24 Тамыз, 2011

Жалаңтөс

1100 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
(поэма) Осы поэманың жазылуына себепкер болған белгілі азамат Серікбай Өрікбайұлы Нұрғисаевқа алғыс айтамын.                  Автор. І   Тұрғанда* ауызда сөз, қолда қалам, Елеңдеп құлақ түрер ел де маған. Жалаңтөс баһадүрді жырға қостым, Аттанып Самарқанға кең даладан.   Сыйынып Жаратқанға жалбарына, Тұранның тағзым еттім хандарына. Көп тұрдым Регистан алаңында, Көз тігіп «Тілләқари», «Шердарыға»!   Атағы Самарқанның әлемге аян, Дүрілдеп биік құрған небір ноян. Сайраған бақшасында бұлбұл құстай, Низами, Науаи, Хафиз, Омар Хаям.   Талайлар қиялымен тербеп көкті, Жете алмай бұл қалаға шөлдеп кетті. Ғашық боп бір сұлуға Хафиз ақын, Меңіне Самарқанды бермек бопты.   Айтқан-ау ұлы шайыр шалқығанда, Арудың ыстық демі шарпығанда. Сатуға Самарқанды кім батады, Темір мен Жалаңтөстің даңқы барда!?   Шулатып шаңды заман, қанды заман, Сан тұрып, сұлу шаһар сан құлаған. Алдында әміршінің мың бұралып, Қаракөз кәнизактар жаудыраған.   Дұшпанын үріккен қойдай ұйлықтырған, Жалаңтөс баһадүр де билік құрған. Қырық жыл Самарқанды қолында ұстап, Айтқанын екі еткізбей бұйрық қылған.   Жалаңтөс баһадүрдің заманында, Жарқырап бағы жанған қаланың да. Әйгілі «Тілләқари», «Шердарыны», Тұрғызған Регистан алаңында.   Болыпты құлақ кесті үш мың құлы, Жалған деп айта алмайды ешкім мұны. Он тоғыз уәлаятты билеп-төстеп, Ақырған арыстандай естілді үні.   Қайырсыз қазынаға құнықпаған, Ұрыны, қарақшыны құрықтаған. Жылпостың, жандайшаптың жолын кесіп, Жақсы мен жайсаңдарды сұрыптаған.   Жан екен еңгезердей зор денелі, Иықты, ықшам келген көлденеңі. Кең маңдай, өткір көзді, қыр мұрынды, Мығым қол, мүлт кетпейтін сермегені.   Кеудемсоқ, кердең емес өркөкірек, Сабырлы, терең ойлы, жылы жүрек. Аңсаған Түркістанның тұтастығын, Қамқоры алты Алаштың арқатірек.   Тереңнің түбін қазып аршығанда, Танылар тарих сыры тамшыдан да. Жинапты суретші мен шеберлерді, Үндіден, Ауғаннан да, Парсыдан да.   Немене байлық судай сапырғанға, Емес пе қолдың кірі ақылманға. Бетке алып Самарқанды саудагерлер, Шұбырған алыстан да, жақыннан да.   Келгенде таңдай қағып әркім мұнда, Қосыпты Жалаңтөстің даңқын жырға. Құрылысқа судай ағып арықтағы, Құйылған күміс динар, алтын ділда.   Жұмылған құмырсқадай адам күші, Таң атып, түскенше кеш қараңғысы. «Шердары» медресесін салған шебер, Парсылық Абдол Жаппар деген кісі.   Болсын деп артқа мұра мәңгілікті, Асықпай он жеті жыл салдырыпты. Медресе қақпасының маңдайына, Үш ауыз өлең жазып қалдырыпты.   «Жалаңтөс әмір келді салтанатпен, Мадақтап, қарсы алды жұрт мархабатпен. Асырып медресесі жердің көркін, Жалғады атақ-даңқын аспан-көкпен.   Келтірген кереметті кемеліне, Шебердің қиял жетпес өнеріне. Қанша жыл тырысса да құпияның, Тірі жан бойлай алмас тереңіне.   