негізгі мамандығы құрылыс инженері бола тұра, оның туабітті жаратылысы мен бітім-болмысы спортпен біте қайнасып келеді. Жас кезінен өзі де спортпен айналысқан Жарқын Серікұлының қазақ күресінен түйе балуан – республика чемпионы атанған кезі де болған.
Біз оған жолыққан күні бойы мен сойы бірдей келіскен, нар тұлғалы азаматтың жүзі жарқын да жайдары көрінді. Оның бет әлпетінде әлдебір қуаныш пен жақсылықтың нышаны айқын аңғарылып тұрды. Мұның сыры да көп кешікпей белгілі болды. Ж.Тәжіғалиевтің қолдау көрсетуімен өңірден жасақталған жас дойбышылар командасы бұдан бірнеше күн бұрын Балтық бойындағы Эстонияға, әлем чемпионатына қатысу үшін аттанып кеткен екен. Сол жақтан Жайыққа қуанышты хабар жетіпті. Команда мүшелерінің бірі Алтынай Жұмагелдиева әлем чемпионы атаныпты. Міне, өз аты бәйгеден озып келгеннен бетер қуануының сыры осында екен.
Бұдан басқа Жарқын Серікұлы Жайық өңірінде бірнеше әлем чемпионының шығуына себепкер, дәнекер бола біліпті. Олардың дені – ауыл жастары. Солардың арасында грек-рим күресінен әлем чемпионы Артур Үмбетқалиев те бар.
Ж.Тәжіғалиев өзінің негізгі мамандығына сай құрылыс фирмаларында жетекшілік қызмет жасай жүріп, содан түскен пайданың белгілі бір бөлігін ауылдағы спорт деңгейін көтеруге жұмсап келеді. Оның кәсіпкерлік қызметінің екінші бір тармағы халыққа қызмет көрсету саласына – қоғамдық тамақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған. Бұдан түскен табыстың әжептәуір бөлігі тағы да спорттың көкжиегін көтеруге кетеді. «Облыстың шалғай аудандарында Жарқын Серікұлының қолдауымен шахмат, ат бәйгесі, күрес, жаяу жарыс секілді спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарыстар ауыл жастарының арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруға елеулі септігін тигізді», дейді Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов.
Есімі Ақжайық өңіріне кеңінен танымал кәсіпкер Жарқын Серікұлының спортқа деген жанашырлығының тағы бір ерекше көрінісін айтпай кету әбестік болар еді. Ол таяу және алыс шетелдерге әртүрлі спорт сайыстарына баратын жастар мен спортшыларды материалдық тұрғыдан қолдап қана қоймай, жанашыр әрі жанкүйер ретінде олармен бірге өзі де еріп жүретіндігі. Әрі чемпионаттар қанша күнге созылса, сонша күн болатындығы. Айталық, былтыр Қостанай қаласында Азия чемпионаты өткен кезде ол командадағы он екі баламен бірге он күн сол жақта жүріпті. Әйтеуір, бұл еңбегі еш кетпеген. Облыстан барған төрт спортшы Азия чемпионы атанып қайтыпты.
Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.