Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағы армиясының құрамында ер-азаматтармен бірге сұрапыл соғысқа қатысып, ерліктің теңдесі жоқ үлгісін көрсеткен батыр қыздардың санын, олардың әскери өмір тарихын, соғыстан соңғы тағдырын әлі күнге анықтай алмай жүрміз. Бұл пікірімізге республиканың өзге өңірлерін айтпағанда, тек Батыс Қазақстан облысынан шыққан қазақ қыздарының жауынгерлік ерлігі дәйек болады.
Жалпы, Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлерден уақыт 110 түрлі мамандықты игеруді талап еткен екен. Ал оралдық жауынгер қыздар дәрігерлік көмек көрсетумен бірге, ұшқыш, мерген, пулеметші, десантшы, барлаушы, байланысшы, көлік жүргізуші сияқты әскери мамандықтардың барлығын да меңгерген. Олардың бірқатарын тізбелесек, Кеңес Одағының Батыры, пулеметші М.Мәметова, 300 рет әуе шайқасына қатысқан ұшқыш Х.Доспанова, С.Жунин басқарған 8-партизан бригадасының байланысшысы, «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Отан соғысының партизаны» жауынгерлік медалінің иегері, партизан қыз Н.Байсейітова, «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері, әскери медициналық қызмет капитаны Р.Момынова, 12 мәрте Бас қолбасшы Сталиннің алғыс хатына ие болған І гвардиялық шабуылдаушы авиациялық полктың радиобайланысшылары Ғ.Рахметова, З.Наушева, сондай-ақ, Висла өзені маңындағы шайқаста ДЗОТ үнін өшіріп ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне, «Ерлігі үшін», т.б. медальдарға ие болған мерген М.Қожахметова, «Ерлігі үшін» медалінің иегері ефрейтор Мәлика Тоқтамышова, Карель майданында партизан бөлімшелерінің ІІ класты «эфирдің сұр мергені» атанған байланысшы М.Мақатова, Қиыр Шығыс майданында қыз-келіншектерден құралған аэродром қызметін қамсыздандыру батальоны құрамында десантшы, барлаушы болған Қ.Ермекова, Ә.Ниязғалиева, М.Үмбетова, Қ.Ахметова, әскери көлік жүргізуші С.Сарқұлова, соғысты Кореяның Хедзио қаласында аяқтап, Бас қолбасшының алғыс хатына ие болған байланысшылар Қ.Алмағамбетова, Ү.Есқалиева сынды майдангер қыздардың ерлігі ұрпаққа өнеге. Біз бүгін Ресейдің Қорғаныс министрлігі Орталық архиві құжаттары негізінде ержүрек мерген қыздар Әлима Габдушева, Мүслима Қожахметова және Мәлика Тоқтамышева туралы деректерді оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Соғыс басталған кезде Орал қаласындағы баспаханада қызмет жасайтын, Ә.Габдушева мен М.Қожахметова жұмыстан кейін кешкілік қалалық әскери комиссариат жанынан ұйымдастырылған қысқа мерзімді курсқа қатыса жүріп, 1943 жылы 24 маусымда өз еріктерімен оралдық 24 қызбен бірге майданға аттанады. Олардың қатарында Мәлика Тоқтамышева да бар еді. Орал қаласының әскери комиссариаты қыздарды Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының бастамасымен ұйымдастырылған Мәскеу маңындағы Подольскідегі Орталық мерген қыздар мектебіне жөнелтеді. Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлова мен Т.Барамзина да осы мектептің түлектері еді. Дерек көздеріне қарағанда, бұл мергендер мектебі сұрапыл майданға 2484 атқышты аттандырған. Олардың арасында Жайықтың 3 мерген қызы да болған еді.
Жауынгер қыздарға жеке тоқталатын болсақ, Әлима Габдушева 1924 жылы 30 маусымда Орал облысының Орда ауданында дүниеге келген. Оның өз қолымен жазған өмірбаянында: «1938 жылы күзде ағам Фин соғысына кеткенде мектепте оқып жүрген едім. Әке-шешемді асырайтын адам болмаған соң, байланысшы болып жұмысқа орналастым», деп жазады.
1944 жылы 2 наурызда Подольск мергендер мектебінің дайындық курсын тәмамдаған ефрейтор Ә.Габдушева І Балтық майданы 145-Витебск атқыштар дивизиясының 403-атқыштар полкіне жіберіледі. Ә.Габдушеваның майдан даласына келген 18 күннен кейін «Ерлігі үшін» медаліне ие болғанын мына архив дерегінен анық көреміз: «145-атқыштар дивизиясы 403-атқыштар полкінің «Жеке құрамын марапаттау туралы» бұйрық. 24 сәуір.1944 ж. №013. Майдандағы әрекет етуші Армия. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы атынан: 1944 жылы 6 сәуірде Орталық мерген әйелдер мектебінен келіп, аз ғана уақыт ішінде 5 фрицтің көзін жойып үлгерген ефрейтор – мерген Әлима Габдушева «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады».