Күмбезі нұрға бөлеп шартарапты, Аспанда ай қызғанып, мұңға батты. Жалаңтөс баһадүрдің өзі келіп, Маңайын одан сайын жарқыратты!»   Қаншама ғасыр өтті содан бері, Қанша жұрт сөзді оқыды өлеңдегі. Өз атын өшпестей ғып жазып кеткен, Адамның осындай бір кемеңгері.   Мұнан соң «Тілләқари» салыныпты, Оған да ақша судай ағылыпты. Сәулетін ғимараттың сәуле шашқан, Көргендер аузын ашып аңырыпты.   Жалғаспай жең ұшынан әркімменен, Әмірші ең алдымен: «Халқым!» деген. Алсын деп көздің жауын асыл мұра, Аптатқан іші-сыртын алтынменен.   Үңілмей тарих сырын кім біледі, Білмеген әрқашанда бүлдіреді. Деген сөз «Тілләқари» байқағанға, Алтынмен апталғанды білдіреді.   Қарсы алып шығар күнді, келер таңды, Қазақ та мекен қылған Самарқанды. «Шердары», «Тілләқари» тұрған кезде, Қалайша кеңге салман мен арқамды?   Ашығын айтар болсақ турасынан, Қалдырған артық мұра кім осыдан?! Намазға жиналғандар жұма сайын, Әмірді тастамайды дұғасынан!..   ІІ   ... Шығармай қанды жорық-дүбірді естен, Күрсініп тау мен дала күбірлескен. Жалаңтөс Есім ханның замандасы, Үзеңгі қағыстырып ғұмыр кешкен.   Байлықтан, батырлықтан ол күндерде, Қылмаған баһадүрді тағдыр кенде. Сыйласып, тізе қосып жақын жүрген, Есімнің ұлы Салқам Жәңгірмен де.   Боялтып көк найзаның ұшын қанға, Қасынан табылыпты қысылғанда. Орбұлақ оқиғасын жазып кеткен, Естіген, көрген кәпір-мұсылман да.   Ерлігі батырлардың ел есінде, Дұшпанның ат ойнатқан төбесінде. Соқпағы Жалаңтөстің сайрап жатыр, Қанды жон ғасырлардың белесінде.   Қатігез Қатағанның хан Тұрсыны, Ел шауып, Есім жоқта еркінсіді. Ашуға арыстандай мінген Есім, Тәшкенге басып кірген бір күн түні. Тұрсын хан қу түлкідей бұлаңдаған, Үй тігіп үй ішінен тыраңдаған. Секілді іштен шыққан шұбар жылан, Жақынын жатқа сатып ылаңдаған.   Бүлдіріп ала тайдай елдің ішін, Ант бұзып, айтқан сертте тұра алмаған. Ұшырап хан Есімнің қаһарына, Аспаны айықпастай тұмандаған.   Бұл жайды жырлап кеткен талай ақын, Шығарып әмірлер мен сарай атын. Қан жұтқан Қатағанның қалың жұрты, Тәшкеннің мекендеген уәлаятын.   Есім хан шаһарға ойран салған дейді, Жалаңтөс қолды бастап барған дейді. Тұрсынды төсегінен суырып ап, Қауақтай басын қағып алған дейді. Оятқан қамсыз жатқан хан Тұрсынды, Мына сөз Төлегеннен қалған дейді.   Қырғынды өз көзімен анық көрген, Жыраудың есімі ұмыт қалып келген. Қасқайып хан алдында сөйлеген соң, Марғасқа деген атты халық берген.   «Ей, Қатағанның хан Тұрсын, Кім арамды ант ұрсын. Жетім елді жылатып, Жер тәңірісіп жатырсың, Хан емессің қатынсың, Қазақ келді қапылсың. Алтын тақта жатсаң да, Ажалың жеткен пақырсың. Көнбесең де көнерсің, Иманыңда айт өлерсің. Еңсегей бойлы ер Есім, Шашқалы тұр қаныңды, Алғалы тұр жаныңды, Кешікпей содан көрерсің!».   Жалаңтөс қамал бұзған алдыменен, Көрсетіп сол соғыста ерлік ерен. Сөз рас Тұрсын ханды дедектетіп, Есімнің алдына алып келді деген.   