– Мәди, өзіңді толығымен таныстырып өтсең. Қай жерде туып-өстің? Қай мектепте оқисың? Футболмен қашаннан бері айналысып келесің? Қандай бапкерлердің тәрбиесін көрдің?
– Астана қаласында дүниеге келдім. Ата-анаммен бірге осында тұрамын. Қазіргі уақытта №7 мектеп-гимназиясында білім алып жүрмін.
Футболға бала күнімнен қызығатын едім. Теледидардың алдында отырып, матчтарды көріп болғаннан кейін армандайтынмын. Көкейімде футболшы болып, өз елімнің намысын қорғасам деген ой тұратын. Тоғыз жасымнан кәсіби түрде айналыса бастадым. Алғашқы бапкерім Вячеслав Прокопенко болатын. 12 жасымда Алматыдағы «Республикалық спорт колледжі» футбол академиясына ауыстым. Ол жақта Василий Маруняк есімді бапкердің қол астында жаттықтым. Шамамен екі жарым жыл маған білгенін үйретті. Кейінірек «Астанадан» шақырту түсті. Қазір елордалық клубтың сапында жүрмін.
– Биыл мектеп бітіресің. Алда жаңа форматта ҰБТ келе жатыр. Футбол мен сабақты қатар алып жүру қиын емес пе? Мектептен кейін қандай жоспарың бар?
– Иә, қазір 11-сыныпта оқып жүрмін. Рас, алдымда ұлттық бірыңғай тест тұр. Оңай болмасы анық. Футбол мен сабағымды қатар алып жүру қиынға соғатын кездер болады. Себебі, премьер-лиганың кезекті матчы үшін жиі жол жүріп кетемін. Футболшы болсам да озат оқушылардың бірі екенімді айта кеткім келеді. Сабағыма салғырт қарай алмаймын. Өзге қалаларда болғанда да жаттығулар арасында сабағымды оқып, ҰБТ-ға дайындала жүрем. Сынақ емтихандары кезіндегі нәтижем де нашар емес.
Көп нәрсе адамның өзіне байланысты ғой. Уақытымды тиімді пайдалануға тырысамын. Бәрі сәтімен болып, ҰБТ-дан қажет балл жинап шықсам, Қазақ Агротехникалық университетіне экономика мамандығына тапсыруды жоспарлап жүрмін.
– Небәрі 15 жасыңда премьер-лигада дебютіңді өткіздің...
– Иә, ол күн есімде. «Шахтерге» қарсы ойын болатын. Сол күнгі сезімімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Сірә, жер бетіндегі ең бақытты жандардың бірі болған шығармын. Ата-анамды да қатты қуанттым. Ал қазір «Астана» құрамында өзімді үлкен бір отбасының мүшесі секілді сезінемін. Қазақстан премьер-лигасындағы ең жас дебютант атанғанымды мәртебе санаймын.
Бұл күнді ұзақ күттім. Тынымсыз жаттығудың арқасында оған міне қолым жетті. Бұл үлкен футболға апаратын жолдың басы ғана екен. Алдыда қаншама биіктер тұр, ендігі міндет соны бағындыру.
– Станимир Стойловтың ұстаздығына қысқаша тоқтала кетсек.
– Станимир Стойлов білікті маман. Оның кәсібилігін бірінші күннен-ақ сездім. Әр футболшының кішкентай болса да кемшілігін назарынан тыс қалдырмайды. Ал мен тәжірибемнің жоқтығынан кей кезде қалай пас беру керектігін білмей қалып жатамын. Ол кісі бірнеше жаттығудан кейін менің осал тұстарымды көрсетіп, қалай жетілдіру керектігін айтып берді. Дайындық кезінде де, матч кезінде де қатты қадағалайды. Бапкерімнің ақыл-кеңесінің арқасында ақырын-ақырын өзімді дамытып келемін.
Сонымен қатар, әріптестерімнің бәрі тәжірибелі ойыншылар. Әрқайсысы қамқор болып, білгендерін үйретуге тырысады.
– Командадағы әріптестеріңнен кіммен жақсы араласасың? Қанша дегенмен жассың, қай футболшының ағалық қамқорлығы көбірек байқалады?
– Біз бір үлкен отбасы секілдіміз. Өзімді сол отбасының кенже баласындай сезінемін. Командадағы жасы ең кішісі болсам да бәрімен жақсы қарым-қатынастамын. Ағаларым секілді сыйлаймын. Ал сыйластық бар жерде түсінбеушілік болмайды. Жігіттердің өзара сыйластығы команданың нәтижесіне де оң әсерін тигізеді. Мәселен, матч кезінде жігіттер бір-бірін көзбен-ақ түсініседі.
Бізде негізінен тәжірибелі футболшылар жиналған. Әрқайсысы өз білгенін ортаға салады, үйренеді, үйретеді. Қысқасы бәрі бар.
– Бала күнінен футболмен айналысқандар көп. Өкінішке қарай, олардың бәрі кәсіби деңгейге көтеріле алмай жатады. Сенің ойыңша, кәсіби футболшы болу үшін адамға қандай мінез керек? Жалпы, футбол қаншалықты қиын сала?
