Жақында елордадағы Президенттік мәдениет орталығында мүмкіндігі шектеулі жас таланттардың «Менің әлемім» атты сурет көрмесі ашылды. Оған қолдау көрсеткен «Биік Самғау» қоғамдық қоры, Мәдениет министрлігі және Президенттік мәдениет орталығы.
Мүмкіндігі шектеулі балалар – өмірдің қатал сынағына ұшыраған жандар. Сондықтан олар қоғамның өздеріне деген айрықша назарына қашанда зәру. Оны түсініп түйсіну әрқайсымыздың борышымыз болса керек. Иә, біздің мемлекетімізде мұндай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісі жақсы жолға қойылған. Осы орайда Елбасымыздың: «Олардың болашақ қамын ойлап, жұмыла жәрдем беру – баршамыздың парызымыз», – деген сөзі ойға оралады.
Мүмкіндігі шектеулі балалар әлемді, қоршаған ортаны өздерінше түсініп, біз көңіл бөле бермейтін елеусіз оқиғалардан, құбылыстардан бір ерекшелік байқап, жанына түйіп жүреді. Бұл – олардың жан-дүниесінің әркез сергек жүретінін білдірсе керек.
Жас талант суретшілердің ішкі жан-дүниесі мен жүрек бұлқыныстарын өздері салған дүниелерден зер сала қарасаң, айқын аңғаруға болады. Тамыршыдай тап басып ой иірімін ақ қағазға түсіргенде, көз алдына алуан түрлі құбылыстарды әкеледі. Осы арқылы оларды мемлекеттің толыққанды азаматы ретінде тануға болады. Тіпті өздерін бір әлем десек жарасатындай.
Бұл көрмеге балалардың 25 туындысы қойылған екен. Жағалай қарап шыққанда мына жалғанның бүкіл болмысы осы суреттерге сыйып кеткендей әсер аласың. Әсіресе Болыс Жанарыс, Бибігүл Нұрмағамбет, Виктор Рампель, Александра Мазуренко, Далия Сурова, Виктор Киль, Елизавета Данилова, Ләззат Сұлтанова, Арлан Амангелдинов, Анжелика Шапедько сынды авторлардың жұмыстары көз жауын алады.
Көрменің ашылуына тиісті лауазым иелері, елшілік өкілдері, шетелдік қонақтар қатысып, жас қылқалам шеберлерінің тәй-тәй басқан тың туындыларына тәнті болғандарын, олардың болашағынан зор үміт күту қажеттігін еске салып, ұйымдастырушылардың азаматтығына алғыстарын білдірді. Бұл көрме осы айдың соңына дейін жұртшылыққа ұсынылатынын айта кетсек дейміз.
Сүлеймен МӘМЕТ.