Құшыпты хан аяғын шошығаннан, Көңілі көк өзендей тасыған жан. Есімнің әмірімен Тоғас батыр, Тұрсынның шауып тұрып басын алған.   Бурадай өшіккенін сан шайнаған, Есім хан жауын жеңіп той тойлаған. Тұрсынның көзін жойып, оның ұлы – Батырды әке орнына хан сайлаған.   Бір кесіп, екі қайта байламайтын, Есімнің саясаты айдан айқын. Болмаса ақсүйектің тұқымынан, Ол кезде қарадан хан сайламайтын.   Заманда алай-дүлей құйындаған, Тақ үшін талас-тартыс тыйылмаған. Атағы жерді жарған Жалаңтөске, Тәшкенге билік құру бұйырмаған.   Қайран ер аямаған жанын елден, Биікке шыға алмаған жөні келген. «Қарадан хан сайласа несі бар?!» – деп, Сарбаздар шу шығарған соңына ерген.   Ортаға әділдікті таразы қып, Білдірген Марғасқа да наразылық. «Қазақтар өз билігін алсын!» – деген, Келгенде көмейінен сөз ағылып.   Тұлпардай жүзіп ішкен таза көлден, Тілінен талай ақын жаза көрген. Беріде Әйтеке де айтты дейді, Бұл жайды жырға қосып Қожаберген.   Жалаңтөс Самарқанды мекендеген, Ойы жоқ қазағынан кетем деген. Есімге өкпелеген сыңайы бар, Хандыққа қарасынып көтермеген.   Тыңдасаң тынып жатқан бұрынғыны, Түрілер түнек басқан шымылдығы. Өлімге қия алмаған көрінеді, Өкпеге қиғанменен бірін-бірі...   ІІІ   Шежіре желі тартып ең алыстан, Алшынды туғызады Жанарыстан. Алшыннан – Әлім, одан – Төртқара би, Ұядан ұрпақтары тарап ұшқан.   Үңіліп, түп тамырын сараласақ, Шын аты – Төртқараның Қарамашақ. Жаншұқыр, Оразкелді, Ораз, Қараш, Тарайды бері қарай жағаласақ.   Қараштан – Ақпан, Тоқпан – екі ұл туған, Ер жетіп атасының жолын қуған. Тоқпанның бауырынан өріп шыққан, Тоғамыс, Сейітқұл мен батыр Шобан.   Еңкейтіп батқан күндей тайып қырдан, Көнені уақыт көзден ғайып қылған. Кеңітіп тар құрсағын үш ананың, Сегіз ұл туған екен Сейітқұлдан.   Сейітқұл ту көтерген төртқарадан, Жан екен Қызыр дарып, бақ қараған. Әрі би, әрі батыр, әрі шешен, Армансыз дәурен сүріп кеткен адам.   Қысылса тірек болған жақтап елі, Жетіпті арпалыспен баққа қолы. Ерғабыл бидің қызы қарақалпақ, Ақтұмар сұлу екен тапқан оны.   Ныспысы – Әбдікәрім қойған алғаш, Анығын білмегендер ойға да алмас. Шықпаса іздеушісі ізін қуған, Тұлпар мен ердің басы қайда қалмас.   Көбейіп ұрпақ өссе – елдің бағы, Айналып бәйтерекке балдырғаны. Шешесі бөлек екен Жалаңтөстің, Ағасы Ақшаменен алдындағы.   Халықтың кім шықпаған арасынан, Қазақтың айналайын данасынан! Әйгілі Әйтеке би туған екен, Ақшаның Байбек деген баласынан.   Тұлпардың несі тұлпар терлемесе, Арындап, өршеленіп өрлемесе. Қыранның қырандығын кім біледі, Шарықтап шыңда қанат сермемесе. Батырдың батырлығы бекер қалар, Қақ жарып қан майданда ерлемесе. Баласы Сейітқұлдың кім болғаны. Атаның жолын қуып ел демесе?! Қалайша Жалаңтөс деп атанғаны, Арқауы әңгіменің әлденеше.   