24 Тамыз, 2011

Сапалы білім санмен өлшенбейді

321 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше елордадағы білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз мәслихаты болып өтті. Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиев, Астана қала­сының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина қатысқан мәслихатта еліміздің және Астананың оқу-ағарту саласына қатысты көптеген түйткілді мәселелер сөз болды. Биылғы тамыз кеңесінің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бой­ынша Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиев сөй­ле­ді. Ол әңгімесін елорда мектеп­тері­нің түлектері Ұлттық бір­ың­ғай тестілеуді жақсы тапсыр­ған­ды­ғынан, бірақ биыл Астананың бірде-бір мектебі еліміздің «Үз­дік 100 мектеп» рейтингісіне енбей қалғанды­ғы­нан бастады. Әри­не, себеп бар­шылық. Білім сала­сына қатыс­ты туындап отырған мәселені тек бір жақтылы емес, оның себеп-салдарын жан-жақ­тан іздеп, көпжақты деңгейде қа­растырған жөн, деді вице-министр. Сонымен қатар, С.Ыр­са­лиев Астана қаласында 1-6 жас аралығындағы балалардың 62,5 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылғандығын, орташа рес­публикалық көрсеткіш бой­ын­ша ол 43,6 пайызды құрай­тындығын атап өтті. Сапалық көрсеткіш тек сандармен шектелмеуі керек. Тізбектелген құр­ғақ сандардан гөрі нақты кіріскен және аяқталған тыңғы­лықты іс-әрекеттермен көз­ге көрінген әлдеқайда тиімді бо­лары сөзсіз. Өйткені, жыл сайын мектепке дейінгі біліммен қамту орталықтарының саны өскені­мен, еліміз бойын­ша жасына тол­ған, алайда бала­бақшаға бару үшін әлі де кезекте тұрған бүл­дір­шіндер саны өте көп. Сондық­тан бұл өзекті мәсе­ле тезірек өз шешімін тауып жатса, нұр үстіне нұр. Вице-министр сондай-ақ Астанада жұмыс істейтін жоғары санатты мұғалімдердің саны орташа республикалық көрсет­кіш­­тен жоғары екендігіне де тоқта­лып өтті. Ол «Астана ұс­таздары­ның еңбек өтілі ең жоғары» деген пікірде екенін де жасырған жоқ. Бұл дегеніміз еңбек өтілі 20 жыл­дан асатын педагогтардың саны республика бойынша 31,1 пайыз болса, елордада 40,5 пайызды құрап отыр деген сөз. Қазақстанда білім беру сала­сы­на мамандарды даярлайтын жоға­ры оқу орындарының саны қыс­қар­тылатындығы да тамыз мәс­лихаты барысында мәлім бол­ды. Бұл туралы да Білім және ғылым вице-министрі мәлім етті. Сон­дай-ақ ол Білім және ғылым министрлігі педагогикалық ма­ман­­дық­тарда оқитын студенттерге шә­кіртақыны екі есеге кө­бейтуді жоспарлап отырғанын да жеткізді. Ал педагогикалық ма­ман­дық­тарға гранттардың саны 35-50 пайызға арттырылатынын да жақсы жаңалық деуіміз керек. Білім – тамыры терең, таны­мы мол ерекше ұғым, деп өз сө­зін бастаған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов әлемдік тәжірибедегі білім сала­сының жетістіктерін саралай келе, Астанада 33 балабақша іске қо­сылатынын, бұл балабақша­лар­дағы орынның тағы 9095-ке көбейетінін білдіретінін көлде­нең тартты. Сонымен қоса, 5 орта мектептің құрылысы бастала­тындығы туралы ақжолтай хабар­ды да жеткізді. Қала әкімінің ай­туынша, 2011 жылы Астана қала­сының білім саласына жалпы 16 млрд. 074 млн. теңге бөлініпті. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Сондықтан да бөлінген қаражаттың көлеміне қа­рай атқарылған істердің де сапасын лайықты бағалауға бола­тын тәрізді. И.