Бүгінгі күні Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев туралы үнсіз қалғанымыз дұрыс болмас. Өйткені, ол есімі еске алуға әбден лайық күрескер басшы болатын.
Кешірім Бозтайұлы облыс басшысы қызметіне тағайындалған осы өңірден шыққан алғашқы да соңғы бірінші хатшы еді. Мамандығы жөнінен металлург ол бұған дейін өнеркәсіпті Өскемен қаласында өз мамандығымен қатардағы шебер, цех бастығы, алып комбинаттың партия ұйымының хатшысынан облыстық атқару комитетінің төрағасына дейін өз күшімен сатылап өсіп, үлкен өмір мектебінен өтіп келген-ді.
Ол қазірде замандастары айтып та, жазып та жүргеніндей мінезі жұмсақ, біреуге дауыс көтеріп сөйлеуді білмейтін сыпайы басшы болатын. Білесің, білген соң айтасың демекші, сондай адамның айтқанынан қайтпайтын табандылығы мен туған жері мен елі үшін басын қатерге тіге білетін қайсарлығы ядролық сынақтарға қарсы күрес барысында айқын аңғарылды.
Сөйтсек, сол шақта Кешекең іштен тынып жүрген секілді ғой. Иә, осы өңірде туып-өскен азаматтың елдің басына төнген қасіретті білмеуі мүмкін емес-ті. Ал ол облыс тізгінін қолына алған сексенінші жылдардың ортасында мұнда жағдай тіптен ушығып тұрған болатын. Айталық, екі мыңнан сәл ғана астам халқы бар Семей атом полигонының нақ эпицентріндегі бір ғана Саржал ауылында сол жылдары жиырмадан астам адам өзіне өзі қол жұмсапты. Ал бұл одақтық көрсеткіштен екі есеге жуық артық екен. Жалпы өңір бойынша балалар мен аналар өлімінің артуы дабыл қағарлықтай деңгейге көтерілген еді. Соған қарамастан, дәрігерлерге науқас жандарға нақтылап диагноз қоюға рұқсат етілмеді.
Бұл өз кезегінде ел ішінде наразылық тудырды. Сөйтіп, жариялылық тұсында жылдар бойы жинақталған өкпе-реніш сыртқа шыға бастады. Соның бір-екеуіне ғана тоқталайын. Сол шақта Семейге білім жетілдіру курсына жиналған мұғалімдер балалар өлімінің жоғарылап кеткеніне, ақыл-есі кем нәрестелердің өмірге көптеп келе бастағанына және тағы да басқа толғақты мәселелерге байланысты үндеу қабылдай келіп, сынақ аймағындағы нақтылы радиация мөлшері туралы анықтама талап еткені әлі есімде. Әлгі үндеуге бақандай 60 ұстаз қол қойған екен.
Ал одан кейінгі тағы бір оқиға, сол кездегі өлшеммен алғанда, тіптен де сорақы болды. Яғни, облыстық партия комитетінің кезекті пленумының жұмыс аралығында жергілікті ақын Вячеслав Кобрин «Ядролық сынақтарға жол берілмесін!» деп жазылған плакатпен шыға келсін! Міне, енді айқайға аттан қосылып, бір дүрбелең басталатын шығар деп үрпиісіп қалғанбыз. Әйтеуір, абырой болғанда сол күні де, одан кейін де тыныштық бұзылмады. Бәрі бірінші басшыға байланысты десек, Бозтаев ендігі жерде елдің ыңғайына қарай жығыла берген секілді.
Оны айтасыз, бұдан кейін ол енді нартәуекелмен өзі көш бастауға айналды. Соның айқын айғағындай, кейіннен «Семей полигоны» атты кітабында өзі жазғанындай, 1989 жылдың ақпан айында бір апта ішінде қатарынан екі рет жасалған жарылыс ендігі жерде бұға берудің жөні жоқ екендігіне көздерін жеткізді. Сол себептен де Кешірім Бозтайұлы бастаған облыс басшылығы одақтық әскери ведомствоға қарсы бітіспес күресті бастап кетті.
Дегелеңдегі сынақ алаңында екінші жарылыс жасалған күні облыс басшысы обкомның идеология жөніндегі хатшысы Г.Мищенкомен бірге мені өзіне шақырып алып, нақты тапсырма берді. Ол кезде мен обкомның насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істейтінмін. «КОКП Орталық Комитетіне, Горбачев жолдастың тіке өзіне сынақты тоқтату жөнінде шифровка дайындаңыздар, – деді ол бізге. – Нартәуекел, оған өзім қол қоямын. Бізді Нұрсұлтан Әбішұлы қолдап отыр!»
Келесі күні, нақтылап айтқанда, сол 1989 жылдың 20 ақпанында әлгі шифрограмма КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысының алдында жатты. Оның көшірмесі менде әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Бүгінде тарихи маңызды құжаттың қысқаша мазмұны төмендегідей. Яғни, облыс басшысы Бас хатшыға Семей өңірінде алғашқыда ашық аспан астында, ал 1963 жылдан бері жер астында атом сынақтары үздіксіз жүргізіліп келе жатқанын айта келіп, осы қырық жылда бұл өңірдегі халық саны үш есе өскенімен, оған ешкімнің мән беріп отырмағанын ашық мәлімдеді. Ал одан әріде жыл сайын 14-18 жарылыс жасалып келе жатқаны, сынақ аймағындағы жер әбден тозып кеткендіктен, орта есеппен әр үшінші жарылыстан соң радиоактивті газ сыртқа шығып кетіп жатқанын жасырмады. Тіпті оны айтасыз, обком КОКП Орталық Комитетінің алдына сынақты уақытша тоқтату, немесе оның жиілігі мен қуатын азайту, ал болашақта оны қолайлы басқа жерде өткізу туралы нақты ұсыныс жасады.