Жалғанның жанған отын өшірмеген, Тірлікте жұмбақ қанша шешілмеген. Шешесі тұңғышына жерік болып, Көкжалдың дейді қақтап төсін жеген.   Тереңге батырса да заман мейлі, Атағы аспандаған ер өлмейді. Жарқырап апай төсі жауды қуып, Жалаңтөс атанғаны содан дейді.   Сермейтін семсер ұстап кеңге құлаш, Ұл тумай жақсылыққа ел жарымас. Қашанда халық бекер ат қоймайды, Әйтеуір бір себептің болғаны рас.   Әкенің түгелденер бар түлігі, Өзіне туар болса тартып ұлы. Баурында енесінің көп жатпайды, Көкжалдың көзін ашқан бөлтірігі.   Тұрғанда тіккен туы төрде бекем, Қара жер қасиетті – елге мекен. Тұсында Шығай ханның Нұратаға, Сейітқұл сыр бойынан келген екен.   Дәрия жағасынан самал ескен, Ауылы Сейітқұлдың неге көшкен? Отырған сүттей ұйып төртқаралар, Кеткен жоқ жерге сыймай ерегестен.   Қырылып қаптай өрген малдың бәрі, Ақсирақ жұт болыпты сол жылдары. Тауынан Нұратаның пана тауып, Қалыпты аман-есен елдің жаны.   Келген соң көп ұзамай байып мұнда, Мыңғырған мал бітіпті Сейітқұлға. Билеген Нұратаны неше жылдай, Кеңейтіп керегесін жайып қырға. Жалаңтөс тартып мініп аттың жалын, Жанына үйіріпті көптің бәрін. Ел үшін түн ұйқысы төрт бөлініп, Ойлапты жақын түгіл жаттың қамын. Жақсыға жақын жүріп санат құрған, Дүние кең ер жігітке талап қылған. Жиделі-Байсын жұрты ол заманда, Бұхара хандығына қарап тұрған. Бұхардың әміршісі Абдолла хан, Кісі екен ақылсыздау әпербақан. Абдолла өлгеннен соң билікке кеп, Мұхаммед Бақи деген аз отырған.   Иманқұл оның ұлы бір қаншелек, Жасаған зұлымдығы елден ерек. Шулатқан жер мен көкті баласы да, Өзінен асып түскен қара жүрек. Есірген Ескендірдің ызасы өтіп, Тәшкеннің халқы көзін жойса керек. Адасқан ақылынан ашулы хан, Қаланы қанға бояп алыпты кек. Тек қана Жалаңтөстен жасқаныпты, Болса да қанша дүлей өркөкірек.   Ер жігіт атқа қонбас еріккеннен, Жатқызбас ата жауы төніп келген. Қорғаумен Тұран жерін қанға батып, Баһадүр қанша жойқын жорық көрген. Шетінен сарбаздары сайыпқыран, Тәңірі сенімді ылғи серік берген. Шайқасып парсымен де, үндімен де, Кешіпті қанды өзенді көбіктенген.   Тұрғанда бойда қайрат, қолда күші, Кернепті көкірегін ел намысы. Жоқтапты ата кегін, ердің құнын, Жалғанға кетпейді деп жалған ісі.   Өтерін қас-қағымда жаны сезген, Бес күндік тіршіліктің алданышы. Шайнасып арыстанның талайымен, Тұранның атаныпты жолбарысы.   Тойымсыз, мансап пенен байлық қуған, Хандарды қаһарымен қаймықтырған. Қасқырдай көрінгенді талап жеген, Жүрегін тажалдардың шайлықтырған. Асыпты, Иманқұл да тасыныпты, Жуасты жүндей түтіп басыныпты. Шаппақ боп қарақалпақ көршілерді, Араны айдаһардай ашылыпты. Мыңғырған момын елдің малын көрген, Зұлым хан аттаныпты қалың қолмен. Жалаңтөс мұны естіген шыдай алмай, «Аттан!» деп әскеріне әмір берген. Көмекке сарбаздары баһадүрдің, Құйылған аққан селдей адыр-белден. Иманқұл орта жолдан шегініпті, Сескеніп жолбарыстан жонын керген. Бабалар