Тасмағамбетов қаладағы білім саласына қатысты тағы бір түйткілді мәселеге тоқталып өтті. Арнайы статистикалық мәлімет­терге сүйенсек, бүгінгі таңда Астана қаласында 49 000 балдырған балабақша кезегінде тұр, олар­дың 18 525-і балабақшаға шұғыл баруы керек. Білім беру ордала­рындағы орын тапшылығы тек мұнымен шектелмейді, оқушы­лар арасында да орын жетіспеушілік байқалады. Сондықтан да биыл бұл проблемалар аса сал­мақты болып отыр. Әкімнің баяндамасы бары­сы­нан биыл қала әкімдігі жөндеуді қажет ететін 26 мектептің 11-інің ауласына жөндеу жұмыстарын жүргізгендігі белгілі болды. Бұл мақсатқа бюджеттен 600 млн. теңге қаражат жұмсалған көріне­ді. Мектептер жабдықталуы жа­ғынан жаман емес екен. Сапасыз оқулықтар мәселе­сіне де әкім арнайы тоқталып өтті. И.Тасмағамбетовтің айтуын­ша, жақсы оқулық жаңа ұрпаққа бүгінгі өмір туралы қолданбалы білім беріп қана қоймауы тиіс, ол ертеңгі күні оқушы сүйене ала­тын, осы білімді жаңа жағдай­ларда пайдалана алатындай берік іргені қалауы қажет. Астана әкімі қала мектептері үшін келер жылдан бастап әлеу­мет­тік тағам комбинаты салына­тындығын да жария етті. Әкім атап көрсеткендей, Астана мек­теп­терінің 1-4 сынып оқушылары ыстық тамақпен 2009 жылдан бері толығымен қамтамасыз етілген. Бұл – 35 675 оқушы. 1-4 сы­нып оқушыларын, мектепалды ме­кемелерді, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларда тұ­ра­тын оқушыларды ыстық тамақ­пен қамтамасыз ету үшін 2011 жылдың бюджетінде 1 млрд. 265 млн. теңге қарас­тырылыпты. Астана қаласы Білім басқар­масының бастығы Әсима Бимендина да алда атқарылуға тиісті көптеген істерге тоқталды. Білім сапасын бұдан да жоға­ры­лату керектігін, оқушылар­дың білім дең­гейлерін тек қа­тып қалған заң­дылық бойынша ғана емес, олар­дың дүниета­нымын, адамгершілік және отансүйгіштік қасиет­терін арт­тыру арқылы да көтеру­ге бо­латынын атап көрсетті. Шешен сөзін әрі қарай Астананың жаңа мектептеріндегі стомато­ло­­гия­лық кабинеттер толық пайда­ланылмай отырғандығы­мен жал­ғас­тырды. Мұндай жағ­дай оқу­шы­лардың денсау­лы­ғына деген жеңіл көзқарас қалыптастыруы мүмкін деген күдігін де айтып қал­ды. Диспансерлік есепте бар­лығы 12 мың 280 бала тұр. Бірінші кезекті нерв жүйесінің сыр­қат­тары алады, одан кейін тыныс алу органдары және қан ауру­лары келеді. Бұл мәлімет, ең ал­дымен, ата-аналардың алаң­дау­шы­лығын тудыруы тиіс. Әрине, балалар білім мекемелеріндегі медицина қызметкер­лерінің ұдайы жіті бақы­лау­ында жүреді. Бірақ, мектеп қа­бырғасында білікті ме­дици­на­лық көмек көрсетуге олардың мүмкіндіктері жоқ», деді Ә.Би­мендина. Сондай-ақ, Білім басқармасының бастығы ме­ди­циналық қызметкерлердің шта­тын Денсаулық сақтау министрлігіне беру мәселесін көтерді. Тамыз мәслихаты соңында Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиев үш ұс­тазды «Қазақстан Республика­сы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен және тағы үш пе­дагогты Білім және ғылым ми­нистрлігінің Ы.Ал­тынсарин атын­дағы төс­бел­гісімен марапаттады. Өз кезегінде Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов мектептер мен мектепалды білім мекемелерінің 10 қызметкеріне пәтер кілттерін табыс етіп, «Ең үздік сайт» қалалық байқауы­ның қорытындысын жарияла­ды. Әкім бірінші орынды жеңіп алған №54 мектеп-лицейінің, екінші орынды иеленген №31 мектеп-гимназия­ның және үшін­ші орынға ие болған №2 мектеп-гимназияның өкіл­дері­не сыйлықтар тапсырды. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20