«Бұл картаға мультимедиялық құрылымдар арқылы электронды қолжетімділік, яғни, навигациялық жүйе және интернетпен нысанның орналасқан орны туралы мәліметті білуге болады, деді министр. Сондай-ақ еліміздегі ғажайып тарихы бар киелі жерлерге қазақстандықтардан гөрі шет елдіктердің көбірек келетінін жасырмады. Сондықтан Қазақстанның сакральді картасы алдымен өзімізге, өз елімізді тереңірек тану үшін керек», деді министр.
А.Мұхамедиұлы Жолдауда ведомства алдына ішкі және сыртқы туризмді жаңғырту бойынша ауқымды міндеттер қойылғанын, соңғы 5 жылда туризм бойынша ішкі өнімнің өсімі 15 пайызды құрағанын атап өтті. Бүгінде бұл салада 530 мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Барлық шаралар Мемлекет басшысының қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып келеді, деді министр. Сондай-ақ жуырда ғана Елбасы қол қойған «Мәдениет туралы» жаңартылған заңнамада мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға арналған қаржыландыру көздері анағұрлым артқанын, театрлар мен музейлер үшін мемлекеттік сатып алу барысы жеңілдетілгенін жеткізді.
Жақында біз Премьер-Министр кеңсесіне 2020 жылға дейінгі туризмді дамыту тұжырымдамасын ұсынамыз. Мұнда барлық қадамдар қамтылған. Туризмге елімізді жаңғыртудағы негізгі саланың бірі ретінде басымдық берілгені қуантады. Бұл – бүкіл әлемде тартымды, табысы мол сала. Елімізде өткен қысқы Универсиада туристерді тартуды, елімізді таныстыруды көздеді. Универсиада кезінде әлемдік спорт арналары тәулік бойы елімізден хабар таратты. Бұл кезде миллиардтаған телекөрермендердің назары бізге ауды. Қазір Алматы қаласына, ондағы қысқы спорт түрлерін дамытуға ерекше ықылас бар. Тіпті, Қытай құрамасы да қысқы Олимпиадаға Қазақстанда дайындалуға қызығушылық танытып отыр, деді Мәдениет және спорт министрі.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»