Одан кімге пайда, кімге зиян?
Бүгінде жанар-жағармай проблемасы елдегі ең өткір мәселелердің біріне айналып тұр. Сондықтан оның төңірегіндегі әңгімелер де ауық-ауық өрши түсіп, көпшілік назарын өзіне еріксіз аударып тұрады. Бір айта кетерлігі, жанар-жағармай тапшылығы мен оның бағаларының дүркін-дүркін өсіп кетіп жатуын қалың жұртшылыққа түсіндіру өте қиын түйінге айналуда. Оған біз мұнай өндірісінен әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің санатындамыз, жеріміз көмірсутегі шикізатына бай деп жиі-жиі, кейде орынды-орынсыз қайталуымыз да себепкер болатын сыңайлы. Өйткені, осындай тоқмейіл сөздерді естіген жұрт шынымен де мұнайға бай болсақ, бензин неге ағыл-тегіл ағып жатпайды, оның бағасы неліктен қымбаттай береді деген сауалдар қояды. Ойланып қарасақ, халықтың өкпе-назы нақа негізсіз де емес сияқты. Айналайын немістер мен жапондардың ескі-құсқы машиналары біздің ағайындарға жарық күнде қолыңа май шам алып іздесең таптырмайтын оңай «олжа» болды. Көнені менсінбейтін кірпияз шетелдіктердің мерзімі өтті деп «утильге» тапсырған автомобильдерін «жұмыртқадан жүн қырыққан» алыпсатарлар сутегін дерлікке алып келіп, үстіне 2-3 есе үстеме қосып біздерге сатады. Біз болсақ, азғантай ақшамыздың жеткеніне тәубе деп, жерден жеті қоян тапқандай қуанамыз. Сөйтіп, біреулердің «тастандысы» екенінде шаруамыз жоқ, «иномарка» міндік деп шіренеміз. Ал ол «иномаркаға» бензин керек. Машинаны арзанға алғанымызбен, оның күнделікті «тамағы» қымбаттап барады. Осыдан келіп шу шығады... Бензинді Үкімет белгілеген бағадан жоғары бағаларға сатып, бұрмалаушылыққа жол берудің 112 фактісі анықталды, деп мәлімдеді BNews.kz студиясында өткен онлайн-конференция барысында Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаев. Төрағаның айтуынша, тек ірілер ғана емес, сонымен бірге жанар-жағармай сатумен айналысатын компаниялардың бәрі де осындай бұрмалауларға, яғни тәртіп бұзушылықтарға жол берген. Сөйтіп, жанар-жағармайдың әр литріне 2-3 теңгеден қосылып отырған. Осындай жәйттерді айта келіп, М.Есенбаев бұл сияқты тәртіп бұзушыларды жазалау керек екендігін де ескерте кетті. Бірақ бағаларын күн сайын дерлік құбылтып тұратын автомобильдерге май құю стансалары қожайындарының жазалаудан қаймығатын түрлері көрінбейді. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов шілде айында өткізген онлайн-конференция барысында-ақ жанар-жағармай сатумен айналысатын кейбір компаниялардың қызметтерін тексеріп, бағаның көтеріліп кете беру жағдайын анықтау жөнінде тапсырма берген болатын. Бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының жоғарыдағы жәйттерді 22 тамыз тамыз күні айтқанын ескерсек, саудагер компаниялардың ескертпелерден қорытынды шығаруға асықпайтыны көрініп-ақ тұр. Бір қызығы, жанар-жағармай сатушылар небәрі 2-3 күнге ғана бағаны өсіргеннің өзінде шаш-етектен пайда тауып шығады екен. Автомобиль иелері болса, амалсыздан әмияндарын жұқартады. Ал ондай кездердің болғанын біз жақсы білеміз. Бұл да бүгінгі заман тудырған қулықтардың бірі. Бәсекелестікті қорғау агенттігі елдегі мұнай өңдеу зауыттарын да жазаламақ ниетте. Сөйтсе, олар көтерме бағамен сатушыларға жанар-жағармай