Алдағы уақытта ала шапанды ағайындармен достық қарым-қатынас күшейіп, өндіріс, ауыл шаруашылығы, сауда-саттық салаларында да көптеген нәтижелерге қол жеткізілетін болады. Осы мақсатта Өзбекстан Республикасы Жизақ облысының әкімі Ұлықбек Ұзақов бастаған топ Әулиеата өңіріне келді. Құрметті қонақтарды Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жамбыл облысының Жуалы ауданының шектесер тұсынан облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бастаған жамбылдықтар күтіп алды.
Ұлықбек Юлдашұлы бастаған арнайы топ әуелі Жуалы ауданының іргесінде орналасқан «Бурное Солар-1» кешенінде болды. Индустрияландыру картасына енген ірі жобамен танысқан соң, делегация мүшелері Жамбыл ауданындағы «Айша бибі» кесенесіне келді. Жизақтықтар ортағасырлық көне жәдігермен танысып, кесененің сәулеттік ерекшеліктеріне қызығушылық танытты. Сондай-ақ, Айша бибі мен Бабаджа хатун рухтарына тағзым етті.
Жамбыл мен Жизақ достығының негізгі мақсаты – өзара кәсіпкерлікті дамыту. Бұдан кейін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев құрметті қонақтарды Тараз қаласындағы «Арай плаза» кешенінен күтіп алып, аталған нысанда екі тарап кәсіпкерлері кездесу өткізді. Мұнда да екі облысқа ортақ мәселелер талқыланып, кәсіпкерліктің кең қанат жаюына мүмкіндіктер қарастырылды.
Сонымен қатар, жизақтық өкілдер «Қазақ хандығына – 550 жыл», «Тәуелсіз Қазақстан» монументтеріне, «Тараз-Арена» спорт кешеніне, Назарбаев зияткерлік мектебіне және басқа да нысандарға барып, өңір әлеуетімен танысты. Өзбекстандық азаматтардың арнайы іссапары екі күнге жалғасты. Екінші күні Тараз қаласындағы «Достық үйі» кешенінде Жамбыл және Жизақ облыстары әкімдерінің қатысуымен өңіраралық экономикалық ынтымақтастық туралы жиын өтті. Жиында Кәрім Көкірекбаев сөз алып, екі облыстың ынтымақтастығын дамыту жөнінде өз ойын ортаға салды.
«Ежелгі Тараз жеріне қош келдіңіздер! Екі елдің ежелден тарихы – ортақ, тамыры – бір. Біз – мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен салт-дәстүрі қатар дамыған, ынтымағы мен бірлігі жарасқан халықтармыз. Бұрыннан ауылы – аралас, қойы – қоралас жатқан, төскейде малы, төсекте басы қосылған елміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа әрдайым ерекше көңіл бөледі. Екі ел арасында орныққан өзара әріптестік бүгінде облыстар арасында өз жалғасын табуда», деді әкім. Өз кезегінде Ұлықбек Ұзақов та жамбылдықтарға өз ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да екі облыстың байланысы беки түсетінін жеткізді.
Бұдан кейін Жамбыл мен Жизақ басшылары өңірлер арасында экономикалық байланыс бойынша меморандумдарға қол қойды.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»