Ал төрт айдан соң, яғни, 24 шілде күні 403-атқыштар полкінің командирі мерген Әлима Габдушеваны «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынып: «Отан үшін күресте жауынгер Габдушева батылдығымен көзге түсті. Онкиты селосы үшін болған ұрыста винтовкасымен 3 гитлершілдің көзін жойып, жаяу әскердің ілгері жылжуына көмектесті. Қорғаныс жағдайындағы оның есебіне өлім құшқан 18 фриц тіркелді», деп құжат толтырған. Міне, осы ұсыныс негізінде 1944 жылы 12 тамыз күні ефрейтор Әлима Габдушева жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындауда көрсеткен қажырлылығы мен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапттау туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының бұйрығы шығарылады. Небәрі төрт ай ішінде өзін әскери іс-қимылдардың нағыз шебері ретінде танытқан қазақ қызы сол жылы коммунистік партия қатарына қабылданады.
«Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерен ерлігі үшін» медалінің иегері Әлима Габдушева соғысты жеңіспен аяқтап, 1946 жылы елге оралған соң бейбіт еңбекке араласты. Соғыс ардагері К.Көпжасаровпен отбасын құрып, 5 бала тәрбиелеп өсірді. Ардагер ана 1987 жылы 63 жасына қараған шағында дүниеден озды. Бүгінде Ақжайық ауданының Базартөбе ауылында тұратын ұрпақтары батыр аналарын мақтан тұтады.
Жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосқан Мүслима Қожахметова (соғыс жылдарындағы аты-жөні Мария Галиева) 1924 жылдың 15 тамызында Орал облысы, Жымпиты ауданының Қособа елді мекенінде дүниеге келген.
Подольск атқыштар мектебін сәтті аяқтап, ефрейтор шеніндегі мерген Мүслима Қожахметова 1944 жылы 24 сәуірде І Балтық майданы 379-атқыштар дивизиясының 1253-атқыштар полкына жіберіледі. Майдан даласына келген қазақ қызының ерекше мергендігін мына деректер дәлелдейді: «Гвардиялық мерген ефрейтор Қожахметова Мария 1944 жылдың 13-26 қараша аралығында полкте болған уақытында ерекше ерлік көрсетті. Ол орналасу жағдайының қолайсыздығына қарамастан, 2 неміс солдатының көзін жойды. Оның жауынгерлік есебіне көзі жойылған 14 неміс тіркелді».
Мүслима (Мария) қаруластары Нина Лобковская, Клавдия Киселева, Руфа Ускина, Фатима Мұхамбетжановамен бірге Ресейдің солтүстік батысындағы қалың орманды аймағындағы Михайловск, Святые горы, Псков қалаларын азат етуге, одан соң Эстония, Латвия, Польша жерлеріндегі шайқастарға қатысып, «Ерлігі үшін». «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарына ие болады. Одерден өту шайқасында көрсеткен ерлігі туралы өз қолымен жазған ғұмырбаянында батыр қыз: «Майданда орден жайдан-жай беріле салмайды. 1945 жылдың басында Одер өзені үшін қатты шайқас болды. Зинаида Викторовна екеумізге взвод командирі жаудың пулеметшілер ДЗОТ-ын басып алуға бұйрық берді. Бұйрықтың аты – бұйрық. Екеуміз 500 метр жерге екі сағат еңбектеп жеттік те, қарлы шұңқырға келіп жайғастық. Енді жаумен арамыздағы қашықтық – 150 метр. Аяз буып тұр. Немістер болса беті жабылған окопқа тастай болып бекініп алған. Түннің бір уақытында қуатты прожекторлар жарқылдай бастады. Осы кезде жер бауырлап жатқан біз жаудың жасырын жамылғылармен бүркелген техникалар тобын байқадық. Нысананы үздіксіз атқылап, бірінші тапсырманы абыроймен орындадық. Ертеңіне күн батуға таянғанда ғана Зина екеуміз жау ДЗОТ-ның үнін өшірдік. Осыдан соң біздің жақ жаппай шабуылға шықты. Алайда, мен осы жерде контузияға ұшырадым. Бұл мен үшін естен кетпес күн болды. Кейін осы шайқастағы ерлігім үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапаттады», дейді.
Ержүрек қыз 1945 жылы маусым айында Жеңіспен елге оралды. Отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бейбіт өмір тірлігіне белсене араласқан ол Оралдағы ет комбинатының мал сою цехында 36 жыл бойы еңбек етіп, зейнет демалысына шықты. Майдангер ана 1998 жылы өмірден озды.
Мәлика Тоқтамышева 1924 жылы Орал облысының Жымпиты ауданында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ Қызыл Крест және Қызыл жарты ай қоғамы бөлімшесінің белсенді мүшесі болады. 1939 жылы байланысшы (телефонистка) болып істеген Мәлика ел басына күн туғанда Оралға келіп «Красный Октябрь» фабрикасына жұмысқа орналасады да, 1943 жылы соғысқа аттанғанға дейін осы жерде қызмет етеді.