бермей қойыпты. Сондағы айтатындары, біз егін орағы науқанына жұмыс істеп жатырмыз деген желеу көрінеді. Бұл туралы да жоғарыда өзіміз келтірген онлайн-конференция барысында белгілі болды. Мұнай өңдеу зауыттарының мұндай әрекетін агенттік олардың өз үстемдіктерін пайдалану арқылы рынок субъектілеріне қысым жасаушылығы ретінде бағалап отыр. Сондықтан бұл мәселе бойынша да тергеу жүргізілмек. Төрағаның айтуынша, өңірлердің әкімдері күзгі жиын-терінге қажетті дизель отыны мен жанар-жағармайды кем дегенде 90 пайызға қамтамасыз еткен. Олай болса, бұл тұрғыда ешқандай проблема туындауға тиіс емес. Айта кету керек, қазақстандық жанар-жағармай құю стансалары баға бойынша өзара ымыраластыққа барып отыр деген әңгіме бұған дейін де естілген. Ол нендей ымыраластық? Ол дегеніміз, жанар-жағармай құю стансаларының ортақ бір бағаға өзара келісуі деген сөз. Әрине, ол бағаның Үкімет белгілегеннен аз да болса жоғарырақ екені түсінікті. Мәселен, өткен шілде айында «Аурика», «Асқар Мұнай Трейд» ЖШС-лар мен «Гелиос» ЖШС филиалының АИ-92 бензиніне өзара «ауызжаласа» отырып баға қоюда бәсекелестікке қарсы әрекеттерге барғаны белгілі болған еді. Әлгі компаниялардың бірі бензиннің сатып алу құны 1,1 пайызға көтерілген кезде осы бензинді 10,7 пайызға өсіре отырып сатуға шығарған. Осы ретте, олар бағасы 1,1 пайызға көтерілген бензинді сатып алған кезде, олардың өздерінде бұрынғы баға өспеген кезде алынған бензиннің қалғанын да ескеру қажет. Іс жүзінде ол бензин де қымбаттатылған бағамен сатылған. Тексеру қорытындылары биылғы жылдың мамыр-шілде айларында АИ-80, АИ92/93, АИ95/96 маркалы бензиндер мен дизель отынына өзара ымыраласқан баға белгілеудің Ақмола және Қарағанды облыстарында да орын алғанын анықтаған. Бензин бағаларының 112 теңгеден 130 теңгеге дейін жетіп, орын алған тапшылық салдарынан кейбір өңірлерде үлкен сұранысқа ие бензин маркаларының талонмен берілгені де дәл осы шақ. Мәселен, шілде айында Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында осындай жағдайдың қалыптасқаны бізге мәлім. Қалай дегенде де, жанар-жағармай бағалары төңірегіндегі әңгіменің басылар түрі байқалмайды. Осыдан сәл ғана бұрын Қазақстан Үкіметі қыркүйек айынан бастап, жанар-жағармайдың бөлшек саудадағы шекті бағасын 12-14 пайызға өсірмек ниетте деген де қауесет тараған. Олай болған күнде жиі қолданылатын АИ-92 маркалы бензиннің 1 литрінің бағасы 120 теңгеге жетуге тиіс еді. Күні кеше ғана Мұнай және газ министрлігі қыркүйекте республика аумағында бензин бағасының қымбаттамайтындығын хабарлады. Мұндай ақпаратты аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, Tengrinews.kz сайты таратқан. Сөйтіп, қыркүйек айында да, егер министрлік уәдесінде тұрса, АИ-92 бензинінің бағасы (1 литр үшін) 106 теңге, АИ-80 – 86 теңге, дизель отынының литрі 90 теңге болып қала бермек. Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы М.