Қазақстан • 10 Мамыр, 2017

«Қазпошта» 3D-баспа өнімін шығармақ

471 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің үшінші жаңғыруының бірінші басымдығын жүзеге асыру үшін 3D принтинг секілді келешегі зор салаларды дамыту мақсатында «Қазпошта» АҚ-ның Алматы қаласындағы орталығында Сүлеймен Демирел университетінің қатысуымен 3D-зертханасы ашылды.

«Қазпошта» 3D-баспа өнімін шығармақ

Зертхананы таныстыру шарасына «Қазпошта» АҚ Инновациялар және ақпараттық технологиялар жөніндегі директоры Нариман Мұқышев, Деректерді басқару департаментінің директоры Бақтияр Мұхаметқалиев, Сүлеймен Демирел университетінің оқу ісі жөніндегі бірінші проректоры Салтанат Әмірғалиева, компьютерлік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Мәдина Әлиманова, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Мақсат Мұсабеков, корпоративтік даму менеджері Махмұт Томанов қатысты.

«3D-баспа – қазіргі кезде медицина, құрылыс, жобалау және басқа да салаларда қарқынды дамып келе жатқан революциялық технология екені сөзсіз. Қазақстанда да осы технологияны дамытудың маңыздылығын түсіне отырып, біз бүгін Қазпоштада 3D-баспа зертханасын аштық. Біздің басты мақсатымыз – 3D-баспамен неғұрлым көп адамдарды таныстырып, олардың кез келген шығармашылық идеяларын іске асыруға көмектесу. Бұл зертхана экономиканың осы бағытын дамыту жолындағы үлкен қадам болады деп ойлаймын», деді Нариман Мұқышев.

Сүлеймен Демирел университетінің Ағатаев Асылжан, Тоқманов Бауыржан сынды өнертапқыш студенттері жасаған 3D принтерді жалға алу арқылы аталмыш зертхана жұмысына студенттерді жұмылдыра отырып, оларға техникалық қолдау көрсетуді, шығыс материалдарымен қамсыздандыруды мойнына алған «Қазпошта» енді 3D өнімдеріне тапсырыс ала бастамақ. Ал университ студенттері өз кезегінде, 3D-зертхана базасында жаңа технологияларды сынақтан өткізіп, өз жобаларын ақшаға айналдыру мүмкіндігіне ие болмақ.

Виртуалды 3D-үлгілердің негізінде көлемді заттарды басып шығаратын 3D-принтер жай қағаз парағын басып шығаратын кәдімгі принтерге қарағанда үш өлшемді ақпаратты көзбен көріп, қолмен ұстауға, нақты бір физикалық пішіндерді, бұйымдарды жасап шығаруға  мүмкіндік береді.

«Қазпоштаның» Алматы орталығында ашылған бұл 3D-зертханасы қазақ тілінде Брайль қарпімен кітаптар шығару, кәдесыйлар, кілт ілмектері, ойыншықтар, көзілдірік жиектемелері және өзге де бұйымдарды, тұтынушылар тапсырыс берген 3D-үлгілерді басып шығаруды негізгі бағыттар етіп алмақ.

Зертхана қызметтерін кез келген азамат қолдана алатынын айтқан пошта қызметкерлері тек алдымен postmarket.kz сайтына кіріп, қажетті модельдің үлгісін таңдап, басып шығаруға тапсырыс жіберу жеткілікті дейді. Басып шығарылған үлгіні Қазпошта қызметкерлері өтінімде көрсетілген мекен-жай бойынша жөнелтпек.

«Сайтта көрсетілген үлгілерден өзге, 3D-үлгінің нұсқасын немесе жай ғана суретті жіберуге болады. Олардың негізінде студенттер үш өлшемді үлгі жасап, тапсырысты орындайды. 3D-үлгілердің құны клиенттер тапсырыс берген кезде есептеледі», дейді Салтанат Әмірғалиева.

«Қазпошта» АҚ алдағы уақытта Астана қаласында да 3D зертханасын ашуды қолға алмақ.

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»