Мәлика Тоқтамышева құрбылары Әлима Габдушева мен Мүслима Қожахметова үшеуі Оралдан майданға бірге аттанған еді. Олар Орталық мерген қыздар мектебінде бірге оқыды. Алайда, оған тағдыр құрбыларымен бірге аман-сау елге оралуды жазбады...
Курсты аяқтаған бір топ қыздармен бірге ефрейтор Мәлика Тоқтамышева 1944 жылы 2 наурызда І Балтық майданы, 145-атқыштар дивизиясы, 599-атқыштар полкына аттанады. Анасына айтқан уәдесін бұзбай майданнан үзбей хат жазып отырды. Енді мерген қыздың жауынгерлік өмірінің хабаршысындай болған сол хаттарға кезек берсек: «Біздің тұрған жертөлеміз жылы, төрт қыз бірге тұрамыз, біріміз апа, біріміз сіңілі сияқты өте татумыз. Бір күні жауды торуға шыққанбыз, фрицтің мергені бізді көріп қалыпты, оны менің серігім Люба мұрттай ұшырды. Одан басқа екеуміздің біреумізге қатер еді», дейді. Мәликаның үйіне жазған тағы бір сондай хатында: «Аңдуда отырғанда кірпік қағуға болмайды. Өйткені, сені де жау аңдуда. Бір мезгілде көзіме бір нәрсе қылаң ете қалғандай болған еді. Қасымдағы серігім Люба кірпігін қағуға келтірместен қағып сұлатты. Сұлай түскенін анық көрдім. Ол жалғыз емес. Серігін мен де күтудемін. Сұлағанның қасына біреу бауырымен жер сызып келіп аударам дегенде, өзі аударылып түсті. Бұл екеуі барлаушы тобынан екен. Бізге енді өте мұқият болу керек. Сол күнгі отырған жеріміз құтты болып санды он беске жеткіздім. Люба да қылт еткенін қиып түсіп, қайтып қарсы шықпайтын еткен көрінеді», деп қуанып жазады.
Ал 1944 жылы 1 май күні жазған хатында Мәлика: «Сендерден бүгін екі айдан бері күткен хатты алып, амандықтарыңды біліп, сондай қатты қуанып қалдым. Міне, қазір жорықтан келіп отырмын. Мереке құрметіне атқан фрицтердің санын санағаным жоқ, Люба екеуміз талайын жайраттық», деп мақтанышын да жасырмайды. Осы жазған хатынан соң көп кешікпей Мәлика 1944 жылы 6 май күні І Балтық майданы қолбасшысының №820 бұйрығымен «Ерлігі үшін» медаліне ие болады.
«Осы уақыт ішінде мен тағы да біраз фашисті жайраттым. Бұрынғыдай емес, енді олар бұғып, еңбектеп, жер бауырлайтын болды. Қорқақ қой өздері, олардың әрбір солдатының бейшара екеніне көзім анық жетті», деп жазған хаты Мәликаның үйіне жолдаған соңғы хаты болды. Осы хаттан кейін көп ұзамай ата-анасы Мәликаның мерген серіктесі Люба Крайнованың: «Сәлеметсіздер ме, қымбаттыларым. Мен Мәликаның жақын құрбысы едім. Екеуміз мергендер мектебін бірге бітіріп, майданға да бірге аттанғанбыз. Ұрыс шебіне де бірге шығып жүрдік. Амал қанша, сіздерге қайғылы хабар жолдап отырмын. 11 маусым күні Мәлика дұшпанды аңдып жүріп, неміс мергенімен бетпе-бет ұшырасып қалды. Қарғыс атқыр фриц алдымен аңғарып, атып үлгерді. Сөйтіп, Мәлика екі қастың ортасынан жараланды. Қазір госпитальда жатыр, жазылып қалар, уайымдамаңыздар», деп жазған хатын алады.
Өкінішке қарай, ауыр жараланған Мәлика арада үш күн өткен соң 1944 жылы 14 маусым күні қаза табады. «Ерлігі үшін» медалімен наградталған мерген Мәлика Тоқтамышованың денесі Витебск облысы, Городок ауданы, Большой городок селосында жауынгерлер зиратына жерленген.
Ел басына күн туған кезеңде Жайық бойынан майдан даласына аттанған, толарсақтан қан кешіп жүріп ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батыр қыздардың бірнешеуі туралы әңгіме қозғадық. Сұрапыл соғыста ерлігімен көзге түссе де, ерлігі елеусіз қалған басқа да жерлестеріміз жетерлік. Сын сағатта ерлермен бірге атқа қонып, қолына қару алған Алаштың мерген қыздарының ерлігін насихаттай білсек, бүгінгі өскелең ұрпақтың рухын көтеретіні анық.
Бақтылы БОРАНБАЕВА,
тарих ғылымдарының кандидаты
Батыс Қазақстан облысы