болған жайды айтып кеткен, Өздері қара жерге көмілгенмен. Сүйекке айналады саудыраған, Тірлікте пенде, шіркін, семіргенмен. Самарқан, Нұратаға қоныс тепкен, Қазақтар мал мен жанын өрістеткен. Иманқұл Жалаңтөспен тіл табысқан, Аяғын аңдап басып шалыс кеткен. Кезінде қырық бестен асқан жасы, Сайланған екінші рет бас қолбасы. Тік тұрып бүкіл Бұхар хандығында, Алдында бас иіпті дос пен қасы. Қашанда қиянатқа тұрар бейім, Дүмшелер билік құмар жуан мойын. Абдолла хан тұсында бас қолбасы, Болыпты отызында бұған дейін. Заманда бас бірігіп ұйыспаған, Кімдермен кімнің жолы қиыспаған. Абдолла өлгеннен соң соңындағы, Мұрагер ұлдарымен сыйыспаған...   ІV ...Құдайдан қара бастың сау қалмағы. Қынында тыныш жатпас қанжар-дағы. Кез еді байтақ Қазақ ордасына, Қадалған аш бүйірден Жоңғар ханы.   Қайғыға қашан болсын ел батады, Кім білсін қанша жұртты сорлатады? Тұранды түсірмек боп талапайға, Үндінің соғыс ашты шах Жаһаны. Елу мың қолды бастап жер қайысқан, Аттанды ер Жалаңтөс жауға тағы.   Ойнатып айналасын алақанда, Бөктірді егескенін қара шаңға. Балхты, Кабул, Герат – түгел алып, Байрағын желбіретті Хорасанда.   Бұққанмен қан майданда жан қала ма, Біледі не боларын Алла ғана. Ыстықта әуе айналып шыжып тұрған, Беттесті шах Жаһанмен кең далада.   Самсаған сан мың әскер жерді жапқан, Шалқиды көк теңіздей толқын атқан. Айғай-шу аспан астын жаңғыртады, Әр тұстан керней тартып, дабыл қаққан.   Үндінің үйдей үлкен пілге мінген, Қап-қара батырлары күн кемірген. Құтырып, қаһар шашып ұмтылады, Диюдай көздеріне жын көрінген.   Кетердей қырып-жойып, жаншып-таптап, Келеді төңкерілген селдей қаптап. Басталып сәлден кейін сұмдық шайқас, Сарқырап адам қаны судай ақпақ.   Соғыстың жан шошырлық мына түрі, Өмірі кездеспеген сұрапылы. Батыры гүжілдейді ең алдыда, Атанған Жаһан шахтың Қара пілі.   Деді де: «Бір Жаратқан өзің қолда!», Жалаңтөс әмір берді қалың қолға. Бұйрығын қолбасының қағып алып, Жаршылар тұра шапты оң мен солға.   Жер жарып батырлардың ақырғаны, Найзағай ашық күнде шатырлады. Жарқылдап найза-қылыш, айбалталар, Жаңбырдай жауған жебе сатырлады.   Сұм тағдыр бұрын-соңды кімді аяпты, Қызыл қан сылдыраған судай ақты. Қырғынға тағы да бір куә болып, Қайғыдан күреңітіп күн де батты.   Жанына сая тауып қараңғыдан, Тыншыды сансыз әскер түн аңдыған. Күңіреніп құдайына жалынады, Әр жерде жаралылар ыңырсыған.   Таң атты, көкті қайта сағым жапты, Өзен-су өз бетімен ағып жатты. Әскері Жаһан шахтың шайқас тілеп, Тағы да кернейлетіп, дабыл қақты.   Болмаса екі көзі бірдей соқыр, Сұсынан Қара пілдің адам шошыр. Кезеніп сала құлаш көк найзасын, Дөңкиген піл үстінде бір дәу отыр.   Ішінен қайтеді деп мына албасты, Жалаңтөс көк тұлпарға қамшы басты. Сыйынып Төртқараның аруағына, Төбедей тажалменен жағаласты.   