23 Тамыз, 2011

Бейбіт күннің батыры

720 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қуан, қазақ! Ғасырлардың қа­лып қоймай ширегінде, бүгінге жеткен атамұра өнеріңе, қазақ спортының төресі – күресіңе қо­ғам­ның беті бұрылды. Жауырыны қақпақтай, жұ­ды­рығы тоқпақтай, шынжыр балақ, шұбар төс, бұқа мойын, бура сан жігіттерің бір күн бойына Астанада жайылған кілем үстінде жан берісіп, жан алысты. «Қазақстан барысы» атану үшін. Аламанға қатысқан ал­пыс балуан­ның ішінен Сырдың сұл­таны алды­на адам салмады. Үкілеп қосқанда, үмітті ақтады. Бабы мен бағы қатар келген жігітті Жаратқан жақ­та­ды. Солайша, Ұлан Рысқұл қа­зақ­тың түйе балуаны атанды. Тұң­ғыш өткізілген жарыстың тұңғыш жеңімпазы болды. «Қорқыт ата» атындағы әуе­жай­да көк байрақ қалықтап тұр. Халық тарланын траптан күтіп алды. Қызылордалық балуандарды бастап барған облыс әкімінің бірінші орынбасары Мадияр Алдоң­ғаров, облыстық спорт және туризм басқармасының бастығы Са­дық Мұстафаев пен тұңғыш «Қа­зақстан барысы» атағын жеңіп ал­ған Ұлан Рысқұлдың төбесі көрін­ген­де ел алғысын екі еселеп жау­дыр­тып жатты. Чемпион халықтың құшағына күмп беріп қойып кетті. Барлығы қолын қысып, арқасынан қағып, жеңісімен құттықтап жа­тыр. Ұланның бойында әлдебір се­зімдердің сапырылысып жатқаны көзінен көрінеді. Еңгезердей жігіт елпең қағып жүр. Ұлтты ұйыс­тыр­ған, жұртты жұмылдырған сәттің куәгері болдық. Жадыраған жұрт­пен бірге біз де аспанда қалықтап ұшып жүргендейміз... – Ұлы өнеріміз, қазақ күресінен өткен тұңғыш «Қазақстан барысы» жарысына аттанар алдында елдің батасын алып, ақжарылқап көңіл­дері мен тілектерін арқалап кетіп едік. Міне, бүгін сол елдің бата­сы­ның арқасында жеңіспен оралып отырмыз, – деп бастады сөзін Са­дық Мұстафаев. – Қазақ күресіне бұрын-соңды мұндай қамқорлық жасалмаған. Осыдан жиырма жыл бұрын күрестен қол үзіп кеткен жігіттер қайта оралды. Тіпті, басқа күрес түрлерінен Олимпиада мен әлемде жүлдеге жеткен балуандар да қатысты. Солардың арасынан біздің Ұлан Рысқұлдың жеңіске жеткені төбемізді көкке жеткізіп отыр, – деп са­бақ­тады әңгімесін әрі қарай. Шоңмұрын баласының шоң істерге ұйытқы болып жүргенін білеміз. Жыл сайын қазақ күресінен об­лыста «Алтын белбеу» атты жа­рыс өтеді. «Қазақстан барысының» бас­тауы осы жарыста жатыр десек, ақи­қат­тың ауылынан алыс кетпейміз. Екі жыл қатарынан өткен жарыста Руслан Әбдіразақов олжа салған. Ол да осы Садық бапкердің шәкірті. Осы арада айтпай кету айып болар. Ұлан Рысқұл мен Руслан Әбді­ра­зақов бір үйдің баласы. Бір ана, бір әкеден туған. Тете өскен. Екеуінің ара­сы екі жас қана. Бір үйден шық­қан қос балуан 1/8 финалда белдесті. Оны көрермен қауым жақсы білсе керек. Осы турасында бапкерден сұрадық. – Әрине, бір әке, бір шешеден туған, бір бапкерден тәлім алған екі балуанның 1/8 финалда жолы­ғуы біз үшін турнирдегі «әттеген-ай­дың» бірі болды. «Күш атасын танымас» дегенмен, қазақы дәстүр­ді қанына сіңірген жігіттер ғой. Інісі ағасына жолын берді. Сөйтіп, Ұлан сенімді ақтады, – деді бапкер. – Қазақ күресіне облыс бас­шысы Болатбек Қуандықов үлкен көңіл бөліп отыр. Біздің бүгін же­ңіске жетуімізге сол кісінің көмегі көп. Бұ­йыртса, облыста қазақ кү­ре­с­іне ар­нал­ған кешен салу ойы­мыз­да бар. Солайша, спортшы­лар­дың алаңсыз жаттығуына алдағы уақытта да қам­қор­лық жасала бермек. Кеше «Қа­зақ­стан барысының» келер жылғы жарысы турнирді ұтып алған облыс­та өтеді деген әңгіме айтылды. Егер олай бола­тын болса, Қызылорда облысы келесі жылғы жарысты өткізуге сақа­дай-сай деуге негіз бар, – деді об­лыс әкімінің бірінші орын­ба­сары Мадияр Алдоңғаров. – Сыр өңірінің туын жықпай, ала­­ман жарыста, дүбірлі додада же­ңіске жеттік. Алақайлаған әлеу­мет­тің ақ-адал ниетін ақтадық деп ой­лай­мын. Мен бұл жеңісімді бапкерім Садық Мұстафаевқа арнай­ты­ным­ды айттым. Өйткені, менің осын­дай биікке көтерілуіме ол кісі­нің сіңірген еңбегі зор. Бала кү­нім­нен күрестің әліппесін үйретіп, санама сіңірді. Сондай-ақ, бұл – Сыр өңі­рі­нің жеңісі. Ең бастысы – бұл жеңі­сімді Қазақ елі Тәуелсіз­дігінің 20 жылды­ғына арнаймын, – деді Ұлан бізге. Балуаннан қай белдесудің қиын тигенін сұрадық. Ол жартылай финалдағы белдесу мен финалдағы күресін атады. Расында да, Ұлан жеңіске оңай жете салған жоқ. Сонан соң алдағы жоспарымен бөліс­ті балуан. «Бұйыртса, енді Олим­пиадаға дайындаламыз. Өздеріңіз білесіздер, мен дзюдо күресімен де айналысамын. Ендігі биік – Лондон Олимпиадасы», – деді ол. Рас, бүгінде аса ауыр салмақ бо­йынша Ұлан Рысқұл дзюдо күре­сі­нен ұлттық құрамадағы бірінші нө­мірлі спортшы. Ендеше, ендігі бағы­нар биік Олимп тұғыры болсын дейік. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.