Бұл енді қазір ғана айтқанға оңай. Сондықтан Бозтаевтың ядролық сынақтарды тоқтату жөніндегі алғашқы ресми құжатқа қол қоюын көзсіз ерлік демеске болмайды. Сол шақта әр бірінші басшы мұндай батыл қадамға бара бермегені еш дәлелдеуді керек етпейді. Рас, алпысыншы жылдары Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Сужиков полигонға қарсы сөз айтамын деп жылы орнын босатуға мәжбүр болғаны бар. Соны Кешекең білмеді дейсіз бе?
Енді мына бір қызық жәйтке көңіл аудармасқа болмайды. Мәскеуге, Кремльге жолданған жоғарыдағы шифровка туралы сол кездегі Қазақстанның бірінші басшысы Г.Колбин Горбачевтің өзінен арада үш күн өткен соң барып естиді. К.Бозтаев содан кейін барып оған Семей атом полигоны жөнінде толық ақпар жолдаған болатын. Ол ақпар да менің жеке мұрағатымда сақтаулы тұр. Осы орайда сол тұста республика Үкіметінің тізгінін қолында ұстаған Нұрсұлтан Назарбаев қажырлы қайрат танытпағанда, әлгіндей шифровканың Мәскеуге жөнелтілуі де мүмкін емес екендігін айтпасқа болмайды. Одан кейінгі жерде де Кешекеңді қанатының астына алып қамқорлық танытқан да Нұрекең еді.
Қысқасы, 1989 жылдың ақпан айы осындай қарбалас оқиғаларға толы болды. Осы айдың 28-і күні Алматыда ядролық сынақтарға қарсы «Невада-Семей» халықаралық қозғалысы өмірге келді. Оның алғашқы жиынындағы ақиық ақынымыз Олжас Сүлейменовтің жалынды сөзі баршамыздың есімізде. «Тауларды аласартпай, даламызды асқақтатайық», деп сүйікті ақынымыздың өзі айтқандай, ортақ мақсат жолындағы күресте әркімнің өз орны бар. Бірақ солардың бәрі сол тұста жасындай жарқылдаған жас басшы Нұрсұлтан Назарбаевқа арқа сүйегені даусыз ақиқат.
Бозтаевтың табандылығымен сол жылдың шілде айында Семейде осы өңірдің экологиялық жағдайын талқылаған ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Сол алқалы жиында ядролық сынақтардың денсаулыққа зияндылығы, сондықтан оны тоқтатып, жергілікті тұрғындарға көмек көрсету жөнінде шешім қабылданды. Күрескер басшы ақыр соңында Семей полигоны аймағындағы тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің арнайы қаулысының қабылдануына түрткі болып, соның нәтижесінде орталықтан Семей облысына 5 миллиард сом қаржы бөлінді. Уақыттан бұрын озып айтатын болсақ, Кешірім Бозтайұлы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 1992 жылдың соңында қабылданған ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккендерді әлеуметтік жағынан қорғау туралы заңына да бірден-бір себепкер болды.
1989 жылдың 28 қыркүйегінде Бозтаевтың тарапынан Мәскеуге, Горбачевтің атына тағы бір шифрограмма жолданғанын да жақсы білемін. Іле Семейден одақтық Министрлер Кеңесі мен КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағалары атына да жеделхаттар жолданып жатты. Облыс басшысы мұнымен де тынбай, ведомствоаралық үкіметтік комиссия құруға қол жеткізді. Сол тұста Нұрсұлтан Назарбаев тағы да өзінің ұстанымына берік екендігін көрсете білді. Ол әскери өнеркәсіп кешенінің жоғары шенді басшыларына «Семейге барып ондағы халықпен кеңесіңіздер, сонда қырық жыл бойы орын алған әділетсіздікке өздеріңіздің де көздеріңіз жетеді», деп бетке айтты. Ал арада екі жылдан соң, 1991 жылдың 29 тамызында өзінің Жарлығымен ажал аждаһасының аузына құм құйды. Бұл кезде алып империя әлі ыдырап үлгермегенін ескерсек, бұл теңдесі жоқ оқиға, көзсіз ерлік еді.
Сөз соңында кейінде біздің кейіпкеріміздің қаламынан «Қайнар синдромы», «Полигон – 29 тамыз» атты кітаптарының өмірге келгенін, ал 1996 жылы оның бастамасымен «Полигон – 29 тамыз» атты халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры құрылғанын айтпасқа болмайды. Семей қасіреті туралы соңғы кітабы Жапонияда да жарық көрді. Осылайша Кешірім Бозтаев өмірінің соңына дейін ұстанған бағытынан айнымай, еліне елеулі қызмет ете білді.
Владимир ПИГАВАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.