Жексенбі күні елорданың «Жоламан» аэродромында Көлік және коммуникация министрлігінің «Мемлекеттік авиациялық орталық» РМК-ның 5 жылдығына арналған мерекелік авиашоу өтті. Авиаторлар мерекесіне тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Рәділбек Әдимолда арнайы қатысты.
Аталмыш орталық Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы мен әуе қорғанысы күштеріне мамандарды әзірлеумен шұғылданатын ұйымдар үшін ұшқыштарды алғашқы дайындықтан өткізудің базасын қалыптастыру мақсатында құрылған еді. 5 жыл ішінде дәрігерлік-ұшқыштық сараптамалық комиссияның қорытындысы бойынша денсаулығы жағынан ұшуға жарамды деп танылған 16-18 жас аралығындағы 275 курсант оқып шыққан. Олардың ішінде 55-і әуесқой-ұшқыш болса, 50 курсант авиациялық техник-механик мамандығына бейімделген. Мұнда білім беру тегін болғандықтан қызығушылық танытып келген жастардың саны да жыл сайын өсіп келеді.
Курсанттардың авиашоу бағдарламасы аясында парашютшілер мен планердің ұшу өнері, қону дәлдігіне және қону сапасына курсант-ұшқыштар, нұсқаушы-ұшқыштар арасында іріктеу жарыстары өткізілді. Сонымен қатар, 14-18 жастағы курсанттар арасында өткізілген авиацияны дамыту тарихы бойынша сұрақ-жауап сайысы да өте қызықты болды. Жеңімпаздарға ұшақтарда ұшуға мүмкіндік берілді.
Орталықтың оқытушылық, ұшқыштық және инженерлік-техникалық құрамы негізінен офицерлерден тұрады. Офицерлердің нұсқаушылық және оқытушылық жұмыстарындағы кәсібиліктері жоғары.
Орталық басшыларының пікірлеріне қарағанда, бұл жерде оқу үрдісі екі кезеңнен тұрады – теориялық курс және ұшқыштық пен өндірістік практика. Теориялық және практикалық оқу үшін орталықтың қажетті өндірістік базасы, оның ішінде, тренажерлік дайындық сыныбы бар оқыту курсы, «Жоламан» авиациялық алаңы бар. «Жоламан» ұшу-қону алаңы авиацияның аса жеңіл ұшақтарында оқу-жаттығу ұшуларын орындауға арналған.
Авиашоу барысында курсанттар ұшақтармен аспанда түрлі әуе қимылдарын жасап қана қоймай, парашютшілер мен Robinson R44 тікұшағын меңгергендер әуеден аса шеберлікпен секіріп жиналған қауымды тәнті етті.
Жас курсанттардың шеберліктерін көрген халқымыздан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров жастардың өте тамаша өнер көрсеткенін тілге тиек ете келе: «Мен көпті көрген адаммын. Жастардың мұндай таланттары шынымен де адамды жігерлендіреді. Маған өте ұнады. Мен осы жігіттерге рахмет айтқым келеді. Қарап отырсаң, сондай қиын темірді біздің кішкентай ғана ұл-қыздарымыз игеріп отыр ғой. Талабы мол жастарды көргенде елің үшін, Отаның үшін кәдімгідей қуанып қаласың. Еліміздің ертеңі осы жастар. Солардың қанаттары қатайып өсе берсе екен деймін», деп жастарға өзінің ақ тілегін арнады.
Мемлекеттік авиациялық орталықтың қызметкерлері Қазақстанның қыз-жігіттерін ұшқыштар оқуына шақырады. Оқу тегін, тек мықты денсаулық қажет.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.