24 Тамыз, 2011

Қазақ тарихында

673 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Бөкей хандығының орны бөлек Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында еліміздің өткенін елеп-екшеп, аса маңызды тарихи оқиғаларды елеусіз қалдырмай, атап өтудің маңызы зор болса керек. Соның бірі Бөкей хандығының құрылғанына биыл 210 жыл толып отыр. Тарихтың қа­лың қатпарлы кезең­де­рінде кейде бір ғана күннің өзі бүкіл елдің тағдырына әсер ететіндей шешуші рөл атқарады. Бөкей хандығының құрылуы жө­нінде дәл осыны айтуға болады. Әбілқайыр немересі, Нұралының ұлы Бөкей сұлтан Астрахань губер­наторымен, Ресей патшасы І Павелмен көңіл жақындығын пайдала­нып, Еділ-Жайық арасына көшіп-қонуға рұқсат алуға бар күшін салды. Ақыры І Павел 1801 жылы 11 наурызда ресми жарлыққа өз қолын қояды. Тағдырдың жазуына ем бар ма, егер патша сол күні жар­лығын шығарып үлгермегенде, тарих доңғалағы басқаша айналар ма еді, кім білген. Өйткені, 11 нау­рыздан 12 наурызға қараған түні І Павел өз туыстарының қастан­дығынан қаза тапты. Ендеше, 1801 жылғы 11 наурызды тек Бөкей ғана емес, Бөкейге ере көшкен күллі елдің бағын ашқан күн деп есептеуге болады. Сөйтіп, Қазтуған жырау жылап қоштасқан қайран Еділге қол жетпесе де, бабалар аңсаған «ай­налайын Ақ Жайыққа ат салмай өтер» күн қайта туды. Бөкей сұл­танға ақыл берген адам ретінде қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым Датұлы айтылады. Халық арасынан шыққан кемеңгер ұлдар мен хан балаларының осындай ынтымақта ұдайы болмағаны өкі­нішті, әрине. Алдағы жылы Бөкей сұлтанның ресми хан тағына отырғанына тура екі ғасыр толады. Бөкейді ұлықтау салтанаты Орал қаласы іргесіндегі Хан тоғайында өткені мәлім. Бөкей 1815 жылға дейін хандық құрса да, қарауындағы халқы үшін айта жү­рерліктей барынша мамыра-жай заман орнатып кетті. Бұған ел ау­зындағы: «Бөкей ханның тұсында шекер шайнап, бал іштік», деген сөз дәлел. Ең бастысы, Еділ-Жайық арасына қайта оралған қазақ халқы аз уақыттың ішінде өсіп-өнді, керегесін кеңейтіп, болашақта белгіленер шекарасын ұлғайтты. Әкесінің ісін ұлы Жәңгір жал­ғас­тырып, қазақтың соңғы хан­да­рының бірі ретінде тарихта қалды. Орыс отаршыларына арқа сүйесе де, Жәңгір еуропаша өмір сүруге талпынды. Отырықшылыққа бой үйретіп, өз қала­сын салды. Биыл Бөкей хан­дығының 210 жылдығы ғана емес, қазір ауыл болғанымен, кезінде қала­ның рөлін атқарған Хан ордасының іргесі қа­ланғанына 185 жыл. Ыбырай Ал­тынсарин шыр етіп дүние есігін ашқан жылы отау көтерген Жәңгір хан мектебіне 170 жыл. Бөкей ордасы тек ханы мен батырларымен ғана аты шықпай, тұңғыштар мекеніне айнал­ды. Құр­манғазы мен Дәулеткерей, биыл 150 жылдық мерейтойлары ата­лып өті­летін Дина мен Сейтек, қа­зақтың алғашқы ғалымдарының бірі Мұ­хам­мед-Салық Бабажанов, ақын­дар Шәңгерей Бөкеев пен Ғұмар Қараш, Қазақ АССР Орталық Атқару Ко­митетінің тұңғыш төрағасы Се­йітқали Меңдешев сынды бірегей тұлғалардың кіндік қаны осы жерде тамды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың осындай тарихы бар Бөкей ордасына деген ықыласы ерекше. Тәуелсіздік жылдарында екі мәрте арнайы ат басын бұрған Президент 1997 жылы Жәңгір хан кесенесін ашты. 2000 жылы Елбасы Жарлы­ғымен Орда ауданы Бөкей ордасы ауданы болып қайта аталды. Яғни, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Бөкей хан ресми түрде мо­йындалды. Дегенмен, Бөкей ханды­ғының тарихы мен мән-маңызын бір ғана ауданмен шектеген дұрыс болмас еді. Өйткені, өз басқару құ­рылымы болған кішігірім мемлекет іспеттес Бөкей хандығы қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау және Ресейдегі Астрахань облыстарының біраз бөлігін алып жатты. Бөкеймен бірге үдере көшкендер ұрпақтары кейін Волгоград, Саратов, Самара облыстарына да тарап кетті. Бөкейліктерге зауал қай заманда да төнбей қалған жоқ. Қарауындағы елдерге отаршылдардың көзімен қараған Кеңес өкіметі Абайдың