Жаралған екі мықты сонша күшті, Бірі – атта, бірі – пілде арпалысты. Көрмеген мұндай сұмдық жекпе-жекті, Сарбаздар бастан кешкен сан соғысты.   Қаһарлы Қара піл бет қаратпайды, Жалақтап жан-жағына алақтайды. Ұзартып қысқа қолын ұзын найза, Жанына әсте жақын жолатпайды.   Екінің жекпе-жекте бірі өледі, Батырлар басын тіккен біледі оны. Көк тұлпар өте бере тік шапшыды, Осы еді Жалаңтөстің тілегені.   Тұсынан тар қолтықтың ұрған бойда, Қолқадан бір-ақ шықты кірген найза. Түйедей қара тажал төңкерілді, Болмады астындағы пілден пайда.   Аузынан жаңа ғана жалын атқан, Қара піл қалды сұлап қанға батқан. Лап қойды тауды бұзған тасқындай боп, Тұранның сарбаздары ұрандатқан. Түс ауа туын жығып, тізе бүкті, Бақ тайып, базар көшіп Жаһан шахтан. Мерт болды екі ұлы да жекпе-жекте, Дәміне разы боп соңғы татқан. Ажалдың ауыспайтын тәжін киді, Жүргенде үміт етіп алтын тақтан.   Жалаңтөс түскен екен сол соғыста, Жекпе-жек – жеті мәрте арпалысқа. Жеңгені Қара пілді аңыз болып, Жайылған атақ-даңқы әрбір тұсқа. V Қалмақтың хонтайшысы Батыр атты, Шулатқан аш қасқырдай атырапты. Ежелден Есім ханда кегі кеткен, Қаскүнем, қара жүрек, дәті қатты. Елу мың қалың қолды бастап келіп, Қазақтың қанын судай шашыратты. Ер Есім сырқат еді бұл мезгілде, Алдымен алты Алашқа осы батты. Туған ұл ту көтеріп Есім ханнан – Жан-жаққа Салқам Жәңгір хабар салған. Қазаққа қалмақ шапты дегенді естіп, Жалаңтөс атқа қонды Самарқаннан.   Баһадүр әмір берген заматта сол, Атойлап атқа қонды жиырма мың қол. Алысқан ауыздықпен сәйгүліктер, Секілді құйындатты ұйтқыған жел. Түнерген қол алдында ер Жалаңтөс, Ашпайды қатуланған қабағын еш. Келеді суыт тартып апта бойы, Көрінбей жау қарасы тоқтар емес. Дүбірден дүр сілкініп, шаңға бөгіп, Бұлдырап артта қалды адыр-белес. Қалмақтар қаптағанда жалмаң қаққан, Қалың ел қатты сасқан бейғам жатқан. Байтақтың бас-аяғын жинай алмай, Аз қолмен Салқам Жәңгір қарсы шапқан. Аузына аждаһаның түсіп кетпей, Қайран ер қысылғанда айла тапқан.   Алты жүз жігіті бар жанына ерген, Көзге атар құралайды бәрі мерген. Ор қазып, қалың жауды тосып апты, Тар кезең – Қызылқия деген жерден. Жоңғарды аңдып тұрып қапы жерден, Соғатын сол соғыста сәті келген. Алты жүз сайыпқыран сарбаздарын, Үш жүзден салқам Жәңгір екі бөлген.   Үш жүзі атой салып асып шыңнан, Желіккен жауды алдыға асықтырған. Мылтықты үш жүз мерген жасырынып, Кезеңде түйе мойнақ тосып тұрған. Маңдайы тасқа тимей тоқтамаған, Жауыздар кімнің жерін таптамаған? Асуға арқан бойы таяғанда, Кенеттен қарсы алдынан оқ бораған. Ажалдан құтыла алмай жанын қысқан, Шатқалда шуылдапты қалың дұшпан. Құзардан құлатқан тас басып-жаншып, Мыжылып, мылжаланып өлім құшқан.   Қонтайшы не қыларын біле алмаған, Көз алды қорқыныштан тұмандаған. Жотаға ор қазылған жалау қадап, Биіктен Салқам Жәңгір ұрандаған.   