23 Тамыз, 2011

Тәуелсіздік жетістіктерін әңгімеледі

424 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қостанайға Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының орын­ба­сары Мұхамбет Көпеев келді. Қала активінің алдында баяндама жасаған ол тәуелсіз Қазақстан­ның 20 жыл ішінде жеткен жетістіктеріне тоқталды.  Бұрын алып державаның шикізат қоймасына айналған республика өз еркіндігі өзіне тиген соң дамудың дұрыс жолына түсті. Еліміздің эконо­ми­касы мен  әлеуметтік саласының дамуы жөнінде Сенат Төраға­сы­ның орынбасары келтірген мы­салдар тәуелсіздік ұғымының хал­қымыз үшін қаншалықты ма­ңызды екенін  айқындай түседі. 20 жыл ішінде ішкі жалпы өнім 252 есе, өнеркәсіп өндірісі 4354 есе, жалпы өнім 1600 есе өсті. Қазақстан экономикасы әлемді уы­сына тыққан қаржы дағда­ры­сынан бірінші болып шықты. Соңғы он жылдың ішінде Қа­зақстан  әлеуметтік  салада да үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ішкі жалпы өнім 1994 жылы жан басына шаққанда 700 АҚШ дол­ларынан келген еді, ал ол 2011 жылы 12 есе өсіп, қазір бұл көр­сет­кіш 9000 АҚШ долларын құ­рап отыр. Елімізде жүзеге асы­рылып жатқан  үдемелі өндірістік бағдарламалар,  инновациялық жо­балар экономиканың қарыш­тап да­муына және Президент Нұр­сұл­тан Назарбаев мақсат етіп қой­ған  әлемдегі мойыны озық елу елдің қатарына кіруіміздің кепілі болмақ. Мұхамбет Жұманазарұлы Қа­зақстанның  бүгінгі халықаралық беделіне де  кеңінен тоқталды. Жас  тәуелсіз мемлекет  халық­ара­лық беделді ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті, міне, биыл Ислам ынтымақтастығы ұйымына да жетекшілік жасап отыр. Жақында өткен ислам мемлекеттерінің эко­номикалық  форумы  халық­ара­лық көптеген мәселелердің шешімін табуына талпыныс жасады.  Кеңқолтық Қазақ елінде ұлттар дүрдараздығы, діни конфессиялар қайшылығы жоқ.  Қазір дү­ние жүзі Қазақстанды ынтымақ пен бірліктің, бейбітшілік пен татулықтың  эталоны деп танып отыр. Сенатор Мұхамбет Көпеев  сөзінің соңында тәуелсіз Қа­зақ­станның осындай толағай жетістіктерге Елбасы, Ұлт көшбас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында жетіп отырғанын қадап айтты. Сондықтан Елбасы саясатын бүкіл қазақстандықтар қолдайды. Мәртебелі қонақ мұнан кейін қостанайлықтардың биыл бітік егін өсіргеніне қуанышты екенін айта келіп, оны  төкпей-шашпай жинап алуына тілектестік білдірді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.