жерін атом аждаһасының аузына салып берсе, Махамбеттің Отанын Капустин Яр, Азғыр әскери поли­гондарына айнал­дыр­ды. 1952 жылы Орда ауданы таратылып, халқы жер аударылды. Алды Оң­түстік Қазақстан облы­сына жеткізіліп, де­ні ыстықтан қырылса, енді бірқатары Ресей жеріне босып кетті. Махамбеттей ұлы тұлға­лардың орнын баса алатын қан­шама ұрпақтан айырылдық десе­ңізші. Ауданның өзінде қалғандарға қамқорлық жасалды деу қиын. Об­лыс орталығынан алты жүз ша­қырымдай дерлік қашықтықта жат­қан Ордаға жөні түзу жол салын­бады. Тек тәуелсіздіктің арқасында ғана ел тұрмысы түзеле бастады. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхам­бетовтің күш салуымен өркениеттің үлгісі іспеттес «көгілдір отын» да Бөкей ордасына тек соңғы жылдары жеткізілді. Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешені бар өлкеге енді қатқыл табанды жол тартылса, республика тұрғындары ғана емес, шетелдік меймандар тамашалай ала­тын туризм орталығына айналар еді. Бұл – бір. Екіншіден, Жәңгірге қарағанда, Бөкей ханның өмірі мен қызметі аз зерттелді. Зерттелсе де, көпшілік кө­зіне түсе қойған жоқ. Тіпті, Батыс Қазақстан облысы энциклопедия­сын­да да оның туған жылы белгісіз деп жазылды. Өлгеннен кейін де өгейлік көрген Бөкей ханның бейіті Ресей жерінде, Астрахань облысы Краснояр ауданы Кішіарал ауылы тұсында қалды. Хан басымен сү­йегін өзі тірісінде қатты сый­ласқан Сейіт бабаның аяқ жағына қоюды өсиет еткен Бөкей шекарада, әлі күнге елін қорғап, күзетіп жат­қандай сезіледі. Сөйткен Бөкей хан­ның басын қайта қарайту, кесене көтеру тек кейінгі кезде ғана қолға алынды. Қазақ үшін Бөкей ханның орны бөлек, – деген еді Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков осы жолдар авторына берген сұхбатында. – Ол үлкен дипломатиялық жолмен, бір оқ шығармастан І Павелмен келісіп, қазақты Еділ-Жайық арасына, яғни Еуропаға жеткізді. Бөкей хан­ның бейіті баласы Жәңгір қойған­нан бері еш өзгермеген десе де болады, темір шарбақпен қоршал­ған күйінде тұр. Тіпті, Кеңес дәуі­рінде бейітті трактормен құлатпақ болған. Кейін орнына келтіремін дегендер төрт жағына тіреу қойып­ты. Елбасы тапсырмасымен, Астрахань облысы­ның губернаторы Алек­сандр Жил­киннің келісімімен, қазақстандық кәсіпкерлердің қол­дауы­мен қазіргі кезде Бөкей ханның басына кесене орнатылуда. Кешенді қыркүйек айында Астраханьда қос мемлекет басшыларының қаты­суымен өтетін Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының форумы кезінде ашу ойластырылуда. Иә, осынау сауабы мол іске Мұхит Ізбанов бастаған атыраулық кәсіпкерлер қолдау көрсетсе, батыс­қазақстандық мәрт азамат, облыс­тық мәслихат депутаты Мұрат Жә­кібаев та қалыс қалған жоқ. М.Жәкібаевтың продюсерлік орта­лы­ғы Бөкей ханның өмірі жөнінде деректі фильмді түсіруді бастап кетті. Әрине, ханға деген құрмет осымен шектелмесе керек. Батырын ұмыт­паған ел ханын да ардақтауы тиіс. Биыл 220 жылдығы аталып өтілетін Исатай батырмен бірге Махамбетке Оралда ескерткіш орнатылса, шіркін!.. Өйткені, өмірінде бір-бірімен қатар жүріп, майданға иық тіресе шыққан қос батырдың егіз ұғымға айнал­ғаны қашан. Ендеше, олар ескерткіш күйінде де мәңгілік бірге қалуы тиіс. Сол сияқты Бөкей ханға Оралда ескерткіш орнату жөнінде шешім шығарылып, республикалық байқау жарияланса, орынды болар еді. Ресейдің бес бірдей өңірімен шектесетін Батыс Қазақстанда елді осы күнге жеткізген ұлы тұлғалар асқақ­тап тұрса, жараспай ма! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Бөкей хандығының 210 жылдығы аудан немесе облыс кө­лемінде қалып қоймай, респуб­ли­калық, тіпті халықаралық дең­гейде аталып өтілсе, тарихи әді­леттіліктің орны толар ма еді. Және астатөк той емес, елдің абыройын өсіретін ескерткіштер, халықтың жадын жаң­ғыр­тар жиындар түрінде ұйымдас­тырылса, нұр үстіне нұр демекпіз. Ғайсағали СЕЙТАҚ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.