Дауылдай ұйтқи соғып заман қатты, Сан қырғын қанға малды адамзатты. Жерлердің Белжайлаудың төріндегі, Орбұлақ, Жалаулы аты содан қапты.   Қалса да жайрап, жамсап қаншама өлік, Қалмақтар қайта шапқан өршеленіп. Тоқтайтын түрлері жоқ Тәңір өзі, Ортаға тастамаса тау шөгеріп.   Қыбырлап құмырсқадай тау қапталы, Асуға тұс-тұсынан жау қаптады. «Жан керек батырға да» деген рас, Қазақтың қатты састы саңлақтары.   Аз сарбаз секілденген ат төбелі, Ел үшін өлуге серт еткен еді. Ес кетіп, есеңгіреп тұрған шақта, Жалаңтөс баһадүр де жеткен еді.   Тер басып, тебінгісі сартылдаған, Жетіпті жиырма мың қол жарқылдаған. Дұшпанның ту сыртынан тиіп берген, Дес бермей, баса-көктеп қарқындаған.   Батырлар салғанда ұран: «Алшындаған!», Тұлпарлар бауырын жазып аршындаған. Кенеттен төбесінен жай түскендей, Қалмақтың құты қашып қалшылдаған.   Жойқын күш тыңнан келіп араласқан, Тажалды талқандапты аран ашқан. Өлігін жинай алмай қалың жоңғар, Қашыпты алды-артына қарамастан.   Сейілтіп қасіретті елге төнген, Жалаңтөс құтқарыпты зор қатерден. Қайыспай екіталай күн туғанда, Қашанда елдің жүгін ер көтерген. Жарқырап таң атады өлмегенге, Таусылмас ерлік жыры тербегенге. Кім білсін не боларын тағдырымыз, Жалаңтөс жер түбінен келмегенде!? Кім білсін не қыларын қалмақ онда, Қаһарман Салқам Жәңгір болмағанда? Бар қазақ хан қасынан табылыпты, Еңіреп ел мен жерін қорғағанда! Емес пе намыс қымбат өлімнен де, Батырлар тізе қосса жеңілген бе! Белгілі қас дұшпаны талай рет, Қазақты жүндей түткен бөлінгенде. Көзіне жас алмаған жан болмапты, Төбесі Жалаңтөстің көрінгенде! Аруағы алты Алаштың аспандапты, Қалмақтың қалың қолы шегінгенде. Ата жау келсе бастан орғымаққа, Мініпті хас батырлар қарғып атқа. Ерлік пен бірлік ізін салып кеткен, Жалаулы, Қызылқия, Орбұлаққа! Тау мен тас ұлы қырғын оқиғасын, Сыбырлап жеткізіпті әр құлаққа. Солардың қаны тамған топырақты, Тәңірім таптатпасын енді жатқа! Шайқасқан жанын майдан отына сап, Кетейін сол ерлердің атын атап. Ақын боп қолға қалам несін алдық, Аруақты еске алуға татымасақ?! Арғыннан Ағынтай мен батыр Қомпай, Бар екен шапырашты ер Қарасай. Алшынның Жиембеті жалаң қылыш, Дулаттың Жақсығұлы бұларға сай.   Найманның Көксерегі жүрек жұтқан, Қаңлының қаһарманы Сарбұқадай. Суанның сайыпқыран Елтіндісі, Қырғыздың қос көкжалы – Көтен, Табай. Тарихта берекенің кемдігінен, Жұрт аз ба жұрдай болған елдігінен? «Бірліксіз тірлік болмас!» деген сөзді, Батырлар жазып кеткен ерлігімен!   Қайран ел ғасырларда қанға бөккен, Ұлдарын медет тұтып, қорған еткен. Жалаңтөс баһадүр де жанын салып, Қазағын қайда жүрсін қорғап өткен!   Даңқына дара батыр шаң қонбаған, Тұранның тұтастығын армандаған. Көк туды қорғайды енді киесімен, Ерліктің ата жолын салған бабам!.. Төгеді төбесінен Алла нұрын, Күн сайын «Тілләқари», «Шердарының». Ұмытпас Самарқанда жатқан ұлын, Байтақ ел білетұғын ер қадірін. Несіпбек АЙТҰЛЫ, Астана.