Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен кезекті Үкімет отырысы болып өтті. Онда Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов «Халықтық ІРО» бағдарламасының жобасымен таныстырды.
Экономикалық даму және сауда министрлігі баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде «Халықтық ІРО-ға» «ҚазТрансОйл» АҚ пен «КЕГОК» АҚ дайын деп іріктелінген. ІРО-ға үміткер компанияларды осы үдеріске дайындау негізгі 3 бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, алдын-ала дайындық, акцияларды орналастыруға дайындық жүргізу, сонымен қатар акцияларды орналастыру шаралары белгіленіп отыр. Ал халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес тұрғындар тарапынан ағымдағы ІРО-ға сұраныс 100-200 млн. АҚШ долларына бағаланған. Ведомство басшысының айтуынша, бағдарламаның негізгі мақсаты Қазақстан халқының өздері жинаған қаржыларын ірі компаниялардың акцияларына инвестиция ретінде салып, сол арқылы акцияларға иелік етіп, және осы бағдарламаны жүзеге асыру арқылы Қазақстандағы бағалы қағаздар рыногының дамуын қамтамасыз ету.
Мұнымен қоса «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаевтың сөзіне қарағанда, талдау нәтижелері бойынша аталған бағдарламаға қатысуға қордың бірқатар еншілес және бағынышты ұйымдары іріктелініп алынған. Олар бірінші кезекте акцияларды орналастыруға дайындық дәрежесіне қарай топтар бойынша бөлінсе, бірінші топтағы «ҚазТрансОйл» және «КЕГОК» акционерлік қоғамдарының ІРО-ға шығарылу мерзімі 2012 жылдың 2-3 тоқсаны деп белгіленген. Екінші топтағы «ҚазТрансГаз», «Самұрық-Энерго», «ҚазТеңізКөлікФлот» акционерлік қоғамдарының ІРО-ға шығарылу мерзімі 2013 жыл деп межеленіп отыр. Үшінші топтағы «Қазақстан темір жолы», «ҚазТемірТранс» акционерлік қоғамдарының ІРО-ға шығу мерзімі 2014-2015 жылдар аралығы деп жоспарланған. Сондай-ақ, төртінші топтағы «ҚазМұнайГаз» және «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамдары 2015 жылдан кейін ІРО-ға шығатын болады.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов аталған бағдарлама аясында еліміздің азаматтары осы халықтық ІРО-мен барынша қамтылуы қажет екенін атап өтті. Премьер-Министр Қазақстан халқының осы бағдарламаға қатысуына барынша мүмкіндік жасалуы керектігін де назардан тыс қалдырмады. Бұл тұрғыда К.Мәсімов, ел азаматтарына акцияларды орналастырудың қыр-сырын барынша ұғынықты түрде түсіндіру шараларын жүргізуді тапсырды.
Үкімет басшысының айтуына қарағанда, «Халықтық ІРО» бағдарламасының жобасы алдағы сенбіде болатын Үкімет отырысында қабылданатын болады. Оған дейінгі аралықта тиісті ұсыныстар жасалып, қажетті толықтырулар енгізілмек.
Сондай-ақ, Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке «Халықтық ІРО» бағдарламасына ауыл шаруашылығы саласындағы компаниялардың қатысуы мәселесін қарастыруды тапсырды. Бұл тұрғыдағы мәселелерді қадағалауды К.Мәсімов өзінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке жүктеді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.