Қазақстан • 10 Мамыр, 2017

Барельефтегі бейне

300 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шолпан Сәдуова облыс орталығындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университеттің «Архитектура және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы. Мүсінші Шолпан жасаған барельеф тақтада бозбала жігіттердің ауылдан соғысқа аттанып бара жатқан сәттерінен бастап, ұрыс кезі және Мәскеуде «Жеңіс» деп айғалап тұрған қазақ солдаты бейнеленген.

Барельефтегі бейне

Бұл ескерткішті ауыл азаматы  Қиса­ми­ден Машеновтің бастамасымен   Нұр­е­кен-Есілбай елді мекенінің халқы өздері жа­сады деуге болады. Ауылда өскен, бү­гінде әр салада қызмет жасайтын азамат­тар да көмекке келді. Ақсақалдар да өз үлестерін қосты. Берік Әміренов деген аза­мат қаладан құрылысқа керек заттарды әкелді. 

Ал мұғалім, суретші, еркін күрестен спорт шебері Ақылбек Қабылбеков осы ескерткіштің сәулет жобасын жасап берді. Ақылбек «Даңқ» тақтасына со­ғыс­қа қатысқан ауыл майдангерлерінің аты жөндерін  үш ай бойы қашап жазумен айналысты. 

Сонау 1941 жылы Отан соғысына шағын ғана осы  ауылдан 241 жігіт  аттаныпты. Елге оралғаны 30-ға жетер­- жетпес. Оқ пен от кешкен ардагерлердің атта­ры ұмытылмасын деп, ескерткіш тақ­та­ға  «Ер есімі – ел есінде» деп жа­зылды.  

– Ескерткіш тақтаға ауылдан майданға аттанған  аталардың  бейнелерін  қашап, олардың тас мүсіндерін жасау оңай бол­ған жоқ. Аты-жөндері жазылған май­д­ангерлердің есімдерін оқыған кезде көзіңе жас келеді. Бір шаңырақтан 4-5 адам майданға аттанып, ешқайсысы оралмай, есігі мәңгі жабылған үйлер қалды.  Аталарымыз немістердің күшті қаруланған әскеріне қарусыз, мылтықсыз қарсы шыққан екен, – дейді бізбен әңгімесінде Шолпан Сәдуова. 

Отан соғысы тақырыбына  ар­нал­ған бұл ескерткіштегі тізім соғыс басталғанда шетте оқуда жүрген жерінен майданға алынған студенттерді, әскери борыштарын өтеп жүргенде сол жақтан соғысқа аттанғандарды да еске салады. Соның бірі Жәлел Қошқаров 21 жасында Брест қамалында қаза тапқан. Ауыл Жәлелдің әкесіне жалғыз ұлының қара қағазын бере алмайды. Қайран әке, өмір бойы  көз тігіп баласын күтумен өмірден өтіпті. Ал Қабдолла Нұрекенов 16 жасында  соғысқа аттанып, 18 жа­сын­­да Еуропа жерінде мәңгілікке қа­ла­ды. Ескерткіште бейнеленген тағы бір солдат  ол – Қабен Қабылбеков, 1939 жы­­лы әскер борышын өтеп жүргенде сол жақтан соғысқа аттанған. Екінші Ук­раина майданынан бастап бүкіл Еу­ро­паны соғыса жүріп жаяу басып өткен ба­тыр. 

– Ал менің әкем Ғайса Сәдуов осы ауылда 45 жыл тарих пәнінің мұғалімі бол­ды.  Әкем II топтағы мүгедек еді. Со­ғыс­та мерген болған адам, басынан жа­ра­қат алғандықтан өмір бойы ақ, қара, сұр түсті ғана көріп өтті. Әкемнің бейнесін ес­керткіште граната лақтырып тұрған сол­дат кейпінде тастан қашап, өзім жасап шықтым.  Бұл менің әкеме деген сағынышым, тағзымым еді. Әкемнің қасында пулемет атып жатқан солдат, ол – көршім Ишан Жағыпаров.  Ол кісі өте кішіпейіл еді. Түрін ойша есіме түсіріп бейнеледім, – дейді Шолпан.

Тақта алдында тұрып, үнсіз ойға қаласың. Соғыс бітіп, Мәскеуде «Жеңіс» деп айғалап тұрған қазақ солдаты «туған ауылыма жетсем» деп асығып тұрғандай елес берді.  Қолымен қашап, алыстағы со­ғыс өртін көрген аталардың бейнесін жа­сау да бір ерлік. Шолпанның бұл ғиб­рат­ты ісі көпке үлгі. Бұл ерлікке тағ­зым, аталарымыз мәңгі есімізде, жү­ре­гі­міз­де деген сөз. 

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,
Шарбақты ауданы