– Иә, ол рас. Бала күнінде кәсіби түрде айналысып, кейіннен тастап кеткен таныстарым болды. Оларды болашақта еліміздің мықты ойыншылары болады деп ойлаушы едім. Бірақ қиындықтан қашқаннан кейін бәрі де бекер екен. Футболда бір ғана талантпен шектеліп қалу мүмкін емес. Құдай берген дарынды күн сайын дамытып отырмаса бәрі бос. Күн сайын бірнәрсені үйренуге ұмтылу керек. Талаптанушылардың көбі, әсіресе өтпелі кезеңде алған бағыттарынан жаңылып жатады. Артық жүріске салынып, жаттығуларға қатыспайды. Ал футболға салақ қараған адамды бапкер де ұнатпайды. Сонан кейін ақырын-ақырын ығысып, басқа жаққа қарай кетеді. Одан бөлек, үй ішінде ата-анасынан қолдау көрмейді. Міне, осылайша талай дарынды жігіттер өздерін жоғалтып алды.
Адам осы салаға келгеннен кейін тек қана футболды ойлағаны жөн. Матч кезінде жіберген қателіктерін бейнеқайталаудан көріп, жаттығу кезінде сол жерін жетілдіруі қажет. Кәсіби деңгейге көтерілу үшін адам бойында ерік-жігер болуы керек. Бапкердің айтқанын мүлтіксіз орындап, өзіңді-өзің дамытуға бар жігеріңді аямауың керек. Міне, сонда кәсіби дәрежеге ақырындап көтеріле бересің.
Жалпы айтқанда, оңай сала жоқ қой. Футболдың да өзіндік қиындықтары жетерлік. Ойламаған жерден жарақат алып қалуың мүмкін, біраз уақытың емделуге кетеді. Содан кейін бұрынғы деңгейіңе қайта көтерілу де оңай емес. Бұл футболдағы қалыпты жағдай. Оның бәріне мойымауың керек.
– Ауыр жарақат алу өз басыңды болды ма? Бұл футболға деген көзқарасыңа қалай әсер етеді?
– Құдайға шүкір, ауыр жарақат алған кезім болмапты. Ал футболды тастау туралы ой мүлдем басыма келген емес. Бала күнгі арманымды жүзеге асыру үшін тынбай еңбектеніп келемін.
– Отбасыңда ата-анаңның футболға деген көзқарасы қандай? Футболмен кәсіби түрде айналысуыңа қарсы болмады ма?
– Бізде «балам оқысын» деген түсінік қалыптасып қалғаны белгілі. Бірақ менің футболға деген құштарлығымды біліп, кәсіби түрде айналысуыма көмек берген – әке-шешем. Ол кісілер қолдамаса, қазіргі күнге жетуім екіталай еді. Қандай жағдай болсын, мен қандай шешім қабылдасам да, таңдауыма құрметпен қарайды.
Әкем футболға жаны құштар адам. «Астананың» матчтарын жібермей көреді. Өзі жете алмаған биіктен менің көрінгенімді армандайды. Уақыты болса, жаттығуымызды сырттай бақылап кетеді де, кешке қарай дастарқан басында күндіз жіберген қателерімді айтып, ой бөлісіп отырады.
– Ересектер футболына көтерілу қаншалықты қиын? Бірінші командада осыған дейін қанша ойын өткіздің?
– Әрине, мұндағы деңгей мүлдем бөлек. Өз қатарластарыңмен ойнап жүріп, үлкендер арасына бірден сіңіп кету оңай шаруа емес. Жылдам ойлап, тез шешім қабылдау, өзіңе-өзің сенімді болу – басты шарт. Бірінші командада қарап отыруға болмайды. Алаңда көбірек уақыт өткізу үшін жаттығу кезінде өзіңді жақсы қырыңнан көрсетуің керек. Бапкеріңнің көзіне түсу тынымсыз еңбекті қажет етеді.
Негізгі командамен әзірге бес ойын өткіздім. «Астана» секілді клубта 17-18 жастағы футболшының бес матчқа қатысуы үлкен жетістік. Биылғы маусымда алаңға көбірек шығамын деп үміттенемін. Бәрі өзіме байланысты.
– Футболдағы кумирің кім?
– Шынымды айтсам, футболда кумирім жоқ. Еуропадан Лионель Месси, Марко Ройс, Неймар, Андрес Иньеста, Давид Сильва сынды футболшылардың ойындары ұнайды. Өзім жартылай қорғаушы болғандықтан осы позициядағы футболшылардың ойынына көбірек мән беремін.
Өз елімізде де білікті ойыншылар көп. Маған бұрынғы әріптесім, қазір АПОЭЛ-де жүрген Роджер Каньястың ойыны қаттырақ ұнайды. Сол жігітті өзіме үлгі тұтатынмын.
– Бірер жыл бұрын жастар арасында Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне қатыстыңдар. Өкінішке қарай, бәрінде де ірі есеппен ұтылдыңдар. Сенің ойыңша, Еуропа жастары сендерден қай жағынан мықты болды?
– Шыны керек, біздің футбол мен Еуропа футболының айырмашылығы жер мен көктей. Жастар арасындағы Чемпиондар лигасында бізге тәжірибеміздің жоқтығы мен сенімсіздігіміз себеп болған сияқты. Көш жүре түзеледі ғой. Көп ұзамай біздің де футболымыз олармен иық тірестіретіндей жағдайға жетеді деп үміттенемін.
– Болашаққа қандай жоспарың бар? Нені армандайсың?
– Арманым да, жоспарым да көп. Еуропада ойнап, тәжірибе жинағым келеді. Ұлттық құраманы өрге сүйрейтін жігіттердің бірі болуды армандаймын. Өз елімді әлем, Еуропа чемпионаттарына жетелесем деймін. Ол үшін жатпай-тұрмай дайындалуым керек.
– Сұхбатыңа көп рахмет!
Әңгімелескен
Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»