Қазақстанның құрметті сәулетшісі Сайын Назарбекұлы Каспий жанындағы ең үлкен үңгірді ғимарат ретінде қолдануды ұсынып отыр. Абай Құнанбайұлы мен Домалақ ана кесенелерін қайта жаңғыртқан танымал архитектор жоспарына қала әкімдігі қолдау білдірді. Ұзындығы – 70, биіктігі 2 метрлік үңгір ортасына тастан киіз үй пішіндес ғимарат салынып, ішіне қазақтың көне жазулары қашалып түсірілмек. Мемлекеттік және ағылшын тілдерінде жазылатын деректерден ерте заманғы Шумер жазбаларынан бастап Күлтегін, Орхон-Енисей, Тоныкөк жазуларының, Іле бойы, Қаратау мен Маңғыстау жеріндегі шар тәріздес тастарда бейнеленген таңбалар тарихын көруге болады.
«Мәдениет сөйлеуден басталады, екінші – жазудан. Сонда біздің сөзіміз 5500 жыл бұрын өмір сүрген шумерлердің тілінде жүрсе, біздің жазуымыз сол заманнан бері жалғасып келе жатса, қазақ халқынан ұлы халық бар ма? Жоқ. Ең ұлы халықтардың біріміз. Соны жастардың жүрегіне сіңіру керек. Елбасы айтып отыр ғой «Мәңгілік ел боламыз» деп. Мәңгілік елдің белгілері осы», деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сайын Назарбек.