Есенбаев жоғарыда өзіміз атап көрсеткен онлайн-конференцияда агенттіктің Ресеймен шекаралас аймақтарда бензиннің талон бойынша сатылып жатқанына көз жұма қарап отырғанын да жасырған жоқ. Іс жүзінде рынок субъектілеріне қысым жасаушылық болып саналатын мұндай әрекеттер жазалануға тиіс. Дегенмен, шекаралас аймақтарда ішкі рынокты қорғаудың өзгедей тетіктері табылмағандықтан агенттік осындай қадамға баруға мәжбүр болып отыр. Осы ретте мәселенің екінші бір қыры бой көрсетеді. Ол – ресейліктердің Қазақстанға келіп арзан бензинді жаппай сатып алып жатуы. Мұндай жағдайдың әсіресе, шекараға жақын өңірлерде жиі орын алатындығы айтпаса да түсінікті. Ресейлік алыпсатарлар Қазақстанда бензин тапшылығын туғызып отыр деген қауесеттің шығуы да осындай себептерге байланысты болса керек. М.Есенбаевтың айтуынша, ішкі рынокты қорғаудың бірден-бір жолы жанар-жағармай шығару көлемін барынша ұлғайту. Бірақ ол үшін уақыт пен қаржы қажет. Төраға ахуал ушыға берсе әкімшілік шараларды пайдалануға баратынын да жоққа шығармайды. Өйткені, бүгінде Қазақстандағы бензин бағасы Ресейдегіге қарағанда 30 пайызға төмен болып отыр. Көршілердің көзқұртына айналып отырған да бағадағы осындай айырмашылық. Ортақ Кеден одағына бірігіп отырған елмен арадағы бағаның ала-құла болуы, әрине, проблема тудырмай қала алмайды. Өзгені былай қойғанда, мұндай жағдайдың алыпсатарлыққа кең жол ашу ықтималдығы да үлкен. Шекаралас өңірлердегі жанар-жағармай сатушы компаниялардың өз тауарын қазақстандық тұтынушыларға арзан бағаға сатқаннан гөрі, ресейліктерге аз да болса қымбатыраққа сатқанды жөн көрмесіне кім кепіл? Оның үстіне өздеріндегі бағаның одан қымбат екенін білетін және өзге мемлекеттің азаматтары болып табылатын ресейліктер Қазақстанда жанар-жағармай қымбат деп ешкімге шағым да жасап жатпайды. Осы орайда Ресейде баға неліктен қымбат деген сауал туындамас үшін, ол елде еңбекақы мен зейнетақының да жоғары екенін еске сала кету орынды. Сол себепті де кейбіреулердің Ресейде жанар-жағармай бағалары жоғары, біз де солай жасауымыз керек деген сөздері көңілге қонымды бола қоймайды. Мойындауымыз керек, жоғарыда келтірілген деректер Қазақстанда неліктен жанар-жағармай бағалары ара-тұра болса да көтеріліп кетіп жатады деген сауалға толыққанды жауап бере алмайды. Анығы біреу, ол – осы іске жауапты компаниялардың бағаны жасанды түрде өсіруі. Осындай бұрмалауларға бара отырып, олар тіпті Үкіметтің ескертуіне құлақ асуды да қажет деп таппай отыр. Бәлкім осы жерде біз білмейтін, түсінбейтін басқа да бір сыр бар шығар? Рас, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының ішкі рынокты толық қамтамасыз ететіндей өнім шығара алмай отырғаны бұрыннан белгілі. Біз бұл жерде бірқатар көрші елдердің бензиннің экологиялық жағынан таза болып табылатын Еуро-4 және Еуро-5 стандарттарына көшіп жатқанын тіпті айтып та жатқан жоқпыз. Біздің көнтерілі тұтынушылар да бізге жоғары сапалы бензин тауып бер деп ешкімді мазалаған емес. Дәл қазір олай болмайды да. Мәселе, тек ішкі рынокты мұнай өнімдерімен қажетті көлемде қамтамасыз ету жөнінде ғана болып отыр. Ал оған тағы не кедергі? «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында өндірген мұнайы мен газ конденсатының көлемі 0,5 пайызға кеміп, 10,67 миллион тоннаны құраған. Бұл мәліметтер компанияның қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындылары баяндалған баспасөз-парақшасынан келтіріліп отыр. Оны таратушы – «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың баспасөз қызметі. Онда үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне қарасты мұнай өңдеудің шоғырландырылған көлемінің 7,4 миллион тоннаны құрағаны, оның өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 5 пайызға аз екені де көрсетілген. Бірақ бұл жәйттер де елдегі жанар-жағармай көлемінің азаюына, әсіресе, бағаның өсуіне себепкер бола алмайды. Олай болса, мәселенің мәнісі неде? Әлде осының бәрі елде бензин шығарудың кеміп кетуінің салдарынан туып отыр ма? Олай дейтініміз, ҚазТАГ Статистика агенттігінің ай сайынғы есебіне жүгіне отырып, осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанда бензин шығару көлемі 1,48 миллион тоннаны құрады, ал ол 2010 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда, 15,9 пайызға кем деген ақпарат таратқан. Керосин шығарудың 24,5 пайызға азайғаны туралы да дәл осы құжатта келтірілген. Бұл көрсеткіштердің ішкі рынокты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету ісіне қаншалықты әсер ете алатыны бізге, әрине, беймәлім. Белгілісі – осы шағын мысалдардың өзінен-ақ аңғарылғандай, көмірсутегінің мол қоры бар елдің бензин тапшылығын сезінуі. Ал оны қандай да бір себеп-сылтаулармен дәлелдеп алудың қиын екендігін де айрықша атап көрсеткен жөн. Сонау кеңестік кезден келе жатқан үш мұнай өңдеу зауытына соңғы жиырма жылда жаңадан, ең құрығанда, бір кәсіпорынның қосылмауын да үлкен олқылық ретінде қабылдаған дұрыс. Иә, жанар-жағармай төңірегіндегі әңгімелердің әзірге саябырситын түрі жоқ. Оған, осы мақаланың басында өзіміз тоқталып өткендей, отандастарымыздың шетелдік көнерген көліктерді арзанға сатып алып, бас-басына машиналы болуы да өз «үлесін» қосып жатқан болуы мүмкін. Сонымен бірге, осы автокөліктердің көптеген ағайындарымыз үшін күнкөріс құралына айналып отырғаны да шындық. Автомобильдің елді мекендердің бәріне бірдей автобустар қатынай бермейтін қазіргідей заманда таптырмас көлік екенін былай қойғанда, біреулер онымен жолаушылар тасымалдап табыс тапса, енді біреулер, әсіресе, ауылдардағы жұмыссыздар шалғайдағы елді мекендерден өздері өндірген өнімдерін қалаларға жеткізіп, саудалау арқылы күнделікті ішіп-жемін айыруда. Демек, орыс ағайындар айтқандай, автомашина бүгінде сән-салтанат үшін емес, тіршілік үшін қажет қозғалыс құралына айналып отыр. Олай болса, жанар-жағармай бағаларының қымбаттай беруінің «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқтықтан жүгенсіз кеткен алыпсатарлардың қалталарын қалыңдатқанымен, қарапайым халыққа едәуір соққы болып тиетіні де еш құпия емес. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.Сенаторлар «Келешек» жинақтау жүйесіне қатысты заңды мақұлдады
Сенат • Бүгін, 22:00
«AMANAT»-та «Ұлы дала» әдеби байқауы қорытындыланды
Руханият • Бүгін, 21:52
Деректер журналистикасы бойынша оқу курсының таныстырылымы өтті
Аймақтар • Бүгін, 21:00
Мемлекет басшысы Талдықорғандағы Үстел теннисі орталығын аралап көрді
Президент • Бүгін, 19:45
«Egemen» де, домбыра да сыйлады
Руханият • Бүгін, 19:30
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жетісу» волейбол клубының жай-күйімен танысты
Президент • Бүгін, 19:00